
Іс-шара Тараз қаласындағы №23 орта мектептің «Бозторғай» би тобының «Кербез» биімен ашылып, ақынның өмір жолынан қысқаша бейнеролик көрсетілді. Белгілі композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаев құттықтауын онлайн жеткізді. Мұнан соң кеш иесінің сөзіне жазылған Дүйсенәлі Дыбысалыұлының «Әже әлдиі» әні бойынша көрініс қойылды.
Балалар тақырыбына да қалам тербеген Шырын ақынның періште қанат өлеңдерін кішкентай бүлдіршіндер де жатқа айтып жүр. Кеш барысында Тараз қаласы №13 балабақша тәрбиеленушілері «Октябряттар әні», «Жыл құстары», «Алақай, Балмұздақ» өлеңдерін көпшілік назарына ұсынуы сөзімізге дәлел. Облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның 4-сынып оқушысы Кәусар Оңғарбай «Келіншек» күйін тартып, талабының таудай екенін көрсетті. Тараз инновациялық колледжінің студенттері ақынның «Мәдениет», «Поэзия патшасы», «Ақын Күләш Ахметоваға» және «Шерхан Мұртаза» өлеңдерін жатқа оқыды. Келесі кезекте Тараз қаласындағы №20 орта мектептің оқушылары кеш иесінің «Ана тілі», «Атамекен», «Жайна Тараз», «Анашым», «Жалпақсаз», «Аспара», «Мерейлі Меркі», «Бақыт», «Әзиза жеңешеме» өлеңдерін көпшілікке жоғары шеберлікпен жеткізе білді. Ақынның шығармашылығына арналған «Өзі жібек, өлеңі өткір ақын» кітап көрмесінде «Жыл құстары», «Бақыт», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Елге деген махаббат», «Арман гүлі» кітаптары оқырмандарға таныстырылды.
Кеш барысында ақын Шырын Мамасерікова өзіне қойылған бірнеше сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, оқырмандарға жан сырын ақтарды.
Ақын:
«Мен өмірде тағдыр тауқыметін көп көрдім. Өнер жолында да кедергілер аз болған жоқ. Абыройға да бөлендім. Аңызға айналып кеткен Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова секілді ақындар мені бағалады. Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзиза апайдың батасын алдым. Қазіргі таңда жүз жасқа толып отырған әже, Асанбай Асқаровтың жары Фатима апай үнемі хабарласып, жақсы сөзін арнап тұрады. Қазір өзімді құрметтеген халқымның ортасында абыройлы күн кешіп жатырмын. Өлеңге талпынған жастарға бағыт- бағдар беруге дайынмын. Барлық жастарға жақсылық, бақыт тілеймін», – деді.
Ал, кітапхананың кішкентай оқырманы Кәусар Оңғарбай: «Мен 4-сыныпта оқып жүргендіктен, мұндай кешті бірінші рет көріп, үлкен ақын әжеміздің алдында өнер көрсеттім. Өзім өте қуанып тұрмын. Менің ата- анам көптеген үлкен ақын-жазушыларды таниды, оқиды. Ол тізімде Шырын әжеміз де бар. Мен де енді апайдың өлең кітаптарын іздеп оқитын боламын. Шырын әженің маған қарапайымдылығы, көпшілдігі, балаларға деген мейірімі мен жылылығы ұнады. Осы кештен үлкен әсер алдым. Осындай кездесулер жиі өтіп, оқушы балалар жиі шақырылса деген тілегім бар. Балаларға арналған ертегі, әңгіме кітаптарды оқуды бастап жүрмін. Шағын, қызықты кітаптар маған ұнайды. Шырын әжеміздің балаларға арналған көптеген өлеңін бүгін тыңдадық. Маған ұнады», – деді.
Кеш соңында аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова мерейтой иесінің иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді