«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Автор
Биыл елімізде Жеңістің 80 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткені белгілі. Соғыстың соңғы солдаттарына ерекше құрмет жасалып, ерліктері бағаланды. Ел басына ауыр күн туған сын сағатта Отанын қорғаған майдангерлер барлық құрметке лайық. Солардың ішінде даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ерлігі мен қаһармандығы ерекше. Батырдың жазған кітаптарынан да Отанына адалдығы, патриоттығы терең байқалады.

Батыр рухына деген құрмет жыл бойы толас таппай, ірі іс-шаралармен жалғасып отырды. Кеше Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Осыған орай Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған азаматтар ең әуелі құрмет көрсетіп, батыр рухына тағзым жасады. Мұнан соң облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов, белгілі ғалым Махметғали Сарыбеков, жазушы Бекет Момынқұл осы рәсімді жалғастырды. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, Тараз қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының сардарлары мен сарбаздары, студент жастар, Тараз қаласының тұрғындары да даңқты батырдың рухын құрметтеді.

«Осы «Жеңіс» саябағына келген сайын ерекше қуанамын. Бауыржан Момышұлы атамның бейнесі алыстан айбарланып көрінеді. Жанына суреттері қойылған батырлар мен мәрмар тасқа жазылған есімдері жас ұрпаққа рух бергендей. Осы көріністердің барлығы жақсы үйлесім тапқан. Бүгінгі құрметке де көңілім ерекше толқып тұр», – дейді жазушы, әйгілі қолбасшының немере інісі Бекет Момынқұл.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына деген құрмет әрқашан үздіксіз жалғасын таба беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар