
Мектеп бітіруші жасөспірімдерге мамандық таңдап, болашаққа оң бағыт алуы үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен елімізде бастау алған бұл көрме кәсіптік жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтуді мақсат етеді.
– «Study in Kazakstan» көрмесі жас талапкерлердің өз елімізден шықпай-ақ шетелдік оқу орындарынан білім алуға мүмкіндік жасауды көздейді. Мемлекет басшысының саясатының нәтижесінде еліміздің көптеген өңірлерінде шетелдік білікті жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалған. Мәселен, тарихы терең Тараз қаласында М.Х.Дулати университетінің базасында Менделеев атындағы Ресей химия, технологиялық университетінің филиалы ашылып, жұмысын жүргізуде. Бұл осы саладағы мамандықтың ең биік шыңына шығуға үлкен мүмкіндік. Биыл болашақ талапкерлердің саны едәуір өсті, 11 мыңға жетіп отыр. Сондықтан, бұл іс-шара еңселі білім ордаларының бағдарламалары мен ұсыныстарын білдіріп, болашақ студенттерді өз қатарларына тартуға таптырмас қадам екенін жеткізгім келеді. Осы көрме жас түлектердің таңдауды саналы түрде жасауға, кәсіби және тұлғалық жағынан өзін тануға, білікті маман болып қалыптасуға жол ашады деген сенімдеміз. Хакім Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» дегеніне сүйенсек, жаны қалайтын мамандықты жаңылмай таңдаудың маңызы зор. Бағыты түзу баладан келешекте маман ғана емес, майталман шығады. Ел болашағын ойлау, халықтың үкілеген үмітін ақтау – сіздер мен біздерге үлкен міндет, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
Межелеген мұраты биік бұл көрмені жамбылдық жастарға ыңғайлылық үшін Таразда өткізуге мұрындық болған облыс әкімдігіне алғысын білдірген Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев күтілетін нәтижелер туралы да айтып өтті.
– Жыл басында Қарағанды қаласынан бастау алған бұл көрме – талапкерлерге керемет мүмкіндік. Өз елінен шықпай, халықаралық стандартқа сай білім алып, диплом иемденуге жағдай туғызады. Осы көрмеде Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары өздері туралы толықтай мәлімет береді. Бұл кешке дейін жалғасады. Яғни оқушылар ата- аналарын ертіп, түстен кейін келіп те кеңес ала алады. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігі тағы да осындай 11 стратегиялық серіктестікті орнатуды жоспарлап отыр. Елімізге сапалы қызмет көрсете алатын болашақ білікті мамандарды, әсіресе бүгінгі заман талабына лайықты маман иелерін дайындауға осы көрмеміз оң ықпал етеді деп ойлаймыз, – деді Руслан Тоқтарбекұлы.
Жастарға кәсіби бағдар беріп жүрген, білім саласында 15 жылдан аса тәжірибесі бар, жастар әсіресе оқушылар арасында танымал педагог- профориентолог Айдос Жұманазар мектеп бітіруші сынып оқушыларына психологиялық кеңес берді.
Көрменің екінші бөлімінде волонтерлер мектеп түлектеріне көрмені аралатып, викториналық ойындарға қатыстырып, ой жүйріктігін шыңдайтын ойын ұйымдастырылды.
– Бүгінгі көрме мен үшін қызықты болды. Біраз ақпараттар алдым. Болашақта журналист болсам деген мақсатым бар. Қазір 11-сыныпта оқимын, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып әрі жоғары оқу орындары туралы ізденіп жүр едім. «Study in Kazakstan» көрмесі іздеген ақпараттарыма молынан қол жеткізуіме көмектесті. Өзім де отандық университеттермен қоса шетелдік оқу орындарынан да білім алып, таңдаған мамандығымды жан-жақты үйренсем деген ойда жүргенмін. Сол көздегеніме мүмкіндік берген бүгінгі көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, – дейді №32 орта мектептің оқушысы Жанел Бақытжанқызы.
Кешке дейін жалғасқан көрмеге тек оқушылар емес, ата-аналар да келіп, шетелдік оқу орындары филиалдарының мамандарымен бетпе-бет пікірлесіп, кең мағлұмат алды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары басталды
- Бүгін, 04:00
Әділетті Қазақстанның тірегі – адал азаматтар
- Бүгін, 03:42
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді