
Қай бір күні таңғы асқа балаларға тамақ жасайын деп қолыма «Дәмді себет» дүкендер желісінен алынған тары жармасын алдым. Сыртына қарасам «ажарландырылған тары» деп жазылып тұр. О заманда бұ заман, тары ажарландырылатын ба еді дедім. Сөйтсем, бұл шлифованный дегеннің тікелей аудармасы екен. Тазартылған тары болып тұр ғой. Ажарлы, сұлу, әдемі синонимдес сөздер деп мектеп қабырғасында өтуші едік. Мұндай теңеу адам баласына ғана айтылмақ. Ал мұны затқа, өнімге теңестіре алмаймыз.
Өткен аптада көптен көрмеген құрбылармен бас қосып, Желтоқсан көшесінің бойындағы «Besh BQ» деп аталатын қазақ асханасына бардық. Іші таза, қазақи, ою-өрнекпен әсемделген. Кереге керіліп, шаңырақ бейнеленген тамаша жер екен. Келісті келбетіне таңданып болып, ас мәзірін алдырдық. Мәзірге қарасақ, ыстық тағамдар деген бөлімінде «ылғалды қартаю бұқа қабырғасы», «құрғақ қартаю сиыр қабырғасы», «қартайған тай қабырғасы» деген атауларға қарап, шошып кеттік. Орысшадан тікелей аударған. Ылғалды – влажный, Құрғақ – сухой. Еттен жасалған тағамның бұл түрлерін қазақшаны мазақтағандай аударғандары шамымызға тиді. Даяшыны шақырып алып, түсіндірдік. «Айналайын-ау, қартайған бұқа етін кім жегісі келеді? Бұларың не? Ол ет қатты шығар. Қартайып өлгелі тұрған бұқаның еті деген не сұмдық? Мәзірді дұрыстап аударыңдар, қазақ тілін мазақтағандарың ба, бұл не?» деп бір ауыз ескерттік. Дегенмен, әлгі ылғалды қартаю бұқа қабырғасына арамыздағы қыздар тапсырыс берді. Ет расында тым қатты болды.
«Мен мұндай аудармаларды мүгедек аудармалар деп атаймын. Өзім қазақ тілінің филологы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде докторантурада оқып жатырмын. Бұлар калька аудармалар. Оларға кез келген мекеме, дәмханалар, жеке кәсіпкерлік нысандарындағы аударма сөздер жатады. Олар орыс тілінен тікелей яндекс, гугл арқылы аударып жарнамаларын баннерлерге, мәзірлерге қолданады. Соның кесірінен қазақ тілі қолайсыз болып көрінеді. Кейбір аудармаларда орфографиялық, стильдік қателер кетеді. Мұның бәрінің бір айыбы бар. Олар филолог жалдап арнайы аудартқысы келмейді. Оны артық шығын деп есептейді. Дүкендердің атаулары, білім орталықтарының сыртқы жарнамалары дұрыс емес. Мұндай нәрсеге елдің көзі үйреніп, тіпті қалыпты жағдай деп қарайтын болды. Жамбыл облысының мемлекеттік тілді игеруі 34 пайыздан жоғары. Мұндай деңгейі жоғары облыста аудармаларда қателіктердің кетуі осында тұрып жатқан баршамызға сын. Тек тиісті басқарма немесе тіл жанашырлары осымен күресу керек емес. Барлығымызға ұят. Мәдениетті түрде талап ете білейік. Көзіме жиі түсіп жүргені – «Discovery», «Raf» сияқты кофеханалар мәзірінің тілі жүз пайыз орысша. Бүгінде саудагерлер болсын, барлығымыздың имиджімізді қалыптастырып тұрған дүние ол – әлеуметтік желі. Ол – жарнаманың, сатылымның тілі. Біріншіден, ол қазақ тілінде жүргізілуі керек. Риза болатыным – «Бауырдақ» кафесінде мәзір таза қазақша бұрмаланбай жазылған. Қаладағы беткеұстар асхана осы. Және «Кaspi bank»-тің қазақшасы мықты. Олардың аудармасы да тамаша. Мүлтіксіз, сауатты сайрап тұр», – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің РһD докторанты Балмира Мырзабай.
Қай бір жылдары осындай тікелей қате аудармасымен шұлықтардың сыртына жапсырылған «еркек шұлық», ішкі киімдердің қаптамасындағы «еркек қорқақтар» деген аударма желіні «жарды». Көпшілік жарыса жазды. Бірақ қанша айтылса да, шұлықтардың қаптамасында әлі де солай жүр. Және «Қызылжар құс» фирмасының «темекі тауығы» да елдің күлкісіне қалып еді. Құрылыс нысандары да соғып жатқан үйлерін ұсынарда орашолақ аудармалармен әзілкештердің нысанына айналып кетті. Бизнесте, белгілі компанияларда кетіп жатқан қателіктер, өріп жүрген сауатсыз аудармалар олардың беделін түсіреді әрі қаржылық шығынға ұшыратады.
Күлеміз бе, жылаймыз ба, бүгінде еліміздің әрбір емханасында арнайы «ауызбен суландыру» бөлмесі бар. Бұл дегеніңіз – ПОР кабинет. Орысшасы специализированные кабинеты пероральной регидратации. Яғни, іші өткен балақайларды, тамағы ауырғандарды емдейтін кабинет.
Күлетін түгі де жоқ. Бірақ мұның аудармасы дұрыс емес. «Жоғары жақтан солай бекітілген. Таразда ешбір кабинеттің сыртына бадырайтып жазып қоймаған. Бірақ Қызылорда, Шымкетте арнайы бөлменің сыртына іліп қойған. Біздің не кінәміз бар. Республикамыздың түкпір-түкпірінде осындай бөлмелер ашылуда. Қарапайым тұрғындар да бас дәрігердің бөлмесіне барып тұрып айтқандары болды. Кәдуілгі ингаляция. Тамақ ауырғанда бумен емдейді. Кабинеттің атын неге олай аударған? Ол жағын білмедім. Мұндай кабинеттер негізі 2018 жылдан бері бар. Аудармасы қалай бекітілді, солай қалған ғой. Іші тоқтаусыз өткен бөбектер сусызданып қалады. Соларға регидрон тағы басқа да дәрі-дәрмектерді үздіксіз беріп қадағалайды, ингаляция жасалады», – дейді №8 қалалық емхананың дәрігері Айнұр Жақсынбет.
Ұтымды аударма жасау үшін әр сөз орамының мағынасын түсіну қажет. Медицина «тілінің» аудармасы тіптен қиын. Өрескел қателердің көп болатыны да сондықтан. Қарап отырсаңыз медицинаның да «тілін» емдеу керек.
– Орысшадан қате – калька аударма жасайтындардың мағыналық калька жасағанынан да гөрі қатерлі бір ісі бар. Ол – орысша сөздің немесе сөз тіркесінің қазақша баламасының грамматикасын көпе-көрнеу бұзып аударуы. Мысалы, орысшадағы зат есімді қазақшаға етістік қылып аударып қоюы. Тілдің талабы мен контекске сай келіп тұрса, орынды жерінде өйтуге де болатын тұстар бар. Бірақ, жаппай олай етуге мүлде болмайды. Немесе сөз тіркесін сөздердің байланысу тәсіліне қайшы, күшпен тіркестіріп калькалау індетке айналды.Сондай «аудармалар» тіліміздің грамматикасының бұзылуына, ережесінің аяқасты болуына ұрындырып, тіліміздің бұзылған үстіне бұзылуына, себепші болып жатыр. Бұл үрдістің зияны мен қорқыныштылығы сол. Ал, оны түсініп отырған тілші маман жоқ. Тіпті, құзыретті мекемелердегі лингвистердің, ғылым докторлары мен кандидаттарының да бұған білігі жетпей, білігі жететіндерінің қайраткерлігі кемшін болып тұрғаны өте өкінішті, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, ақын Батырболат Айтболатұлы.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, өз-өзімізді түзейтін шақ келді. Орыс тілінен сөзбе сөз аудара салмайық! «Работать» дегенді «жұмыс жасау» деп жүр. Жұмыс жасалмайды, істеледі. «Алаяққа алданды» дейді, дұрысы «Алаяқтан алданды». Осы секілді калька аудармалар «ағымдағы жылы», «анықталғандай», «болады» деген аудармалардан да арылсақ екен!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда 100 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
- 21 наурыз, 2025
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- 21 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді