«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ әдебиетінің классигі

Қазақ әдебиетінің классигі
Ашық дереккөз
Қазақ әдебиетіне өз туындыларымен үлес қосумен қатар, ауыз әдебиетін зерттеп, тың деректерді дәлелдеп ашқан ғалым, жазушы Мұхтар Мағауиннің туғанына биыл – 85 жыл. Мерейлі жасқа жетер шағында арамыздан кеткен жазушы артында мағыналы шығармаларымен өшпес із қалдырды. Өзі болмаса да туындыларын танытып, жас буын классик жазушының мерейлі жасын портреттік кешімен атап өтті.

«Мұхтар – қазақ әдебиетінің тарланы» атты портреттік кешті Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы №67 орта мектепте өткізді. Әдеби жиын оқушылардың белгілі қаламгер Сағат Арынұлының Мұхтар Мағауинге арнаған өлеңін мәнерлеп оқуымен басталды. Жазушының ғылыми мұрасын, шығармаларының мәнін ұғындырып, келешек ұрпақтарға жеткізуді мақсат еткен кеште №67 орта мектептің 8-сынып оқушылары жазушының өмірбаянын жатқа айтып, тұлға туралы зерттегендерін байқатты.

Мұхтар Мағауин шығармашыл қабілетімен, ізденімпаз зерттеушілігімен бірнеше қазақ баспасөзінің бас редакторы қызметін атқарды және филология ғылымының докторы атанды. Еңбегі еленіп, Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері болды. Ол алғаш рет баспасөз бетінде 19 жасында көрініп, талантын танытты. Шығармалары орыс тілі, шетел тілдерінде аударылып, басылды. Жазушының қай шығармасы болмасын жұртшылық жүрегінен жол тауып, әдеби сыннан әділ баға алған туындылар. Бұл сөзімізді қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «М.Мағауин – орнықты дарын, үлкен талант» дегені дәлелдейді.

Оқушылардың ізденісті еңбектерімен портреті жасалған Мұхтар Мағауин туралы естелік әңгімені «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы да айтып берді.

– Оқушы кезімде Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесін оқыдым. Маған қатты әсер етті. Барлық кезеңде де адамдар арасында нәсіліне, ұлтына қарай бөлінушілік кездеседі. Ал, Мұхтар сол құбылысты өзгертетіндей дүние жазды. Повесть балалар туралы, бірақ жеңіл-желпі дүние емес, колхозшылардың, басқарма басшыларының, ауыл қарияларының болмысын айқын көрсете жазып, барлық бала бірдей екенін туынды арқылы береді. Сіздерге тарихтан белгілі, Ұлы Отан соғысы жылдарында әлемнің әр түкпірінен түрлі ұлттың өкілдерін Қазақстанға жер аударып, алып келген. Олардың ішінде ата-анасынан айырылып қалған жетім балалар да болды. Қазіргі біздің елдегі түрлі этнос өкілдері солардың ұрпақтары. Жер аударылып келген жетім балаларды ұлты бөтен демей, біздің халық бауырына басып, өз баласындай қабылдады. Міне, «Бір атаның балалары» повесінде осыны айқын көрсетеді. Сол туындыда Ақан есімді ақсақал өзінің үш баласын бірдей соғысқа аттандырып, айырылып қалып, немістің жетім баласын бауырына басады. Ол арқылы жазушы қазақтың кекшіл емес, кең пейілді екенін, жатты да бөтенсінбей бауырына тартқан, меймандос жан жылуын жазған. 1988 жылы «Жалын» баспасы жариялаған шығармашылық бәйгесінде менің «Елгезек бағдаршам» атты шығармам 2-орынды алды. Кейін естідім, менің шығармамды жоғары бағалап, жүлдеге лайық деп таныған Мұхтар Мағауин екен. «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып жүргенімде іздеп барып, ризашылығымды айттым. Сол кездесуде оның жоғары адамгершілігіне, қарапайымдылығына тәнті болып қайтқаным бар. Міне «Жақсының аты өлмейді» деген, өзі өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінгі жас буынның жадында жаңғырып отыр, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Ал, Мұхтар Мұқанұлының қазақ ауыз әдебиетін зерттеген еңбектері жөнінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің оқытушысы филология ғалымдарының кандидаты, профессор Меңдібай Әбілов әңгімеледі.

– Еңбектері жан-жақты зерттеліп, портреті айқындалып отырған бүгінгі кеш кейіпкері Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетін дамытуда ғылыми зерттеулерімен де елеулі үлес қосқан ғалым. Ол тек жазушы емес, жанкешті қаламгер. Батыста Еуропа ғалымдарының үлкен ұйымы бар, олар ғылымдағы жетістіктерді, елеулі өзгерістерді өздеріне тели береді. Түркітілдес елдерді мал бағумен жүрген, әдебиеті, мәдениеті жоқ деген түсінікте болды. Осы ұғымды Мағауин өзінің тынымсыз зерттеу еңбектерімен бұзды. Әдебиеттану ғылымында Қазақ әдебиетінің тарихы Абайдан басталып, ары қарай Бұқар жырауға жылжып, сонда тұрып қалған еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «Неге біздің әдебиетіміздің тарихы Бұқар жыраудан басталады?» деген сауал әдебиеттану ғылымында туды. Осы сауалға ең алғаш Мұхтар Мағауин жауап берді. Ол қазақ әдебиеті тарихын ХV ғасырдан бастады. «Қобыз сарыны» деген монография жазды. Ол күндіз-түні дамыл таппай еңбектеніп, зерттеп, Жиембет, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, Шал секілді ақын-жыраулар есімін ел жадында жаңғыртып, көп айтыла бермеген біздің ертедегі әдебиетші тұлғаларымызды танытты, – деген профессор Мұхтар Мағауиннің ерлікке пара-пар еңбектеріне кеңінен тоқталып, оқушы жеткіншектерге мол мағлұмат берді.

М.Мағауиннің қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті үшін жасаған ұлы еңбегіне Олжас Сүлейменов «Тарих пен әдебиет институты жасамаған жұмысты жалғыз Мұхтар Мағауин жасап отыр» деп жоғары баға берген болатын. Тарихи тақырыпта «Аласапыран» романын, одан кейін «Алтын Орданы», «Шыңғыс хан» атты төрт томдық үлкен эпопея жазды. Бұл жалғыз қазақтың тарихы емес. Бүкіл түркі дүниесінің ықылымнан бергі тарихын қопарып, мұра қалдырып кеткен.

Прозашы, тарихшы, зерттеуші, эссеист әрі үлкен публицистігімен өзінің сан қырын танытып, елінің құнды мұрасын еселеп кеткен М.Мағауиннің «Көк мұнар» шығармасынан А.Макаренко атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары монолог оқыды. «Бір атаның балалары» повесінен Керімбай атындағы №12 мектеп гимназиясының 9 сынып оқушылары қойылым көрсетті. Әдеби кешке «Қарақат» мектеп студиясының «ULYTAU» ансамблі күй тартып, жетігеншілер ансамблі халық әнін орындап және «ЕвРазия» бишілер тобы биімен көрік қосты.

Мағыналы әрі қызықты өткен кешті Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гулфайруз Инкарбекова мен №67 орта мектептің директоры Мұрат Тұрысбек жүрекжарды лебіздерімен қорытындылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар