«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамда әкенің рөлі неге төмен?

Қоғамда әкенің рөлі неге төмен?
Автор
Уақыт өткен сайын кейбір қалыпты жағдайлар мәселеге айналып барады. Мысалы, жас отбасылардың шаңырағы биік, керегелері кең болуы үшін бүкіл қоғам ойланатын болды. Бұрын мұндай мәселеге бір әулет немесе бір шағын ауыл тұрғындары ғана бастарын қатыратын. Ал қазір қоғам болып күресіп жатқанның өзінде жастардың «дәм-тұзы» жараспауы тым көбейіп барады.

Мұндай ушыққан жағдайлар ажырасуға апарады. Екі жастың ойланбай неке құрып, ойланбастан ажырасып кете берулерінен өмірге келген жазықсыз сәбилер жапа шегуде. Мұнан соң, әкенің құқы тапталып, еңсесін тік көтеріп жүре алмайтын жағдайға жетті емес пе? Дәм-тұзы жараспай, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткен жағдайда ортақ баспана көп ретте әйелге қалады. Әке баспанадан бір айырылады, балалары үшін алимент төлейді. Әрине, бұл жерде барлық қателікке өздері кінәлі әкелер де бар. Олар туралы сөз басқа.

Біздің әңгімеміз ана ретінде жауапкершілікті сезінбеген, «шайтан азғырып» теріс жолға түскен нәзікжандылар үшін отбасынан ажырап, зардап шегетін әкелер туралы. Осыдан 16 жылдай бұрын Тараз қаласында танымал композитор ағамызбен кездесіп қалған едім. Қояр да қоймай үйіне ертіп барып еді. Бірден байқағаным, пәтердің көптен жиналмағаны және үйде әйелдің жоқтығы. Әлгі композиторды әйелі 5 баласымен тастап, жүрегімнің қалауын таптым деп, басқа жігіттің етегінен ұстап кетіпті. Ағай қайтадан отау құрмай, сол 5 баланы бағыпқағумен айналысқанды жөн санапты.

Міне, мұндай жағдайға не айтуға болады? Мұндай фактіні қазір де кезде стіруге болады. Тараз қаласындағы көшелердің бірінде Ғалымжан деген азамат 3 баласын өзінің тәрбиесіне алған. Жұбайы жауапкершіліктен де, балалардан да бас тартқан.

«Артық ештеңе айта алмаймын. Әуелі бір-бірімізді қалап қосылдық. Басында бәрі жақсы еді. Аяғы осы болды. Енді үш перзентіме қарап отырмын. Қамқоршы әкесі емеспін бе? Өзімнің балаларымды далаға тастамаймын ғой», – дейді әке.

Тараздық Сұлтан Кәрімов деген (аты-жөнін өзгерттік) азаматтың өзімен де, анасымен де сөйлестік. «Келін қайырылмай кетті. Баламның мектепте оқитын қызы бар. Сол қыздың қабағына қарап отырған әжесімін. Бұл да бір баламның маңдайына жазылған тағдыр шығар. Перзент деп өмір сүреміз. Ұлымның алдағы өмірі жақсы болса, немере қызым бақытты болса деген тілегім бар», – дейді көпті көрген әже.

Міне, осындай жағдайларға қалай жүрегіңіз ауырмайды. «Шырылдаған торғайда балапанын қорғайды» дейді. Ал тоғыз ай толғатып өмірге әкелген баласынан бас тартып жатқан аналарға не дейміз? Айтарға сөзіміз жоқ. Бұл ретте заң адамдарына да хабарласқан едік. Құқық қорғаушы (адвокат) Роза Кушакованың сөзі салмақты шықты. «Қоғамдық институттардың негізгі мақсаты – отбасыны сақтау. Отбасы – ана, әке және бала. Қоғам ана болуды үйреншікті түрде ойлайды, әйелдерді үй зорлықзом былығынан, абьюз бен виктимблеймингтен қорғайды. Меніңше, қазір әйелдердің өздері едәуір өзгерді: олар экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады, мансаптық сатымен көтеріледі, ерлерден кем түспейді.

Бұл – тамаша. Бірақ бұл жарыста ер адамдар қалып қойып, отбасы жиі бүлініп жатады. Бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде «я же мать» термині пайда болған. «Балалары бар» деген негізде ерекше жағдайларды талап ететін әйелдерді осылай атайды. Мұны біз әкімдік алдындағы алаңда көріп отырмыз, олар өздеріне қандай да бір артықшылықтар талап етуде. Соныман қатар мұны біз алимент, ажырасу туралы талап арыз берген соттарда көріп отырмыз. Қазақстанда ажырасулар саны артып келеді, осы қасіреттің бастамашылары көбінесе әйелдер. Бұрын отбасындағы ер адам табыс табушы және тәрбиеші болған.

Бүгінде бұл рөлді көбінесе әйел өз мойнына алады, ол бірінші кезекте ана мен әйел екенін ұмытады. Отбасылық тепе-теңдік бұзылып, одан барлығы зардап шегеді: әкесі де, анасы да, баласы да. Бірақ бүгінгі күні дәл осы ер адамдар қорғансыздық, зорлық-зомбылық туралы айтады. Ерлер дағдарыстық қарымқатынаста әйелдерден кем емес, тіпті одан да көп зардап шегеді. Өйткені көмек сұрау – ұят.

Ер адам өзін отбасынан қуылған, қажетсіз, балаларынан айырылған болып сезінеді. Кейбіреулер көп ұзамай балалар өсіп, бәрі бұрынғыдай болады деп жұбатады, кейбіреулері ішеді немесе қыдырады, үшіншілері ажырастым ғой деп депрессияға түседі. Ал балаға өзінің әкелік рөлін атқаратын әкесі керек қой. Ерлікті дәріс курсынан үйренуге болмайды. Ол күнделікті өмірде үлгі болатын әкесінен үйренеді. Фрейд: «Баланың әкесін қорғау қажеттілігінен артық қажеттілігі жоқ», – деді. Бала ерте кезден бастап өзінің қауіптен қорғайтын әкесі бар екенін білуі тиіс. Ата-анасынан ажырасқан кезде ол да жәбірленуші, отбасылық жүйеде баланың әкесінің рөлін, ер адамның қоғамдағы рөлін біржақты қабылдауын қалыптастырады.

Отбасында әкесінің күйзеліске ұшыраған рөлі бар матриархат қыз баланы ер, ал ұлын әйел тәрізді тәрбиелейді. Анасының өзі де зардап шегеді, бала өседі, кетеді, ал ол қартайғанда жалғыз қалады да, оны неге «тастап кеткенін» шынайы түсінбейді. Заң тек ананың жағында. Сот практикасынан: Бірінші жағдай. Бала ерте жастан жетім қалып, білім алмаған, кәсіпке үйренбеген. Бірақ туыстары оның тұратын жері болуы үшін кішкентай үй салып берген. Ол бұрын некесі және баласы болған әйелге үйленді. Ортақ некеден екі бала дүниеге келді. Оның отбасы «аз қамтамасыз етілгендер», «әлеуметтік көмекке мұқтаждар» санатына түсіп, мемлекеттен көмек ала бастайды. Отбасында балалар бала кезінен отбасында тәрбиеленбейді: алдымен бес күндік балабақшада, содан кейін мектеп-интернаттарда. Анасы балаларға интернатқа бармайды, себебі ол алыста тұрады. Бірақ әйелі бірге тұрмағандықтан еріне алимент төлеуін талап етеді (заң рұқсат етеді). Әлбетте, ер адам алимент төлемегеннен кейін үлкен қарыз жинақталады. Алимент бойынша берешектің Қазақстан бойынша орташа жалақыдан есептелуі туралы заңды алып тастау керек, қазір ол Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2025 жылдың бірінші тоқсанында 423133 теңгені құрады. Борышкердің жалғыз тұрғын үйінен алимент бойынша берешекті өндіріп алуға тыйым салатын заң қабылдау қажет. Онсызда әкелердің құқығын қорғайтын ешкім жоқ.

Әке деген – отбасының негізгі тірегі екенін ұмытпауымыз қажет», – дейді ол. Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты отбасын қорғау орталығының директоры Бақыт Жақсылықованы да сөзге тарттық.

«Әкелердің көп жағдайда қорғансыз екенін байқап жүрміз. Әрине, отбасының шырқы бұзылмас үшін әйелдің құқы көбірек қорғалады. Ондай заң ішімдікке салынған, теріс жолға түскен азаматтарға арналуы тиіс. Қоғамда әйелінің кінәсінен де ажырасатын жағдайлар аз емес. Бұл ретте шешім қандай болуы керек? Біздің орталықта заңгерлер мен психолог мамандар бар. Мен әкелердің құқы да қорғалуы тиіс деген ойдамын. Ер азаматтың еңсесі қашанда биік болуы тиіс», – деді ол.

Таластық ардагер ұстаз Барбосын Адырбековтың де өз айтары бар.

«Ұзақ жыл ұстаздық еттік. Ол кезде ер мұғалімдер көп еді. Қазір мектепте ағайлардан гөрі апайлар көп. Қала мектептерінде тіпті көпшілігіі әйел ұстаздар. Бұл жерде әйел мұғалім болмасын деген ұғым емес. Бірақ ер мұғалімдердің өз орны, маңызы, сесі бар. Отбасында да әкелер сесті болуы керек. Әр перзентке әке тәрбиесі, ер мұғалімдердің тәрбиесі өте қажет. Оны ешкім алмастыра алмайды», – дейді ол.

Біз облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевтің де пікірін білдік.

«Бұл жерде бір байқағанымыз бар. Қылмыс жасайтын, бұзақылыққа баратын жасөспірімдердің көпшілігі толық емес отбасынан шыққандар. Ата-анасы ажырасып, анасының қолында өскен балалар тәртіп бұзушылыққа көбірек барып жатады. Себебі, оларға әкенің тәрбиесі сіңбеген. Әкенің тәрбиесі, кей кездегі қаталдығы балаға өте қажет. «Баланы жастан...» деген сөз бекер айтылмаған. Әке деген бала үшін таудай биік болуы керек. Әкенің қатал қабағынан бала өмір сабағын алуы керек. Қазіргі жасөспірімдерде осы жағы жетіспейді», – деді ол.

Біз осы тұста дін өкілінің де пікірін білгенді жөн көрдік. «Шариғатқа сүйенер болсақ, Алла Тағала Адам атаны топырақтан, Адам атаның қабырғасынан Хауа анамызды жаратты. Мұнда үлкен мән бар. Ер адамның биіктігін және әйел оған аманат екендігін көреміз. Жаратушы Құранда: «Барлық нәрсені жұп қып жараттық» дейді. Ер мен әйел, гүлдер де, құстар да жұп-жұбымен жаратылған. Аспан мен көк те жұп.

«Еркек деген аспан көктей емес пе, әйел деген қара жердей емес пе?» деп бабаларымыз айтқан. Қазір ажырасса, көп жағдайда әке зардап шегеді. Қадыр Мырза Әлі «Еркек кемшіліктен, әйел кешірімнен жаратылған» дейді.

Бұл жерде еркек бетімен кете берсін деген сөз емес, әйелдің ақылдылығын, тиісті жерде кешіріп отыруы керектігін айтқаны. Өзім аудандық билер кеңесінің мүшесімін. Бір жолы менің алдыма жас отбасы келді. Екеуміз ажырасамыз дейді. «Оған не себеп болды? Күйеуің ұра ма, арақ іше ме?» деп жас келіннен сұрадым. «Жоқ, күйеуім ішпейді, шекпейді, ұрмайды. Енемнен бөлек тұрғым келеді», дейді.

«Жоқ, олай болмайды. Ана деген – қазына. Ертең өзің де ене боласың. Сен де келін аласың. Сол кезде түсінесің енеңді» дедім. Татуластырып жібердім. Қазір бірге тұрып жатыр. Алланың берген алты ұл баласы бар. Мен өз балаларымды сөзбен емес, іспен тәрбиелеймін. Әке баласына ішпе, шекпе, бұзық болма десе, бірақ өзі ішсе, шексе, әсері болмайды. Балаға жақсы тәрбие беру үшін өзің үлгілі, тәртіпті, жақсы қасиеттің иесі болуың керек. Ондай әке – отбасының бағы», – дейді ол.

Осы орайда облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевты да сөзге тартқан едік. «Әкенің қоғамдағы орнының әлсіреуі, бала тәрбиесіндегі жауапсыздығы жалпы тәрбиелі азаматтар қалыптасуына кері әсерін тигізуде. Әкесіз өскен, асқар тауының тәрбиесін алмаған балалардың ішінде бұзақылыққа, маскүнемдік пен нашақорлыққа бейімделуі тезірек сияқты. Әкенің отбасындағы орны үлкен. Оны ештеңемен алмастыра алмайсың. Балаға білім мен тәрбиені, ұлттық құндылықты сіңірудегі отбасы тағылымы өте маңызды. Қазақта салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырымтыйымдардың 300 мың түрі бар екен. Міне, осы құндылықтарды баланың бойына сіңіруі тиіс тұлға – әке. «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» дейді. Бұл жерде әкеге тартып еңбекқор, іскер, жауапты болуды айтып жатыр. Бұрын әжелеріміз бен аналарымыз бізді қалай тәрбиеледі. «Әкеңе айтамын» деді. Бір ауыз сөз. Мылтықпен атқаннан бетер үрейлі естілетін. «Әкең келе жатыр», «Әкең біліп қоймасын» деген сөздер әр баланың тәртіпті де тәрбиелі, оқуда озат болуына жетіп жатушы еді.

Қазір сол айбарлы әкені әр отбасынан көру, баласының қасынан ұшырату мәселеге айналды. Еліміз бойынша әр үш жас отбасының біреуі көп ұзамай ажырасады екен. Бұл деген әр жүз шаңырақтың 30 пайызында дәм-тұзы жараспаушылық орын алды деген сөз. Сондықтан ба балалар арасында бұзықшылық көбейіп, жақсы қасиет азайып барады. Анайы, былапыт сөз айтатын балаларды көп кездестірудеміз. Өзін ғана ойлайтын қатыгез, өзімшіл әкелер де бар екенін жасыра алмаймыз. Әкенің өз баласын араққа, темекіге жұмсауы дұрыс емес. Әке баланың көзінше шылым шекпегені жөн. Әкенің ісінің бәрі балаға үлгі. Қазір мектеп оқушыларының шамамен 12 пайызы әкесіз өсіп жатыр деген ақпарат бар. Ойландырады.

Бұрын әке баланы қабағымен тәрбиелейтін. Қазір қайдам. Әке әрқашан дастарқанға алдымен отырып, бата беріп, отбасына айбар болуы тиіс. Ол да – балаға үлгі. Осы орайда менің бірқатар ұсыныстарым бар. Барлық ұйымдардың өз орталықтары бар.

«Әкелер орталығы» немесе «Әкелер клубы» ашылса, Бұқаралық ақпарат құралдарында әкенің қадірі мен құқы туралы көбірек жазылса. «Jambyl», «77», «Тараз-24» телеарналарынан көпшілікке үлгі болып жүрген әкелер туралы бағдарлама көрсетіліп тұрса. Ата, әке, бала деп үш буынды қамтыса, тегі жақсы. Әкелерге қатысты жұмыспен айналысатын қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік тапсырыс қаражаты көбірек бөлінсе», – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар