«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басты құндылық – рухани байлық

Басты құндылық – рухани байлық
Ашық дереккөз
Облыс әкімінің бастамасымен 2025 жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Жамбыл ауданында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітап менің өмірімде» open talk іс-шарасы өтті. Кездесу «Сыр-сұхбат», «Топ 5 сауал», «Жыр жазамын жүрегімнен» атты үш бөлім бойынша өрбіді.

«Сыр – сұхбат» кезеңі Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының қатысуымен өтіп, аудан басшысына руханиятқа, кітап оқу мүмкіндігіне қатысты бірнеше сауалдар қойылды. Аудан басшысы: «Біздің Әулиеата өлкесі – қасиетті топырақ. Облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асып отыр. Бұл – кітаптың маңызын арттыруға деген үлкен қолдау. Біз де бала күнімізден кітап оқыдық. Қазақ ертегілерінен бастадық. Қазақ әдебиетінің белгілі жазушыларын қызыға оқығанымыз рас. Сол кітап оқудың нәтижесінде рухани көкжиегіміз кеңіді. Қазіргі таңда жұмыс ауқымы үлкен. Дегенмен, уақыт тауып маңызды кітаптарды оқып отырамын. Оның ішінде біздің ауданнан шыққан ақын- жазушылар бар», – деді.

Келесі «Топ 5 сауал» кезеңін ардагер журналист Сансызбай Бертайұлы бастаған ақын-журналист азаматтардың қатысуымен жалғасын тапты. Жергілікті жерден талпынып шыққан талай жас талапқа ұстаз болған Сансызбай Махамбетқұлов бірнеше сұрақтарға жауап бере келіп:

«Кітаптың қандай түрінің де берері көп. Алайда, көркем шығарманың мәні мен маңызы ерекше. Кітапқа құмарлықты ояту жақсы кітаптардың көп шығуына байланысты. Оқырманды бірден баурап алатын кітаптар әрқашан да оқылады. Қазір жекеменшік баспалар көбейіп, әркім әулетіне арнап кітап шығарып жатыр. Ондай кітаптар үлкен ортада оқылады деп айта алмаймын. Кітап оқу керек, ішінен талғап, таңдап оқу маңызды. Мен бірнеше жыл аудандық газетте бас редактор болдым. Сол кезде ақын, қаламгер жастарды назарға алып, газеттен әдебиет бетін жиі ұйымдастырып, қолдап отырдық. Жалғыз біз емес, аудандағы мәдениет үйлері мен кітапхана, мектептер солай жұмыс істеді. Алдағы уақытта да кітапқұмар оқырманды көбейту жолында бірігіп жұмыс істеген жөн. Сонда нәтижесі болады», – деді.

Өз кезегінде аудан аумағында тұратын ақындар Әсел Назаралы, Қайрат Отарбаев, Нұржан Әліш, жас қаламгер Эдиса Мамбеталиева, журналист, аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Нұрасыл Сұлтанбаев ұйымдастырушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қызықты жауап берді.

Аталған ауданда 13 пен 20 жас аралығындағы жастарға арналған «Жас қаламгер» әдеби клубы жұмыс істейді. Қазіргі таңда клубтың 10 жас мүшесі бар. Олар әр тоқсан сайын түрлі іс- шаралар ұйымдастырылып, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсақ, Камила Нұрзат республикалық «Абай оқулары» байқауында бас жүлде иеленсе, Бақкелді Жаңабек пен Тоғжан Жамбылбек жүлделі орындардан көрінді. І республикалық Шәкәрім оқулары байқауының облыстық кезеңіне Мерей Жамалбек қатысып, жүлделі І орынды иеленді. «Үш арыс,Үш бәйтерек» облыстық шығармашылық байқауында Жанболат Бақытұлы бас жүлдені иеленді. 2024 жылы Мерей Жамалбектің «Мерейлі өмір» кітабының тұсауы кесілген.

Аталған әдеби кештің «Жыр жазамын жүрегімнен» кезеңі жас ақындардың шығармашылығына арналды. Мерей Жамалбек өз шығармашылығынан «Мұқағали – Муза» өлеңін оқыса, Әнел Айдаралы жергілікті ақын Қуаныш Ауғанбаевтың «Өлеңнің обалы» шығармасын оқырман назарына ұсынды.

Әсерлі кешті қорытындылаған аудан әкімі жас ақындарға естелік кітаптар сыйлады.

Мұндай рухани кештің жас ақындар мен оқырмандарға үлкен әсер сыйлағаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар