«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шер-Ағаның шекпенінен шықпасам да...»

«Шер-Ағаның шекпенінен шықпасам да...»
Ашық дереккөз
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы сөзді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі, режиссер, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Құрметті профессоры Асқарбек Сейілханға қарата айтсақ, артық етпес. Актерлік, режиссерлік, журналистік, ұстаздық қырлары оны айтары бар азаматтардың алдыңғы қатарына шығарды. Бұрын тележурналист ретінде білсек, кейінгі жылдары облыстық «Aq jol» газетінен оның бірқатар мерейтой иелеріне арнайы жазған мақалаларын тұщына оқыдық. Жазғанда да жай емес, қаламынан жұрт әсер алатындай мазмұны бай дүние туды. Енді 75 жасында Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Шер-Ағаның шекпенінен шықпасам да...» атты кітабы жарық көріп отыр.

Аталған кітапта автордың балалық шағы, студент және қызметтегі кезеңдерінен жазылған естеліктер, түрлі басылымдарда жарық көрген сұхбаттары, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы жазбалары, әзілдері, авторға арналған жылы лебіздер мен арнау өлеңдер қамтылып отыр. Кітаптың алғы сөзін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұлдың жазуы жинақтың салмағын биіктете түскен. Алғысөздегі: «Бір кездері қазақтың Шер- ағасы – Шерхан Мұртаза саяси изоляцияға түскені бәрімізге белгілі. Талаптыға келіп, тұрақтады. Өзі туып-өскен ауылы ғой, кешегі жалындап тұрған ағамыз қатты күйзеліске түсті. Атқа мініп алып, Алатау етегіне қарай жалғыз өзі кетіп қалатынды шығарды. Сонда Асқарбек маған: «Көкемді қалай болғанда да жалғыз қалдырмайық. Сенің сөзің өтеді, қызметке алайық деп ұсыныс жаса. Көндір», – деді. Көндірдік. Шер-ағаны облыстық телеарнаның журналисі етіп жұмысқа қабылдадық. Бұйрықты Асқарбек шығарды. «Саған бұйрыққа қол қоюға болмайды», – деді маған. Сөйтіп, облыстық телеарнада «Шер-ағаның уақыты» деген бағдарлама көрерменнің көзайымына айналды. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді талқылау бағдарламаның негізгі бағыты болды. Сол хабарларды Асқарбек Сейілханның өзі жүргізді.

Шер-ағаң екеуі соншалықты тіл табысқаны, көкем қалжыңдап Асекеңнің руын сұрап қояды. Ол: «Қасқараумын », – дейді. Сонда Шер-ағаң: «Қасқарау» деген сөздің мағынасы не осы? Түбі Қасқарау емес, Қасқыр-ау шығар» деп күлетін» деген жолдар ешкімді бейжай қалдырмайды. Тіпті, осы сөйлемдерден-ақ әйгілі Шерхан Мұртазаның Асқарбек Ақылшаұлын қалай бағалағанын байқауға болады.

Көлемді кітап 6 бөлімнен тұрады. «Балалықтан–басшылыққа» деп аталатын алғашқы бөлімі ауыл топырағында өткен алғаусыз балдәурен күндерінен басталып, әдемі өріліп отырады. Балалық күндерін баяндап отырып- ақ автор ауыл адамдарының мінезін, болмыс-бітімін, елдің тарихи ерекшеліктерін шебер жеткізеді. Біздің назарымызды, әсіресе «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да...» деген екінші бөлімі ерекше аударды. Қазіргі таңда атақты адаммен бір мәрте сәлемдесіп, суретке түссе, пәленшемен кездестім деп айтып жүретін, жазып жүретін «мықтылар» көбейді емес пе? Бұл кітаптың атауына қарап: «Ойпырм- ай, көкем қайтеді-ей» деп ойланып қалғанымыз рас. Бірақ, жинақтың әр парағын ақтара келе ол ойымыздан қайтып, Асекеңнің қарапайым қалпымен жүріп көп іс тындыра білгенін аңғардық. Әйгілі Шерхан Мұртазамен бірге отыз хабар жасап, тікелей эфир жүргізу дегеніңіз қандай үлкен еңбек десеңізші!

Автор одан әрі қарай: «2012 жылы Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы република көлемінде кеңінен тойланды. Осы кезде тағдыр менің жолымды Шерхан Мұртазамен екінші рет үлкен оқиғаларға байланысты түйістірді. Мерейтойға байланысты той иесінің бір драмалық шығармасы қойылуы керек болды. Шер-ағамен ойласа келе ертеректе жазылған «Домалақ ана» тарихи драмасына тоқталдық. Бұл драмаға тоқталу себебіміз, мен облыстық қазақ драма театрының директоры қызметіне кіріскенде Шер-аға құттықтай келіп: «Домалақ ана» драмасын біз қоялық деп бірнеше театр сұрап алды. Бірақ, қойылмай қалды» деп назын айтқан еді. Біз осылай жұмысқа кірістік. Көркемдік кеңеспен ақылдаса келе драманы сахналауға Алматыдан режиссер-драматург, Халық артисі Ерсайын Төлеубайды, басты кейіпкер Бәйдібек рөліне Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Таразиды шақырттық. Жерлесіміз Бәйдібек бейнесін аса тартымды да нанымды етіп, орындап шықты. «Домалақ ана» рөлін сомдаған театрымыздың талантты актрисасы Анар Сағымбекова тамаша өнер көрсетті», деп жазады.

Кітаптың басқа бөлімдеріндегі Асқарбек Сейілханның түрлі басылымдарға жарияланған сұхбаттары, өз қаламымен жазған әріптестерімен арадағы әзілдері де сәтті шыққан. Ал, соңғы бөлімдегі авторға арналып айтылған естеліктер мен арнау өлеңдер де оқырмандарды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.

Түйіндеп айтқанда, Асқарбек Ақылшаұлының тамаша кітабы оқырманға жол тартты. Бұл еңбектің болашақ журналистика, режиссер, актер м амандығын таңдаған жастармен жасөспірімдерге берері мол. Жалпы, әр оқырманға өмірдің соқпақтарын, қиындығы мен қызығын, қарама-қайшылығын, түрлі әсерлерін түсіндіруде зор маңызға ие. Жаңа кітабымен авторды құттықтай отырып, сиясы кеппеген жинақтың оқырмандары көп болатынына сеніміміз зор.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар