
Мемлекет басшысы с ан с аладағы істі ілгерілетудің жолдарын айқындап берді. Соның ішінен көкейіме қонған әрі өз кәсібіме қатысты екі бағытқа тоқтала кетсем деймін. Оның бірі – салық- бюджеті саясатын реформалау, екіншісі – еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтар мәселесін шешу.
«Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс. Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай- ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, қазір бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Халық бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілгенін қалайды. Салық жүйесін реформалау бір ғана қосымша құн салығының пайызын өсірумен шешілмейді. Қосылған үстеме салықпен мемлекет бюджетін толтыру қиын. Мұның арғы жағында табысын жасыру, түрлі айла-шарғыны ойлап табу секілді салдары бар.
Қазіргі экономикалық дағдарыстар кезеңінде шағын және орта бизнестің жайы су бетіндегі қалтқыдай күйде тұрғаны жасырын емес. Бұл шешім орта кәсіпке ауыр соғады. Мұндайда шағын кәсіпкерліктің жайын айтпай-ақ қоюға болады. Үстеме қосу бұл саланы нарықтық қатынастар жүйесінде қорғаусыз қалдырумен тең. Дамыған елдерде мемлекет бюджетінің басым бөлігін осы шағын және орта бизнестен түсетін түсім толтырады. Сондықтан, олар дәл осы саланы дамытуға күш салып, жеңілдіктер қарастырып, қолдау көрсетіп отырады. Сол себепті әлемдік тәжірибенің тиімді тәсілдерін жан-жақты қарастырып, егер ҚҚС пайызы көтерілсе, орта бизнес үшін басқа салық міндеттемелерін жеңілдету керек.
Мысалы, ірі кәсіпорындарға ұзақ жылдарға осы ҚҚС-нан преференция беріледі. Осындай жеңілдіктер жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандарға да қарастырылса, өндіріске жаңа инновацияны енгізіп, жаңа өнім шығарып жатқан кәсіпорынға кемінде бір жылға берілсе, бұл кәсіпкерлер үшін үлкен талпыныс болар еді деп ойлаймын.
Президент тапсырған міндеттердің ішінде назарымды аударған екінші мәселе – жұмысшы мамандықтарының мәртебесі. Біз мынаны ескеруіміз керек; қарапайым жұмысшының еңбегі лайықты бағаланған қоғамда адалдық принциптері алда тұрады. Осы ақиқатты айқындап алсақ қана, біздің елімізде көптеген мәселе өз ретімен шешімін табатын болады.
Мәселен, еңбек адамының абырой-беделі артса, жастар арасында жұмысшы мамандықтарға деген көзқарас түзеледі. Нәтижесінде, «дипломды жұмыссыздардың» мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Қазір еңбек нарығында технолог, техник мамандарға сұраныс көп. Ауыр және жеңіл өнәркәсіп салаларында шеберлер тапшы. Электронды «Еңбек биржасында» малшы, бақташы, бағбан, жұмысшы орындар ұзақ уақыт бос тұрады.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да кадр мәселесі өзекті. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында барлық кәсіпорындар мен фабрикалар, шаруашылықтар ашық нарыққа шыққан қиын- қыстау жылдарда полиграфиялық компания ашып, барлық сын-қатерлерге төтеп берген басшы, бизнес өкілі ретінде мен де осы проблемамен жиі бетпе-бет келіп отырғанымды айта кеткен жөн. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймаққа қажетті мамандықтар тізімін кәсіпкерлермен бірлесіп анықтауды тапсыруын қуана қабылдадым.
Мемлекет басшысы: «Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ, сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет», деп атап көрсетуі арқылы еңбек нарығындағы диспропорцияны реттеудің жолын көрсетіп берді.
Уақыт ағымы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды талап етуде. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұған жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Маман даярлау ісінде кәсіпорындардың талап-сұранысы ескерілгені жөн деп есептеймін.
Айталық, білім ордасында технолог немесе дизайнер мамандар өз кәсібін оқу бағдарламасының шеңберінде оқып-үйренеді. Практикада да стандарт шеңберінде қарастырылған құрылғылармен жұмыс істейді. Ал, бұл уақытта компания жұмыс жүйесін автоматтандырып немесе базаға жаңа шыққан бағдарламаны енгізіп үлгереді. Колледжде басқа программаны меңгерген жастар жұмысқа қабылданғанда жаңа жүйеге тап келіп, өз білім- білігін көрсете алмай қалып жатады. Жұмыс беруші мен білім беруші мекемелер арасында алшақтық осыдан пайда болады.
Президент осы проблеманың алдын алудың жолын айқындап берді. Ол – жеке сектордың бұл іске белсене араласуына мүмкіндік беру. Нарықтық қатынастар кезеңінде бәсекеге төтеп берудің бір жолы – мықты мамандарды тарту. Еңбек ұжымында қызметкерлердің үш буынын тұтас қалыптастыру. Аға толқынның тәжірибесі – қай кезде де ең мықты еңбек мектебі екені сөзсіз. Орта буын екі ортаны жалғаушы көпір қызметін атқарады. Алдыңғы толқын зейнетке шыққан кезде орнын орта буын, ал олардың ізін жастар басады.
Бүгінде көптеген еңбек ұжымдарында осы тепе-теңдік бұзылған. Жас мамандар аз. Зейнет жасына келген кадрлардың орнын алмастырған орта буынның өзі біраз жылда зейнетке шығады. Сондықтан, жастардың кәсіптік техникалық, жұмысшы мамандықтарын игеруіне ықпал ету – кезек күттірмес мәселе. Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамының абырой-беделін көтеру туралы іс-шараларды қабылдауды тапсыруының арғы жағында осындай мән жатыр.
Сәуле РЫСБАЕВА,
«Рысбаева және Ко» ЖШС-нің және «A-Status» жеке меншік білім кешенінің құрылтайшысы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуеті мығым елдің ертеңі жарқын
- 15 наурыз, 2025
Ықпалды құрылымға айналған Құрылтай
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді