
Мұны айту себебім – ақын болып туу бар да, ақындықты жетілдіріп қалың елге танылу бар.
Үміт Битенова – бүгінде қазақ поэзиясында кеңінен танылған, өзінің оқырманын, іздеушісін қалыптастырған ақын. Мұны қалай ұғынуға болады? Біріншіден, қанмен келген талант. Екіншіден, еңбек. Осы еңбектің қатарында қайсар мінез де болуы керек шығар. Үшіншіден – тыл. Тыл дегенде, поэзияға, ел әдебиетіне жаны жақын өмірлік жолдасы Ербол Қамбатыровты айтып отырмын. Бәлкім, Үміт бағының бір ұштығы осында болар.
Үміттің ақындық таланты мен жарыққа шыққан туындылары әркезде де бағаланыпты.
Жақында кітапханадан оның 2009 жылы шыққан «Көңіл күнделігі» атты кітабын алып оқыдым. Алғысөзі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың «Көгенді алмай, алыппыз өлеңді біз» деген өлеңімен басталыпты. Ақын әпкесі сіңлісінің ақындық талантын дөп таныпты. Ақ жол тілепті. Елдің жүгін, аманатын арқалайтын ақындықтың оңай еместігін аңдатыпты.
Қаратауға келуге, ерек бүгін,
Үміт, сенің кітабың себептұғын.
Ақын ана, ақын жар болу үшін,
Мен білемін қанша ерлік керектігін!
Өлең қонса, өзіңе ақыл қонса,
Көп болмайды бақытты сәтің де онша.
Жырдың тәжі – тым ауыр, одан да ауыр,
Оған қоса күйеуің ақын болса!
Түсінеміз қос ақынды дегенді біз,
Тәңір берген тағдырға тәуелдіміз.
Кемел бір із қалдырсақ ұрпаққа деп,
Көгенді алмай, алыппыз, өлеңді біз, – дейді ол.
Шығармаға қатал талғаммен қараған жазушы Несіпбек Дәутаев та Үмітке дегенде ақжарма тілегін шектемепті.
«Әдеби жиын не үшін керек? Ол не істеп, не бітіреді? Ол бойында шын мәнінде талант ұшқыны барларға жөн сілтейді, демеп, жебеп жібереді. Жалғыз сол ма екен. Е, жоқ. Оның бір көзі кезінде жарқ етіп көрініп, кейін «жоғалып» кеткендерді іздейді. Іздегенде, қара сөздің қайнары, өлең сөздің оты көрінген жерге қарай олардың өздері қанат қағады. Үміт Битенова сөйтті.
Мен бұл есімді еміс-еміс еститін едім. Ақпан айында (2003 жыл) өткен жиында өзін де көрдім, өлеңімен да таныстым. Ол ақын екен.
Қор болды жаным ақымақтарға,
Бастығым емес, бірақ, бұл.
Сорғалап тамып жапырақтарға,
Мен үшін жаңбыр жылап тұр... – деп жай өлеңші айта алмайды, бұл ақын жүректің кестесі. Үміт енді осы кестесін жоғалтып алмасын» депті. Ертеректе ел ағаларына Үміттей дарындарды дер кезінде бағалаудың өте қажеттігін тапсырып, ақын қарындасынан аппақ тілегін аямаған нар ақын Нарша Қашағанұлының жазғандарының өзі бір шоғыр.
Үміттің соңғы жылдардағы шығармашылығы жөнінде де дарабоз жазушы ағасы Пернебай Дүйсенбин, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, қарымды қаламгер Нұрила Бектемірова, талантты журналистер Шапағат Әбдір, Жұматай Көксубай, тағы басқалардың да мерзімді басылым беттерінде жақсы пікір білдіргені белгілі. Шын ақын туралы толық, түгендеп, бәрін жазып шығу мүмкін емес. Қай-қайсысы да Үміт Битенованың алғашқы өлең туындыларынан-ақ табиғат берген дарынын байқап, өлеңге адалдығын, шынайылығын сезінген.
Біз де қолымызға іліккен «Көңіл күнделігі» кітабын бір деммен оқыдық. Осыдан 15 жыл бұрынғы өлеңдері. Туған жер жырлары, ауыл адамдары, өзінің әр алуан көңіл-күйі – ақын өлеңдерінің арқауы. Алайда, шын өлең ескірмейді екен. Бүгінгідей көңіл әуенімен қабылданады.
Жұлдызың, Айың да – әсем, түнің де – әсем,
Туған жер, жырым да – сен, сырым да – сен.
Өспесем аунап-қунап топырағыңда,
Өзіңді терең танып ұғынбас ем.
Көкірек көзін ашсаң қоймадайын,
Оралар өткен күндер ойға дәйім.
Өмірдің шиыр-шиыр шырмауына,
Түсірмей салдың ылғи жолға дайын, – дейді ақын. Өлең шынайылығымен көңілге жақын. Ақын туған жердің көркін жырлауда әлдебір даңғазалыққа ұрынбайды. Неғұрлым көңілдің көк дөненінің басын ірке тарта отырып, көңіл шындығына, жүрек лүпіліне табан тіреуге ұмтылады. «...Жұлдызың» деп басталатын алғашқы екі тармақ көп ақынға ортақ әуен болғанмен, «Өспесем аунап- қунап топырағыңда, Өзіңді терең танып ұғынбас ем» деп келетін екі тармақ пен одан кейінгі шумақ ақын көңілінің нақ шындығы. Ақын туған жері алдында кіші. Әрдайым махаббатпен, сағынышпен еске алады.
Туған жерді тастап, үдере көшу жеңіл емес. Бір кездегі жайқалған Үшаралының бақытты кезін, өзінің сонда қалған балалық шағын іздейді. Балалық шағының өзі Үмітке қиын сынақтар артқан екен. Бірақ сондағы ауыл адамдарының бір-біріне деген қамқорлығын айтсаңшы... Кең пейіл қазағым-ай!.. Неміс жұрты мен ауыл қазағы қалай бауырласып кетіп еді сонда... Тұрмыс-тіршілік сол жылдары бүгінгідей болмаса да, пейілдері бір-біріне соншалықты дарқан еді ғой. Түтіні түзу шығып, ұйыған ауыл бүгінде тоз-тоз болып, жұртта қалса... Ақын жүрегіне осыдан артық ауыр салмақ бар ма?!. Қарапайым адам күрсініп салып, ішкі сырын жақынына айтса- айтып, айтпаса-айтпай жүре беруі мүмкін, ал ақын үшін... Ол – таусылмас тақырып. Күні бүгінге дейін Таласын, Үшаралын жырлап келеді. Ол – көңіл қобызының тоқтаусыз ағын-сарыны тәрізді.
Мен Үміттің көп өлеңдеріне тоқталмайын. Өйткені, ол өлеңдерінің әрқайсысы бүгінде өз оқырманын тапқан. Көп өлеңдері ән әуеніне айналып, бірде мөлдір махаббатты әлдилейді, бірде сағыныш болып туған жердің аспанында қалықтайды...
Бұлдырықтай әйел-ананың бойынан осыншама мол қуаттың табылғанына, арнасынан асып-тасып жататын ішкі энергия көзіне қайран қалғандайсың... Әрине, ақын қазіргі деңгейіне бірден жеткен жоқ. Өлеңге адалдықтың, тынымсыз ізденістің, еңбектің арқасында жетті. Оны әсіресе Мұқағалиға арнаған өлеңдер циклінен байқайсың.
Мойындаймын, шыным,
Аға!
Сүйінуші ем шұғылаға,
Иілуші ем құбылаға,
Бәрі соның бүгін – ада.
Шабыт буып шаттанғанда,
Мен де өзімше бөлек үнді,
Әнімді арнап ақ таңдарға,
Жаздым талай өлеңімді.
Шағынғаным бір бүгін бе,
Шағыстырам кімді – кімге...
Өзім туған өлеңімнің,
Өзім кестім кіндігін де, – дейді ақын. Мұның астарында терең сыр жатыр. Болашағы беймәлім сондай кездің өзінде де ақын өлеңдеріне тән ерекшелік – ішкі қайсарлық дер едік. Осы қасиет ақынның басқа өлеңдерінен де байқалады. Оның «Аттандыру» өлеңі ер жеткен балаларына арналған. Ана ер жеткен ұлдарын тым өбектемейді. Ана-қыран балапанын ұшуға дайындағанда, қанатың қатты, мойның бекіді деп, құз басынан саржағалын тастап келіп жібермейтін бе еді. Үміт те сол. Осы уақытқа дейін бақтым-мәпеледім, тағылым- тәрбиемді бердім, өмірдің алыс-жұлысында үнемі қасыңда болмаймын, өз жолыңды, өз бағытыңды өзің тап дегендей ұлдарын үлкен өмір жолына аттандырады.
Кәмелет жасқа толдыңдар,
Жаутаңдап енді қарай бермеңдер біз жаққа.
Балапан құстар – балғындар,
Қанат қағыңдар қалалар жаққан ізгі отқа.
Қойыңдар мені.
Жаз – елес.
Мағжанның мұңын жастанып жатам басыма.
Алаштың зары аз емес,
Айналып шыға келетін досы қасына.
Мен ғана ма екем өкпелі,
Әкелерің де жіберіп алды есесін.
Өмір бұл – өзен өйткені,
Абайламасаң – ағысты жаяу кешесің.
Өмір бұл – өзен екен деп,
Сендердей кезде жағалай жүзіп,
жар астым.
Адасар едім – мекен боп,
Тоқтатпағанда толқыны баяу Таластың, – дейді ақын. Оқырман кейде ақынның туындыларынан өзіне, көңіліне жақын өлеңдерді іздейді. Ол саяси-әлеуметтік шығармалар болмауы мүмкін. Ол, ең алдымен, қарапайым адамдық, кісілік жырлары болуы мүмкін. Кісілік жырларының артықшылығы неде? Ол ақынның өз өмірінен, тұнығынан бастау алады. Өз басындағы тағдыр-талайымен, ішкі мұң-сырымен ұштасып жатады. Өзін тебіренткен-толғантқан жайларға құрылады. Табиғи қайнары мөлдір осы бір адамдық шындыққа құрылған жырлар оқырман көңіліндегі шындықпен ұштасқанда, жаңа мән-мағына тауып, оқырман көңілінен де орнын бекем алып жатады. Оқырман өз басындағы жайды, көңіл-күйді ақынның басындағы жаймен сабақтастырады. Мұны не деп атаса болады? Мүмкін бұл ақын мен оқырман арасындағы көзге көрінбейтін сезімдік органикалық байланыс деуге келетін шығар. Жылдар өтсе де, Мұқағали өлеңдерінің өлмейтіні оқырманмен арадағы осы жанды байланысында тәрізді. Үміттің мына бір өлеңі де маған осы кісілік, адамдық шындығымен ұнады:
Өткізіп күннің ән мен жыр тыңдаумен көбін,
Көміппіз жастық-бұлақтың жылдармен көзін.
Ербол-ау,
Кімнен сұраймыз? –
Ауылда қап еді…
Жидемен бірге бүр ашқан гүлдәурен сезім.
Жан сырын жазып жат көзден тізген ұрлана,
Айлы түн қайда? –
Жұлдыздар жүзген нұрлана.
Мектепке қарай бара жатқан екі аяқ жолмен,
Бізге ұқсайды екен,
Әне бір қыз бен ұл бала...
«Оралың бар да ойна, күл»,
Жүргесін тойда.
«Ереке, еске алайық, бірге осындайда».
Ауылға бармай бәрібір басылмас мауқым,
Құлын мен тайдай тебіскен құрдасым қайда?
Қырыққа келмей жатып-ақ қартайып кеттік...
Ортамыз сиреп оған да ортайып жеттік...
Көңілін сұрап Сембектің,
Гүлсімнің шайын
Ішейік.
Ербол,
Ауылға тартайық!..
Кеттік!
Иә, бұл өлеңде саясат та, даңғаза да жоқ. Бірақ мұндағы бар қазақтың бойында бұлқынған туған өлкеге деген шексіз сағыныш оқырман жүрегіне жылы қабылданады. Өйткені, мұнда адамдық шын сезім өзіндік өзгеше орайымен қабыса, келісімді өрнектелген. Тура осы өлеңдегі жай кім-кімнің де басында бар. Ауылға барсаң, құрдасыңды, баяғы өткен балалығыңды таппайсың. Сонда ішкі жан дүниең ешкімге білдіртпей құлазып сала береді. Әттең, дүние дейсің!.. Өткінші өмір!..
Ақынға тілеріміз, жазар көбейсін! Ал, кітап оқу дәстүрін бастаған әулиеаталықтардың үлгісін жалғастырам деген барша өлеңсүйер қауымды Үміт ақынның шығармаларымен сусындауға шақырамын.
Самен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді