
Осындай көкейкесті мәселеге аға ұрпақ өкілдері алаңдамай отырған жоқ. Олар өздерінен кейінгілердің, әсіресе жастар қауымының әртүрлі әдеби кітаптарды оқуға көптеп ден қоюын құптар еді. Өйткені, бастауыш сынып оқушыларынан бастап ұялы телефонға телміріп, алтын уақыттарын текке өткізіп жатқан ұрпақтар қатары өсіп келеді. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары да кітап оқуға аса құштарлық танытып жүрген жоқ. Мұндай үрдіс қашанғы қанатын жая бермек? Бізді оқытқан мұғалімдеріміз білімнің негізі кітапта деп санамызға сіңірді. Тұрмыстағы тәрбие дұрыс болғандықтан, өзімізге тиісті оқулықтармен қатар көркем әдеби кітаптарды да жарыса оқитынбыз. Әсіресе, кітапханашылардың жаңа кітап туралы айтқан кеңестеріне құлақ түретінбіз. Белгілі жазушылардың таңдамалы кітаптарын кезектесіп оқитынбыз. Ертесіне басқа біреу күтіп отырғандықтан, сол түні ұйықтамасақ та сол кітапты бастан-аяқ оқып шығуға күш салатынбыз. Бұдан ешқайсымыз жаман болған жоқпыз. Білімді болғандықтан болашағымызды бағдарлап, келешегімізге көңіл бөлдік. Осындай өнегелі өмір жолын тілге тиек етсек те, күнделікті құлағына құйып отырсақ та, кейбір жастардың көзқарастары түбегейлі өзгермейтіндігін байқап жүрміз. Осындай ащы шындықты әңгімесіне арқау еткен бұрынғы кітапханашы, бүгінгі зейнеткер, Көктөбе ауылының тұрғыны Бибікүл Көпбаева іштей толқып кетті ме, ауыр бір күрсініп салды. Кейіпкерімнің кісілік келбеті, адами асыл қасиеті көзге ұрып тұрса да, бір сәт көз жанарының мұңайып қалғандығына таңғалған жайым бар. Менің көңілімді түсіне қойса керек: «Аға, өз басым кітапханашы болғаныма ешбір өкінбеймін. Шу аудандық мәдениет бөліміне қарасты Жидебай және Көктөбе ауылдарында кітапханашылық қызметті қырық екі жыл бойы абыроймен атқардым. Жеке еңбек кітапшамда «Кітапханашы» деген ғана жазу бар. Орта мектепті тәмамдап, болашақ мамандықты таңдаған сәтте әкем Атабек: «Қарағым, қыз балаға кітапханашы болу өте ыңғайлы сияқты. Мысалды алыстан іздемейік, Қуантай ағаңның үйіндегі Бибігүл жеңешең кітапханашы болып, үлкен абыроймен зейнетке шықты, он баланың анасы болып, батыр ана атанды», – деген еді. Әкемнің осы уәжі қанаттандырса керек, Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана» бөліміне оқуға түстім. Мамандығым бойынша қызмет атқара жүріп, жоғары білім алуды да жоспарлағанмын. Алайда, адамның айтқаны бола бермейді екен, арада төрт жыл өткен соң өзімнің ауылдасым Игенмен тұрмыс құрдым. Содан кейін өз балаларымның болашағына алаңдап, олардың қам- қаракеттерін ойластырып жүріп, жер ортасына жетіп қалғанымды да байқамаппын. Осылай жүргенде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады», – деді Бибікүл Атабекқызы.
Кітапханашылар да басқа кәсіп иелері сияқты, қиындық пен кедергіні аз көрмеді. Әсіресе, ауыл кітапханасы әр жылдары көшіп-қонып жүрді десек те болғандай. Бір атап айтар жайт, 90- шы жылдардың басына таман Көктөбе ауылында 180 орындық мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Осы зәулім ғимараттың он қанатына ауыл кітапханасы орналасты. Сол кездегі қуанышымызда шек болмады. Қаз- қатар тізілген кітап сөрелері көрген көздің жауын алатын. Кітапхананың іші тап-таза әрі жарық мол түсетін. Бұл кезде ауыл оқырмандарының да көңілдері көтеріліп, оқуға деген ынталарының арта түскенін жазбай таныдық. Алайда, қайта құру кезеңінде еліміз бойынша мәдениет ошақтары жекешелендіріліп кеткені белгілі. Олардың жаңа иелері кітапхана жайын ойлап бас қатырмады. Бір сөзбен айтқанда, ауылдық мәдениет ошағы қараусыз қалғандықтан, кітапхананың күйі де қашты. Осындай сын сағатта не істерімізді білмей алаңдадық. Ай мен күннің амандығында киелі орын саналатын кітапхананың қажеттілігі болмай қалады деп үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Сол бір сәтте аудандық кітапхананың басшысы Ақсұлу Бостанова: «Бибікүл, көзіміздің қарашығындай сақтап келген кітаптардың қандай күйге ұшырағанын көріп тұрсың. Мүмкіндік болса, өздеріңде сақтап қалуға күш салыңдар», – деп кеңес берді. Осы кездері ауыл қариялары да мемлекет қаржысына салынған мәдениет үйінің «көлденең келген көк аттының» шылауында кетуіне жол бермеді. Ел тілегін ескерген сол кездегі Жамбыл өндірістік кооперативінің төрағасы Т.Мұқатаев азаматтық танытып, кооператив есебінен мәдениет үйін алып қалды. Бұдан соң мәдениет үйі аудандық мәдениет бөлімінің еншісіне берілді. Осы аралықта Бибікүл Атабекқызы кітапханасымен екі-үш жерге қоныс аударса да, бес мыңға жуық кітапты бүлдірмей, сақтап қалғандығын ауылдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Басқа да елді мекендерде 2000 жылдан бастап кітапханалар қайтадан ашылып, оқырмандарына қызмет көрсете бастады. Сол тұста Көктөбе ауылының кітапханасы аудан бойынша қайтадан ашылған кітапханалардың алғашқысы еді. Құдайға шүкір, кітапханашы да, кітапхана да біраз жылдар бойы тоқырау мен құлдырауды бастарынан өткізгенімен, енді жағдайлары айтарлықтай жақсарды. Қазіргі кезде ауылдық мәдениет үйі көгілдір отынмен жылытылады, қыстың қай мезгілінде барсаңыз да, мәдениет қызметкерлері көтеріңкі көңілмен қарсы алады. Сондай-ақ, ауыл кітапханасының материалдық техникалық базасы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бүгінде кітапхана қажетті құралдармен жеткілікті жабдықталған, жаңа кітаптар жүйелі келіп тұрады. Кітапханашылардың айлық жалақысы да соңғы жылдары айтарлықтай көтерілді. Бәлкім содан болар, өскелең жастар қатарынан кітапханашы мамандығын таңдайтындар да аз емес.
Бір кездері кітапхана жұмысының бейнетін бір кісідей көрген Бибікүл Көпбаева зейнеткерлікке шыққанына біраз жылдар өтсе де, екінші үйіндей болып кеткен ауыл кітапханасына жиі барып тұрады. Өзі тәрбиелеген шәкірті, қазіргі кітапханашы Жанар Сұлтанбаеваның ілкімді істеріне дән риза. Қазіргі таңда Көктөбе ауылдық аналар ұйымының төрайымы ретінде ардагерлер алқасымен және басқа қоғамдық ұйымдарымен бірге ауылдың ырысты ынтымағын сақтауға ұйытқы болып отыр. Биыл жылдың басында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп бастама көтергендігі баршамызға үлкен жауапкершілік жүктегенін сезініп отырмыз. Әсіресе, еңбек жолы кітаппен тығыз байланысты болған шулық ардагер кітапханашылар бұл мәселені қызу қолдауда. Олардың қатарында Бибікүл Көпбаева да аймақ басшысының тың бастамасына қолдау танытып, ауыл тұрғындарын, әсіресе жастарды кітап оқуға шақыруда. Оның айтуынша, кітап оқудың пайдасы зор, жақсы кітап оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді, ішкі жан дүниесі байиды. Бұл пікірге қосылмасқа амалың жоқ...
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді