
Тарихымызға ой жүгіртсек ақылымен, парасатымен, тәлімімен, адами қарапайымдылығымен көрегендік танытқан тұлғаларымыз аз емес. Солардың бірі және бірегейі ретінде жуырда ғана мезгілсіз дүние салған ұстазым, қаламгер-публицист Мейрамбек Төлепберген жайында бірер сөзімді айтып, еске алып кетуді орынды деп санаймын. Себебі, аға буын жүріп өткен даңғыл жол мен ерен еңбектердің бағасын білген ұрпақ қана бүгінге мұра болып қалған Ұлы Дала қасиетін сезініп, оның келешегі жолында аянбай еңбек етуге бейім болады.
Мейрамбек Төлепберген (1957-2024) – елімізге кеңінен танымал қайраткер қаламгер. 1957 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Заманауи қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңбасымен дараланып, олжа салған қаламгердің жазған публицистикалық мақалалары мен деректі, прозалық туындылары ел өмірінің айнасы іспеттес және қоғамдық-саяси мәселелерді ұлт мүддесі тұрғысында кеңінен толғауымен мәлім болғандығын бүкіл еліміз біледі.
Қазақ публицистикасын жаңа дәуірде өрелі биікке оздырған Шерхан Мұртаза мектебінің талантты ізбасарларының шоғырында өзіндік көзқарастарымен және табанды ұстанымымен, өткірлігін ұштаған ұшқырлығымен жарқ еткен журналистің абырой-беделі ел тәуелсіздігі жылдарында асқақтай түскен.
Оның шығармашылық жолы талайғы үзеңгілес әріптестері тәрізді мерзімді баспасөзге әртүрлі тақырыпта хабар-ошар, мақалалар жазумен басталған. Өзі он жыл оқыған Түгіскен орта мектебінің қабырғасында жүріп республикалық «Қазақстан пионері», «Спорт», облыстық «Еңбек туы» және аудандық «Октябрь таңы» газеттері арқылы оқырмандар ықыласына бөленген талапшыл жастың өрісі мен шығармашылық жолын ашқан жылдар жүгі әрдайым ізденістерге толы болды.
Қасиетті Талас топырағында дүниеге келіп, өздерінің қаламгерлік қарым-қабілетін жүректерге шықтай қондырған ақын-жазушыларға еліктеді. Әдеби шығармашылық туындыларымен алақандай Үшарал ауылын Алашқа танытқан Ө. Жайлауов, С. Әбдірайымов, К. Ахметбеков, С. Досымов, К. Ахметова секілді дарындылардың әрбір дүниесін іздеп жүріп оқып, дәйім үйренгені де арманшыл үмітінің отын жақты.
Жалынды шақтың қарашығы, жоғары оқу орнының қарашаңырағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті кезінде-ақ Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер болып журналистикадағы еңбек жолын бастап, қырағы тарлан ұстаздардың көзіне іліккен кезеңі оның қалыптасып, шыңдалуына ерекше леп әкелді.
Ізденіс үстінде жас журналист 1980 жылдың бел ортасында республикалық және облыстық басылымдарда жарияланған экологиялық тақырыптағы дестелі мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Бұл сыйлықты атақты журналист, көрнекті суреткер Шерхан Мұртазаның өз қолынан алуында жақсылардан жұғысты қасиеттерді ырымға жорыған жұлдыздай көңілді өсіріп жібергені анық еді. Көп ұзамай сан қырлы журналистиканың жас жампозы Орталық Азия және Қазақстан спорт журналистерінің байқауында бас жүлдеге ие болды. Сол тұста оның атақты спортшылар туралы көркем очерктері «Алыптар ауылдан шығады» деген жинақ кітапқа енгізілген болатын.
Енді өткен ғасырдың 90-шы жылдардың бастауында ой еркіндігі мен сөз бостандығы жиі айтылып, қоғам құбылыстары мен дәуір тынысы жайлы шым-шымдап шындықтар айтылып, тарихтың қатпарлары қайта ашыла бастағаны белгілі.
Дәл осы кезеңде Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің органы «Халық кеңесі» газетінде саяси шолушы болып қызмет атқарған М.Төлепбергеннің парламентаризмді дамыту мен Жоғарғы Кеңестің қызу талқылауға толы жалпы отырысынан күн сайын жазған репортаждарын оқырмандары іздеп оқитын болды. Оның еліміздің атақты қайраткерлерімен ой бәсекесінде заман тудырған жаңа есімдермен сұхбаты, саяси шолулары журналистің толымды болмысын және қоғам қайраткерлігін жан-жақты әйгіледі.
Ал, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» 1995-2007 жылдары саяси шолушы, бөлім редакторы және редакцияның Алматы бөлімшесінің жетекшісі қызметінде атқарған еңбегі шын мәнінде жемісті және табысты болды. Оның ел егемендігін нығайту, нарық жағдайындағы арпалыстар мен ұлт мүддесін қорғау, ұлт қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік әділдікті орнату, тарихи-әлеуметтік шындықтарды жарыққа шығару, билік пен халықтың қарым-қатынасына қатысты ең өзекті мәселелерді түбегейлі зерттеп, мемлекетшілдік қасиеттерді қастерлеу мақсатында жазған сараптама мақалаларын сарғайған басылым беттерінен табуға болады.
Үнемі от ала қашқандай дамыл таптырмайтын журналистикада жүріп шығармашылық өмір үшін күресе білу де таланттарға тән нәрсе.
Ол әрдайым журналист болды. Белгілі кітаптарын жазды. Шынайы ізденістері мен қаламгерлік алғырлығының арқасында егемен еліміздің ең таңдаулы журналистері қатарына көтеріліп, қоғамда сіз бен біз лайықты қабылдау қабілетімізді тұрақты етуге жәрдемдескені де анық.
Ағамыз ел жадын жаңғыртуды ұдайы өзінің қаламгерлік, азаматтық биігінен айқындап алған. Сондай бір мәдени тұлға – ХІХ ғасырда қазақтың қайым айтысының негізін салушы, ақын Ұлбике Жанкелдіқызының өмірі мен шығармашылығы туралы терең зерттеулер жүргізіп, ұзақ жылдар бойы өз деңгейінде айтылмай келген аяулы жанның әділ бағалануына елеулі үлес қосты. Бұл ой-толғамдары мен әдеби зерттеулері «Ұлбике» кітабында толық айтылған.
Оқымысты ойшылдар айтқандай, соғыс ақиқаты ешқашан айтылып болмайды. Оған дәлел, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының төртінші күні болған қанды шайқаста асқан ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен капитан А.Масловтың экипажы құрамында болған атқыш-ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевтың ақиқат дерегін арада 55 жыл өткен соң зерттеп, Мәскеу, Минск және Алматы архивтерінен тың және дәлелді айғақтар табуда зор еңбек сіңірді.
Кеш болса да өшпеген отты ерліктің иесі Б.Бейсекбаевқа Ресей Федерациясының Батыры және Қазақстанның Халық қаһарманы атақтары берілді. Журналистің бұл тұрғыдағы зерттеулері мен жазған сүбелі мақалалары жұртшылық арасында қызығушылық әкелсе, әскери тақырыппен шұғылданушы ғалымдар үшін де жаңалық болды.
Қазақ баспасөзінің көрнекті тұлғасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Jambyl» телеарнасын басқарған бес жылдан астам уақыт ішінде аймақтық телеарна хабарларының мазмұнын арттырып, қызықты да тартымды жобаларды көрермендерге ұсынды, авторлық «Сыр-перне» хабарында еліміздің және Әулиеата өңірінің ең абыройлы зиялы қауым өкілдерімен 180-нен астам хабар жүргізді.
Қазір бұл хабарлар телеарнаның алтын қорында сақтаулы.
Сондай-ақ, Төле би, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази туралы деректі фильмдердің авторы, телеарнада көрермендердің көңілінен шығып, құрметіне бөленген «Айна» хабарының (50-ден астам айтулы тұлғалар туралы) идеялық бастамашысы болды.
Жұртшылыққа ABAI телеарнасы «Сарасөз» хабарының тұрақты жүргізушісі болуымен де көрермендер көңілінде болды. Телеарна тарланының көркемдік-эстетикалық талғамы мен журналистік тапқырлығы, сұхбаттасушылық сыр-сипатының жоғары деңгейі оның бай тәжірибесін көрсетті. Өзі бір сұхбатында еске салғанындай: «Журналистика – ұлттың айбары, қарасөздің қайраты. Ұстанымы – әділдік. Және журналистика ең бірінші сұрақ қою мүмкіндігіне ие мамандық. Бірінші курста оқып жүргенімде Қазақ радиосының студент жастарға арналған «Гүлдәурен» хабарын жүргізуші редакторлыққа байқау арқылы өткенімді ойласам, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында қызмет еткен екенмін. Бақытыма қарай, ел егемендігінің алғашқы жылдарынан бастап көптеген алыс шетелді аралап, қағазға түсірген журналистік жазбаларым – қымбат дүниелерім болып қалды» деп атап өткен болатын.
Қайраткер қаламгердің әр жылдары «Сағасында Таластың бір ауыл бар», «Шоқыр», «Қаһарман Бақтыораз», «Ақиқат алдында», «Қазақ жұрты» (Қ. Сәрсекеевпен бірігіп жазған), «Қос жүрек – бір тағдыр», «Заман сөзі», «Саңырық батыр», «Жүрек көзі», «Күнделік жазбалар» және «Шың мен шындық» деп аталатын кітаптары жарық көрген.
Қазақстанға деген сүйіспеншілік өзіңнің туған еліңе, туған жеріңе деген ыстық ықыласыңнан бастау алады. Азаматтық патриотизм сезімі қазіргі заманғы әрбір отбасында қалыптасады. Осы орайда, мемлекет тарапынан жүзеге асырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты жарияланған. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылған стратегиялық бағдарламаны іске асыру барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының жазылуына Мейрамбек ағамыздың едәуір қолдау білдіргенін айтып өткенді орынды деп ойлаймыз.
Президенттік Бұқаралық ақпарат құралдары сыйлығының және Қазақстан Журналистикасының жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Журналист мамандығы қашанда мәртебелі, өйткені шынайылық пен әділеттілікті сүйеді. Қарапайым халықты жақтайды. Мемлекет пен қоғам алдындағы парызы мен қарызын қатты қадірлейді.
Сенімге сай жауапкершілікті терең сезініп, ісімен құрметке бөленген қаламгер-журналистердің бірегейі М. Төлепберген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарды, сондай-ақ алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Белгілі журналист-публицистің азаматтығы және шығармашылығы туралы Ш.Мұртаза, К.Смайыл, М.Қозыбаев, С.Қирабаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Сәрсекеев, Т. Медетбек, М.Қойгелдиев, Е.Смайыл және басқа да айтулы жазушылар мен ғалымдар, сондай-ақ, үзеңгілес әріптестері өздерінің жылы лебіздерін білдірген.
Соңғы кездері жазған мақалаларын өзім оқи сала «Мақалаңыз басқа жазбалардан бірден ерекшеленіп, нақты айтылатын ойы мен негізгі идеясы көңілге жеңіл тоқылатын болған соң осы жазбаларыңыз «Төлепбергеннің стилі» болып қалады-ау бұл жазушылар тарихатында» десем, «Әй бала, қатты мақтап жібердің-ау. Рақмет! Алға!» деп ризашылығын білдіріп, батасын беретін асқар тау ақылшым, сен де кеттің ғайыпқа.
...Өнегелі тәлімің, ерекше елжандылығың, даналық болмысың мен айрықша кішіпейілділігің ел есінде мәңгі сақталады, ардақты ұстазым.
Бигелді ТАЖИБАЕВ,
тарихшы-өлкетанушы.
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам қайраткерімен кездесу
- 18 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді