Дара тұлғалардың дана болмысы немесе Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев туралы сыр
- author «Ақ жол»
- 11 ақпан, 2025
- 422

Қанша рет халық атынан қызыл Кремльдің «қожайынына» шын батырлардың ерлігін бағалап, Совет Одағының Батыры атағын беру сұралды. Олар міз бақпай, уақытты сағыздай созып, тиісті шешім қабылдамай, жылдарды өткізе берді. Базбір мәліметтер бойынша Баукең Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет, генералдыққа төрт рет ұсынылған екен. Бірақ, соның бәрінде шовинистік саясаттың кесірінен өтпей қалған. Дінмұхамед Қонаев та екі рет кіріскенде ССРО Қорғаныс министрі А.Гречко «Через мой труп» деген екен. Ал, екінші жолы тікелей Л.Брежневке өтініш жасағанда: «Димаш, тарихты қайта қарамай-ақ қояйық» деген жауап алыпты...
Дінмұхамед Қонаевтың Баукеңнің басына Құран оқыта келгенде айтқан мына бір әңгімесін журналист Қорғанбек Аманжол былай деп баяндайды: «Димекең кезекті бюро өткізіп, серіктерімен шығып келе жатса, дәлізде Баукең жолығады. Сонда бюро мүшелерін тоқтатып, Баукең: «Димаш, – дейді Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Лященконы нұсқап, – вот с ним я вместе учился в военной академии. Тогда он был троечником, я был отличником. Сейчас я полковник, а он – генерал-полковник. Честь имею!». Осылай депті де Баукең аяғындағы етігінің өкшелерін бір-біріне тарс еткізіп соғып, кілт бұрылып жүре беріпті.
Баукең академияда сабақ беріп жүрген кезінде кейін маршал, Қорғаныс министрі болған А.Гречко «Бауыржан Момышұлы лекцияны жақсы оқиды, бәрі жақсы-ау, тек акценті бар» деп сынап, соқтығыса беріпті. Бір рет тиісіпті. Екі рет. Үш рет. Сонда Баукең Гречконы орыстың тұздықты сөзімен әдемілеп сыбап салады да, «Қанеки, осы сөздерімде акцент бар ма?» деп сұрапты. Болашақ министр қысылғаннан қып-қызыл боп кетіпті. Осыған қарағанда Баукеңе батыр атағын беру туралы ұсыныстардың Мәскеуден неге өтпегендігіне таңдануға да болмайды-ау» («Егемен Қазақстан», 23.02.2008).
Баукеңе 1990 жылдың 12 желтоқсанында республикамыздың сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың Кремль басшыларын мойын бұрғызбас дәлелдер арқылы көндіруімен Совет Одағының Батыры атағы берілді. Бүкіл қазақ халқы бұл ақжолтай хабарға «Тәуба! Әділдіктің таңы атып, жолы ашылды!» деп қуанышқа кенеліп, бір- бірінен сүйінші сұрасып жатты. Ал, партизандық қозғалыстың ұйымдастырушысының бірі, ерлігімен ел есінде қалған Қасым Қайсеновке еліміз егемендік алғаннан кейін көп ұзамай алғашқылардың бірі болып мемлекетіміздегі ең жоғары награда – «Халық қаһарманы» алтын жұлдызы табыс етілді. Бұл мемлекет тарапынан ерен ерге деген орынды құрмет, ердің еңбегін бағалау еді.
Болашақ батыр Р.Қошқарбаев Астана қаласына жақын маңдағы қазіргі Тайтөбе ауылы төңірегіндегі Қырыққұдық деген жерде 1924 жылдың 19 қазанында дүниеге келген (өткен 2024 жылы оның 100 жасқа толуы елімізде кеңінен аталып өтті). Ешкімнің есігіне телміртпестей дәулеті бар Қошқарбай отбасының төбесіне 1928 жылы қайғы бұлты үйіріледі. Анасы өмірден өтеді. Сталиндік қуғын-сүргіннің құрығына ілінген отағасы да 1937 жылдың зұлматына ұшырайды. Әке-шешесіз тұл жетім қалған жас бала Рақымжанның ендігі өмірі Тайтөбедегі балалар үйінде өтеді. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Балқаш қаласындағы фабрика- зауыт училищесіне (ФЗУ) оқуға жіберіледі. Бұдан соң 1940-1942 жылдары туған ауылындағы Тайтөбе мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда бозбала Рақымжан әскери комиссариатқа барып майданға жіберуін сұранғанымен, әлі жасы толмаған еді. Рақымжан Қошқарбаев әскер қатарына 1942 жылы алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (қазіргі Бішкек) жаяу әскер училищесін бітіреді де майдан даласына аттанған. Осы жылдың қазан айынан бастап І Белорусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод командирі ретінде соғысқа араласып, Польша мен Германия жерлерін азат ету шайқастарына қатысады. Майданда көрсеткен ерліктері үшін бірнеше орден, медальдармен наградталған. Ол майданда алғашқылардың бірі болып, Берлинде Рейхстагтың үстіне қызыл туды тікті. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов (башқұрт азаматы) Рейхстагқа дейінгі 300 метр қашықтықты 7,5 сағат жүріп өткен. Межеге жеткен кезде Григорий ту барынша жоғары желбіресін деп Рақымжанды иығына салып көтеріпті. Бұл оқиғаны тіпті америкалық «Нью-Йорк Таймс» газеті де кезінде жазған екен.
Белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде журналист-жазушы және қоғам қайраткері болған Кәкімжан Қазыбаев туралы «Аманат» атты естелік мақалада Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаев жайлы мынадай мәліметтер кездестірдік (К.Қазыбаев кезінде майдангер Рахымжан Қошқарбаев туралы тың деректер жинап, көптеген мақалалар, очерктер мен повестер жазып, ердің есімін елге жеткізген болатын): «...Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевты маған (К.Қазыбаевқа – автор) тауып берген Баукең, Бауыржан Момышұлы! Бұл кісінің бәйбішесі Жамал 50-жылдардың бас кезінде өзіміз жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жаста» машинистка еді. 1956 жылдың көктемінде апамыз Баукеңнің Мәскеудегі әскери қызметтен біржола босап, Алматыға келгенін айтты да, біздерді батыр ағамызбен таныстыру үшін үйіне шақырды. Содан бастап ол кісінің (Баукеңнің – автор) назары маған мықтап ауғанын жасырмаймын. Кейін тіпті батырдың үлкен баласындай болып кетіп, Орынша апаңа үйленуге сөз байласқан кезімде оны сол үйге келін етіп түсіріп, батасын алған да жайым бар. Сол Баукең, аруағыңнан айналайын асыл ағам, бір күні үйіне шақырды. Айтқан әңгімесі – өзіне соғысқа қатысқан бейтаныс жас жігіт сәлем беруге келіпті. Ал, тапсырған шаруасы – менің соған міндетті түрде жолығып, оны газетке жазуымның керек екендігі.
– Білесің бе? – деді көзі ұшқын шашып, ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол ақырзаманның нағыз өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретінде өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу». Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рахымжан. Рейхстаг қаһарманы! Странно... Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді», – деп жазыпты. Мұны оқи сала болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да. Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып, бес күндей әңгімелестім. Содан соң жазуға отырдым. Нәтижесінде 1958 жылдың 21 февраль күні «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркім шықты. Ол республика жұртшылығын дүр сілкіндірді. Ал, редакцияға келген хатта есеп жоқ-тын...».
Шынында, Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен тұңғыш батыр екенін алғаш жалпы халыққа жеткізген журналист Кәкімжан Қазыбаев болатын. Сайып келгенде, бұл істің барлығы ұлтжанды азамат Бауыржан Момышұлының айтуымен болған іс еді.
Баукең соғыстан кейінгі жылдары Ресейде – әскери академияда дәріс беріп біраз жыл бөгеліп қалмағанда Рахаңның майдандағы ерлігі, батырлығы көпшілікке ертерек танылған болар еді-ау деп ой қаузайсың. Солай болуы толық мүмкін еді... К.Қазыбаев Рахымжанның батырлығын үңіле, талмай зерттеген қаламгер деп айтсақ қателеспейміз. Ол Р.Қошқарбаев жайында 150-ге жуық қызықты тың дерек тауып, оларды мұқият сараптап, көптеген мақалалар мен очерктер жазып, халыққа жеткізді. Оның қаламынан туған «Отпен жазылған өмірбаян», «Тарылған тыныс», «Шешуші шабуыл» және де басқа очерктері мен «Кернеген кек», «Найзағайдай жарқылдап» деген повестері түгелдей Рейхстаг қаһарманы Р.Қошқарбаевтың өмір жолы мен оның майдандағы ерлігіне арналған, кезінде көпшілік жылы қабылдаған құнды деректерге мол еңбектер. Мысалы, «Найзағайдай жарқылдап» деп аталатын повесінде Рахаңның батырлығы туралы жазуға Баукеңнің себепші болғандығы егжей- тегжейлі баяндалады. Сонда Бауыржан Кәкімжан Қазыбаевқа былай депті: «Адам ерлік жасауды ешқашан жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның асыл қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Мұндай сәт адамның ғұмыр-ғұмырына, керек десең, ұрпақтан-ұрпаққа кететін өмірбаян, өсиет болып қалмақ. Рахымжан – сондай сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры – жасаған ерлігі. Тағдыр оның нағыз өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны отпен жазылған өмірбаян. Осыдан артық сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?!». Баукеңнің бұл сөзін естіген Кәкімжан Рахымжанды іздейді, кездеседі, жазады. Оған дейін Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа Жеңіс жалауын тіккен батыр екенін санаулы ғана адамдар білген екен.
Журналистпен алғаш кездескенде Рахымжан аға «...1945 жылдың 9 майынан кейін ләм-мим деп ешкім аузын ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым – өзіңсің», – деген екен таңғалыс білдіріп. Бірте-бірте К.Қазыбаевты майдангердің ерлігі қызықтырып, түрлі-түрлі тың деректер жиып, бүкіл өмірлік творчествосын қазақтың хас батырына арнайды.
1958 жылы 20 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде Кәкімжан Қазыбаевтың жариялаған материалында батыр бұл туралы былай деп баяндаған екен: «Оқ бүркесіні бөлме ішіне тағы бір сау ете қалған кезде, терезеден шыбын жанымды қолыма алып, ытқи жөнелдім. Ұмар-жұмар үйдің сыртындағы бір шұңқырға кеп құладым. Көріп қалды ма, әлде осы бір үңгірден (әлгі бөлменің терезесі) сезіктеніп әдейі атып тұр ма – оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақытта қолтығымның астынан артыма бұрылып қарасам, доп-домалақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.
– Амансыз ба, жолдас лейтенант!
– Өзің ше?
– Мен де аманмын-ау деймін. Бірақ арттағылар шыға алмай қалды. Сәл күттік. Жау біз шыққан терезеге бұрынғыдан бетер қатты шүйілді.
– Тәуекел, жылжиық!
Тудың сабы жаңа ғана алған партбилетіме жанай бауырымда жатыр. Партияға өтерде «Рейхстагқа шабуыл жасағанда коммунист болсам» деген арызым есіме түсті. Бұл мені жігерлендірді. Айтпақшы, жаңағы жігіт – Григорий Булатов. Жастайынан полктің өзінде тәрбиеленген қолбала. Өте шапшаң, жүгіргенде құйындай ұшады». Осылайша, тапсырма алған топтан екеуі ғана алға озған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов алға жылжуға көшеді. «Гиммлер үйінен» Рейхстагке дейінгі аралық 260 метр екен. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов осы қашықтықты бұршақша жауған оқтың астында жер бауырлап жылжыған бойы аттай жеті сағаттың ішінде басып өткен екен. Ақыры қарша бораған оқтың астында асқан шыдамдылықпен алға жылжыған қос қарулас Рейхстагтің төбесіне алғашқы болып жеңіс туын қадайды.
Осы қуанышты сәт туралы генерал-майор В.В.Шатилов былай деп жазған екен: «Төртінші қабаттағы менің позициямнан алаңда шашыла орналасқан адамдардың орнынан қал ай көтерілгендері, жүгіргендері немесе қимылсыз қалғаны: бәрі-бәрі алақандағыдай көрініп тұрған еді. Және осы адамдардың бәрін менің көзімнен далдаланып тұрған, ар жағында депутаттық кіреберісі бар ғимараттың бас есігі мен оңтүстік- батыс бұрышы өзіне қарай магниттің екі полюсі тәрізді тартып тұрғандай еді. Мен кенет оң жақ колоннадағы баспалдақтардың үстінде алаулаған алқызыл түсті Туды көрдім». Бұл – Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен ту еді.
Кәкімжанның жазғандарын Баукең өзі қадағалап, қажет болған сәттерде ақыл-кеңес беріп отырған. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлының арқасында майдангер Рахымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі жалпы елге танылды, құрметке бөленді.
...Әлі есімде, 1969 жылы Алматыға барып, медицина институтына түстім. Сабақ басталғанына бірер күн болған. Деканымыз профессор Ханиса Сәтбаева лекциядан кейін біздің 21-22 топтың (группаның) студенттерін жиып алып, үш күн біздің сабақтан босатылып, жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан «Алматы» қонақүйінің қызметкерлеріне көмекке баратынымызды айтты. Ертеңіне таңертең қонақүйдің алдына 50 шақты студент жиналдық. Біздің топты күтіп алған жас келіншек қонақүйдің директорының кабинетіне алып келді. Жолай «Директорымыз Рейхстагқа ту тіккен қазақ – Рахымжан Қошқарбаев. Ол кісінің ерлігі жайлы хабардар боларсыңдар...» деді. «Иә, білеміз, оқығанбыз!..» деп біразымыз шу ете қалдық. Кең кабинетке ендік. Қара костюмі мен ақ көйлегі, мойнына байлаған галстугы бойына жарасқан, шаштары көмірдей қара, келбетті ер тұлғалы азамат орнынан тұрып, қарсы алды. Біздің әрбірімізбен жеке-жеке танысып, «Қарақтарым, жұмыс көп болып, үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан, сіздерді көмекке шақыруға тура келді. Қонақүйге арналған көптеген жиһаздар келіп түсті. Соларды бөлме-бөлмеге орналастырып, терезелерге перделер ілуіміз керек. Қыздар жағы перделерді іліп, терезелерді жуса, ұл балалар әлгі жиһаздарды лифт арқылы жоғарғы қабаттарға көтеріп, бөлмелерге орнату керек. Міне, бұл сіздердің алдарыңызда тұрған басты мақсат, атқарар жауапты іс. Үш күнгі тамақтарың біздің қонақүйдің есебінен – таңертеңгілік, түстік, кешкі асты біздің асханадан ішесіздер. Өйткені, сендер студентсіңдер. Ал, студенттердің жайы бәрімізге аян. Қазір асханаға барып шәй-пәй ішіп алыңдар, содан кейін жұмысқа кірісесіңдер. Барлығыңызға түсінікті ме? Онда іске сәт!» деді. Сөйтіп Рахымжан аға жылы шырай танытып, бізді жақсы қабылдап еді. Үш күн бойы мезгіл-мезгіл өзі аралап, біздің атқарып жатқан ісімізге көңілі толып, ризашылық сезімін білдіріп жүрді. Сонда байқағанымыз, Рахымжан аға өте қарапайым, өмірде өз ұстанымы бар парасатты, жаны жайсаң, дархан мінезді, кішіпейіл жан екен.
1991 жылы «ССРО» деген атымен бүкіл әлем елдерін үркітіп келе жатқан Кеңес Одағы саяси дағдарысқа ұшырап, күнге күйген бөздей ыдырап, еліміз мыңдаған ғасыр бойы халқымыз армандаған егемендікке ие болды, көгімізде Көк байрағымыз желбіреді. Көп ұзамай-ақ, атақты партизан, жазушы Қасым Қайсеновке кескілескен соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілгені жайлы жоғарыда айтып өттік. Одан кейін-ақ көпшілік арасында «Рахымжан Қошқарбаев неге атақсыз қалды?» деген сөз жиі естіле бастады. Халық біріксе, алмайтын қамал жоқ. Содан 1999 жылдың Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысында көрсеткен ержүректілігі, батырлығы үшін Рахымжан Қошқарбаев ағамыз «Халық қаһарманы» деген жоғары атаққа ие болды. Бұл қуанышты хабарды естігендер «Рахымжан Қошқарбаев қандай атаққа болса да әбден лайық азамат!» деп қолдап, қызу пікір білдіріп жатты. Сөйтіп, ердің ерен батырлығы бағаланып, кезінде «Кеңестер Одағының Батыры» деген атаққа ұсынылып, онысы базбір себептермен іске аспай қалса, енді еліміздің егемендік алған кезеңінде көпшіліктің тілегі орындалды. Жұрт екі батырдың есімдерін ардақтап, құрмет тұтып, аттарын мектептерге, көшелерге берді. Баукеңнің шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамған Жуалы ауданының орталығы – Боранды (Бурное) ауылы бұл күндері Бауыржан Момышұлы ауылы деп аталады. Ауылдың «Жеңіс» саябағында 2006 жылы Баукеңнің еңселі ескерткіші бой көтерді, батырдың музейі ашылды. Тараз қаласының орталық алаңында да Б.Момышұлының көрнекті ескерткіші орнатылған болатын, ол ескерткіш сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұсынысымен 2018 жылы «Жеңіс» саябағына орналастырылды. Қазір ол Ұлы Жеңістің символы болып, алыстан көз тартады. Ал, Астана қаласының 10 жылдығына жамбылдықтар бас қаланың көрікті бір скверіне батыр Баукеңнің ескерткішін орнатып, астаналықтарға жақсы тарту етті. Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектепте жүздеген жеткіншек дәріс алып, машықтанып, тәрбие көріп, өздерін «біз бауыржандықтармыз» деп орынды мақтаныш етеді. 2010 жылдың басында Ресейдің астанасы – Мәскеудегі бір мектепке КСРО батыры, жазушы-майдангер, қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы аты берілді. Белгілі ғалым-филолог, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметовтың басшылығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жанынан Бауыржантану әдеби- зерттеу орталығы ашылып, оның қызметкерлері халқымыздың хас батыры, әскери жазушы, публицист Б.Момышұлы жайлы құнды тың деректер жинастырып, сараптап, баспаға 30 томдық шығармаларын дайындап, баспадан шығарып, түрлі түсті әшекейлі фотоальбом «Өркен» баспасынан жарық көрді. «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ залында» Бауржантану ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Мәскеуде де көлемді кітап шығарып, көптеген игілікті істер атқарылды. 2024 жылы жамбылдық жазушы-журналист Бекет Момынқұлдың Бауыржан Момышұлы жайында «Момышұлы әлемі» атты кітабы Алматыдан жарық көрді.
Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайлы мәлімет ұзақ жылдар шовинизмнің салдарынан көпшілікке белгісіз болып, бүркемеленіп келді. Тек тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін ғана ақиқатқа қол жеткізгенімізді айтып өткеніміз жөн. Ғаламтордағы «Википедия» энциклопедиясындағы «Рейхстагқа шабуыл» («Штурм Рейхстага») атты парақта мынадай тайға таңба басқандай мәлімет бар: «...1942 жылы ол атқыштар полкіне кірді, Көкшетау, содан кейін эвакуацияланған Тамбов жалпы командалық жаяу әскер училищесіне жіберілді. Бішкек. 1944 жылы Р.Қошқарбаев оқуын үздік бітіріп, майданға аттанып, Отанын қорғауда батылдық, жанқиярлық пен батылдық танытты. Соғыстың соңына қарай лейтенант Р.Қошқарбаев Кутузов дивизиясының 150-ші Идрицк-Берлин орденінің 1-ші атқыштар взводының командирі болды.1945 жылдың 30 сәуірінде 14 сағат 25 минутта лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов ғимараттың орталық бөлігіне қарай жер бауырлап жылжып жетіп, бас есіктің баспалдағы жанындағы колоннаға қызыл туды бекітіп қадады. Егемен ел болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа еліміздің ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағы берілді». Бұл – бірнеше ондаған жылдар біз аңсаған әділеттің орнауы еді.
Өткен жылы туғанына 100 жыл толуы қарсаңында Р.Қошқарбаевтың есімі туған ауылына беріліп, жасыл саябақ-аллея жасалып, ескерткіші орнатылды. Батырдың ата-тегін баяндайтын шежіре кітап шығарылып, мәдени іс-шаралар өткізілді. Басқа өңірлерде де әртүрлі іс-шаралар өтті. Қазақстандықтар аты аңызға айналған жерлесі Рахымжан ағаны құрметтейді және оның ұлы батырлығын еске алады. Оның есімі мектептер, көшелер мен елді мекендердің атауларында мәңгі қалады, оның құрметіне ескерткіш тақталар, ескерткіштер мен бюсттер орнатылды.
...Қазақтың ардақты қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев айбынды Алатаудың бөктеріндегі «Кеңсайда» мәңгілік тыныштық құшағында аға-інідей қатар жатыр. Оларға баратын соқпақ жол келушілерден кейінгі жас толқын ұрпақтар үшін қазақтың ержүрек батырлары Бауыржан мен Рахымжан ағалардың ел алдындағы ерен өнегесі таусылмақ емес!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді