
Осы орайда, біз адамгершілік асыл қасиеттері жоғары, елге қызмет еткен, халықтың жадында жүрген жақсы жандардың ұрпақтары жайлы жазып, оқырмандармен бөлісіп отыруды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз ақын Серік Томановтың соңынан ерген қызы Марал Томанова мен ұлы Еркін Жапаров жайлы. Жаны игі, мөлдір таза, қаһарман әкеден өмірге ізін жалғастырар адал ұл мен қыз келіпті.
Таластың топырағы құнарлы ғой, шіркін. Профессорлар мен ақындар, жазушылар, ғалымдар шыққан мекен. Солардың ерекшесі де әрі елдің еркесі Серік Томановтың дүлдүл ақын екенін бүкіл республика біледі. Ақынның сөзіне жазылған «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған», «Аққулар» әндері жұбайы Бибігүл Оразбаеваға арналған. Ақынның Марал, Еркін атты екі перзенті бар. Еркін Серікұлы облыстық аумақтық сайлау комиссиясында жұмыс істейді. Баланың жақсы, елге сыйлы азамат болып қалыптасуына ата-ананың тәрбиесі себепші. Осы орайда біз Еркінмен пікірлестік.
– Жалпы, ел алдында жүріп, халықтың мұң-мұқтажын қара өлеңге түсірген әкемнің атына сөз келтірмей, әр басқан қадамды, айтқан сөзді таразылап отыру маған оңай болған жоқ. Дегенмен, балалық шағым, әкемнен көрген тәрбие маған өмірлік жолға көп септігін тигізді. Әкем отырғызып ақыл мен өсиет айтпайтын, тек қасына ертіп жүріп біраз өмірлік азық берді. Ауладағы барлық балаларда велосипед бар, менде велосипед жоқ. Содан әкеме келіп қашан алып бересіз деп айттым. Бірден киінді де, кеттік деді. Жазғы каникул кезі болатын, Қызыләуіт ауылынан бір-ақ шықтық. Біз тоқтаған үй композитор Орынбасар Әбжаппаровтың үйі болатын. Ет асылып, әңгіме айтылып жатыр. Бір уақытта таң атты. Әкем «біз кеттік» деді. Қайдан алғанын білмеймін, бір қойдың еті көлікке қоса салынды. Ақырындап ауылдан шығып, сол кездегі «Көк базарға» бірден келдік. Бірінші келген алушыға әкем айтқан бағасына сол кезде 2300 теңге болатын сойылған қойды бере салды. Ал кеттік деп велосипед сататын жерге келдік. Базар бойында тұрған «Кама» атты қызыл велосипедті арқалап шыға бердік. Өзімнің ойымда қалған жақсы сәттердің бірі болды. Әке деген сондай болу керек шығар деп өзім ойладым, артық әңгіме жоқ, алған велосипедтің қандай жолмен келгенін көзбен және іспен көрсетті. Кейін ол велосипед табыс көзіне айналды, сағатына 10 теңгеге арендаға беретін болдым, солай қиын-қыстау заманда нан тапқан қызыл велосипедке алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл жерде түйіндеген ойым, баланы көп қасыңда ілестіріп жүрсең соғұрлым көп мағлұмат алып, көзбен көргенін оймен түйеді екен. Әрине, ол тек құр ілестіріп жүру емес, баланың да санасына қарай шығар. Бүінде әкеден көрген тәрбиені балаға беруді, жаныма ілестіріп елмен араласуды үйретіп жүрген жайым бар, – дейді Еркін Серікұлы.
Шаңырақтың иесі ұл болса, қыз сол үйдің бағы әрі берекесі. Марал Томанова әкесі өмірден өткенде 18 жастағы бойжеткен болатын. Бүгінде Марал бас қаламыз Астананың тұрғыны. Мемлекеттік тарих институтында он жылдан бері ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Қазіргі күні жұбайы екеуі бірлесіп кәсіп ашқан. Отбасылы, үш баланың анасы.
– Әкем есімде ақ жейде мен ақ шалбар киген, аққұба, қалың қара шаштарын артқа сілкіп тастап күлімсіреп тұратын күйінде қалыпты. Қолында не кітабы бар оқып отырған, не өлеңдерін қағазға түсіріп отырады, не сол өлеңдерін оқып тұрады. Айналасы қобыраған газет, журнал, кітаптар. «Бір қағазымды бір қағаз жеп қойды», деп кейде ашуланғанымен, қағаздарына бізді жолатпайды. Кітапқұмарлығым да сол кезден басталған шығар, әріп танымасам да кітаптарды парақтағанды ұнатушы едім. Балаңа тәрбие бергің келсе, өзің үлгі бол деп жатыр ғой қазіргі психологтар. Бұл пайымды әкем сол кезде-ақ білген тәрізді. Тағы бір есімде қалғаны, ол «Балдырған» журналының редакциясы. Сенбі күні балабақшадан сол жақта «демалатынмын». Фариза апама өлең оқып, Тұманбай атам алып берген құлпынайды жеуші едім сол жерде. Ғажап қой, ә? Ертегіде жүргендей сезінетінмін өзімді. Мені өз жазу үстеліне отырғызып кетіп, өзі сыртқа шығып, ақылы телефоннан кабинеттегі телефонға қоңырау шалатын. Мен тұтқаны көтергенде: «Кешірерсіз, белгілі ақын Серік Томановты телефонға шақырып жібересіз бе?», – дейтін.
Қызық күндер еді ғой...
Әкем маған санауды үйретті. Кәдімгі, жүзге дейін санауды. Бірде анашыммен асүйде әдеттегідей таңғы асымызды ішіп отырғанбыз, әкем басқа бөлмеде ұйықтап жатқан болатын. Менің жасым төрттен асқан, әлі мектепке бармаймын. Анам жүзге дейін санауды үйреткісі келді, бірақ шыдамы жетпей, ұрысып жіберді. Әкем атып тұрып: «Қане, мен көрейін!», – деп 10 минутта үйретіп жіберді... Өмірдегі мен үшін күрделі дүниелерді осылай қарапайым тілмен түсіндіре алатын да қасиеті бар еді...
Балалық шақтан және бір есімде қалғаны, кроссворд шешу. Ол көзін жұмып жатып, мен қойған сұрақтарға жауап береді, мен үстел басында торкөздерді толтырып отырамын. Әкемнен асқан ақылды, әкемнен асқан ғұлама бұл дүниеде жоқ еді мен үшін... Қазір де солай.
Бәрін бақылап жүреді екен. Мен оқиды деп жинаған кітаптарының ішінде қазақ әдебиетінің классиктері Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаевтың кітаптарымен қатар, шетелдік Джанни Родари, Алан Милн секілді авторлар да болды. Жан-жақты дамысын дегені болар...
«Астыңғы ернім жер тіреп,
үстіңгі ернім көк тіреп,
Өлең оқып өртенсем,
Одан өзге жоқ тілек!», – деп ерекше шабыттанған сәті де есімде қалып қойды.
Жаңа жыл қарсаңы еді. Көшеден таксиге отырып, үйге бара жатқанбыз. Қолындағы бір уыс ақшаны такси рөлінде отырған қазақ жігітіне бере салып, «керегіңше ал!», дегені. Шошып кеттім. Үйде нан жоқ, ал әкемнің істеп отырғаны болса... Бірде көшеде тоңып тұрған біреуге басындағы құндыз тымағын кигізіп беріп кетіпті. Мен ол кезде мұндай қылықтарын түсінбеуші едім, есейген соң ұққаным – тұрмыс таршылығы мен тапшылығына қарамастан, жүрегі сондай таза, ақ еді. Ақ жейдесіндей...
Әкем өз өлеңдерінде туған жері Талас ауданы, Амангелді ауылын көп жырға қосқан.
Көшсін деп көз ілмедім, қыр, құмдарың,
Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың,
Қоңыраулы шеңгелің көшсін түгел,
Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын, – деп жырлайтыны есімде. Мен үйдің үлкені болған соң кішкентайымнан зерек болдым. Әкетайымның әрбір өлеңі жүрегімнің түкпірінде сақталған. Солайша, сағынған туған жерімізді мен де ерекше ықыласпен жақсы көремін. Шағын ғана қоржын тамды, жыңғылдарды, сексеуілді, бәрі-бәрін сағынамын. Мен екіге толғанда інім Еркін өмірге келді. Ол мені «Мартос» деп атайды. Әкемнен кейінгі сырлас досым, ол менің бауырым. Тұрмысқа шығарда да әкеме ұқсастық іздедім. Кішіпейіл, аңқылдақ болса дедім. Әйтеуір бір ұқсастық таптым-ау деймін. Жұбымыз ажырамай бірлесе ашқан кәсібімізден нәсіп тауып келеміз, – дейді Марал Серікқызы.
Қалай дегенде де ақынның өлмес жырларын сүйіп оқитын оқырмандары бар. Олар да жақсының жалғасын, тұлпардың тұяғын білгісі келеді, айнытпай танығысы келеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әулеттің атын шығарар ұрпақтары аман болсын деп тілейміз!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді