
Жастар арасындағы құқықбұзушылық, есірткіге тәуелділік секілді өзекті мәселелер талқыланған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, кездесудің мақсаты «Заң және тәртіп» қағидаты аясында пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдау екенін жеткізді.
– Қоғамдағы заң мен тәртіп – адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағидалар болып есептелетіні өздеріңізге мәлім. Заң – мемлекеттің шығарған ресми ережелері мен нормаларының жиынтығы болса, тәртіп – сол заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін ұстаным десек те болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», деп атап өткен болатын. Сондықтан заң мен тәртіптің дұрыс үйлесімі – қоғамның дамуына, өздеріңіздей жастарымыздың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады, – деді Серік Жақсылықұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес, Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Облысымызда да Президент атап өткендей, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру жолында облыстық полиция департаменті бірқатар жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев баяндады.
– Жыл басынан бері полиция қызметкерлері азаматтарды тексеру барысында 76 тыйым салынған зат анықтады. Жастар мен жасөспірімдер арасында былтыр 31 суицид дерегі орын алды. Оқиғаларды зерделеу кезінде суицидке барудың негізгі себептерінің бірі – жастарымыздың құмар ойындарға және лудоманияға әуестенуі екені белгілі болды. Құқықбұзушылыққа көбіне үйінен кеткен жасөспірімдер барып жатады. Өңірімізде өткен жылы 317 жасқа қатысты 287 үйден кету хабарламасы тіркелді. Айта кетерлігі, былтыр 149 бұзақылық қылмыс есепке алынса, оның 116-сы жастардың қатысуымен орын алған. Қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету – ортақ мақсатымыз. Біз әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заңбұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуын қалаймыз,– деді ол.
Қоғамның тағы бір дерті – жастардың есірткі, психотроптық заттарды тұтынуы және тасымалдауға әуестенуі екендігін атап өткен Бауыржан Дәулетханұлы «Болашақ» колледжі мен «Парасат» колледжінде оқитын екі студенттен есірткі заты тәркіленгенін атап өтті. Аталған екі тұлғаға қатысты сот шешіміне сәйкес әрқайсысы 10 жылдан бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, баяндамашы скутер мен самокат тізгіндеген тұрғындарға қатысты 2 111 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 256-сы айыппұл тұрағына қойылғандығын жеткізді. Бұдан бөлек, ерікті жастардың қатысуымен өткен науқан барысында «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу», «Ортақ пайдаланылатын орындарды, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» бойынша 14 958 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
Жиын соңында Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек сөз алып, жастарды жаман әдеттер мен қылықтардан аулақ болуға шақырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуеті мығым елдің ертеңі жарқын
- 15 наурыз, 2025
Ықпалды құрылымға айналған Құрылтай
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді