
Аталған кітапхана жанынан «Қаламгер» клубы құрылған. Жас ақын Марал Хантөреқызы жетекшілік ететін клубтың міндеті жас қаламгерлер мен жас оқырмандарға қолдау көрсетіп, кітап атты алтын қазынаның құндылығын таныту. Клуб әр аптада әртүрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Бұл жолы мектептің бастауыш сынып қабырғасындағы жасөспірім оқырмандардың қызығушылығын арттыруды көздепті.
Яғни, кітапхананың залына Тараз қаласындағы №66 орта мектептің 4-сынып оқушылары және сынып жетекшісі Рабиға Тенелова шақырылыпты. «Кітап – асыл қазына» атты іс-шараны «Қаламгер» клубының жетекшісі Марал Хантөреқызы ашып, жеткіншек ұл-қыздарға ең асыл қазына кітап екенін, сол қазынаны тану арқылы адам арманына жететінін әңгімеледі. Тіпті, әр әңгімесін өзінің басынан кешкен оқиғалармен байланыстыра келіп: «Арманға жету жолында аянбаңдар. Осы бағытта кітаппен дос болуды дағдыға айналдырыңдар. Сендерге әрқашан батылдық, жігер, табыс тілеймін», – деді.
Кездесу барысында жас оқырмандарға түрлі сұрақтар қойылып, жауап берген белсенділерге сыйлықтар берілді. Мұндай сыйлықтарға алдымен Ернұр Жақыпбек, Санжар Аманбек, Ұлжан Жомартбек деген оқушылар қол жеткізді. Ал, жас талапкер Нұрқаділ Бейсенбай сұраққа жауап бере келіп: «Менің арманым – болашақта жазушы болу. Әрине, ол өте үлкен жол. Сол жолмен жүргім келеді. Қазір балаларға арналған жұқа кітаптарды оқып жүрмін. Талаптанып өз ойларымды күнделік түрінде қағазға түсіремін. Оның өзі ертеңге жасаған қадамым деп білемін. Біз жаңа мектепте, барлық мүмкіндігі бар жерде білім алып жүрміз. Бұл бізге жасалған қамқорлық. Мектебіміздің кітапханасы да үлкен. Ол жерден де барлық қажетті кітаптарды тауып алуға болады. Барлық бала арманына кітап оқу арқылы жетеді деп ойлаймын», – деді.
Мұнан соң аталған кітапхананың кітапханашысы Шынар Көшенова әйгілі жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» кітабының қысқаша мазмұнын айтып беріп, оқушылармен бірге талдады. Міне, осы тұста Рахман Еспенбет, Айсұлтан Бақыт бастаған жасөспірімдер кітап кейіпкерлеріне қатысты бірнеше сұраққа жауап берді. Олар бас кейіпкер Аянның ащы тағдырына, соғыс салған зардаптарға алаңдай отырып, өздерінің бүгінгі бақытты күндері туралы да әңгімелеп берді. «Жусан иісі» кітабын талдау қызықты да әсерлі өтті. «Біздің Тараз қаласында оқушылар саны өте көп. Бастауыш сыныптарда да мыңдаған оқушылар білім алады. Солардың ішінен сыныптастарыммен келіп, осындай кездесуге қатысқаныма қуандым. Үлкен әсер алдым. Мен енді сабақты жақсы оқумен бірге, әдеби көркем шығармаларды да жиі оқитын боламын. Себебі, сыныптастарымнан кейін қалмауым керек. Қызықты кітаптарды солармен бірге талқылауым әдетке айналуы тиіс», деген оқушы Ұлжан Жомартбайдың сөзіне сүйсіндік.
Іс-шара барысында экраннан кітаптың құндылығы жайлы роликтер көрсетілді. Кітапханашылар Назерке Ниязалы кітаптың құндылығы туралы айтса, Алтынай Әбдірайымова әннен шашу шашты. Аталған сыныптың жетекшісі Рабиға Айдарбекқызы: «Біз бір сынып болып, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына келдік. Мен күнделікті сабақ оқытумен бірге шәкірттерімнің кітап оқуына да назар аударып отырамын. Олардың балаларға арналған кітапқа қызығуы мені қуантады. Бұл күн шәкірттерімнің есінен ешқашан шықпайтыны анық. Олардың арасынан мүмкін ақын, жазушылар шығып қалады ма деген тілегім де бар. Әр бала – мұғалімге берілген аманат. Сол балаларды жақсы бағытқа бұру парызымыз. Жақсы бағыттың үлкені – кітап оқу. Барлық алтын қазына кітапта. Сол ізгі жолға шәкірттеріммен бірге қадам бастым. Кітапханада жақсы кездесуге куә болдық. Аталған кітапхана ұжымына алғыс айтамын», – деді.
Кітапхананың «Қаламгер» клубы – жас оқырмандарға шырақ пен шуақ шашқан ұйым. Олар алдағы уақытта да талай іс-шараны сәтті жүзеге асыра береріне сеніміміз мол.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Шәмші әндерін шырқаған жас таланттар
- 13 сәуір, 2025
Лиро-эпостық жырлардың қолжазбаларын жинаған
- 13 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді