«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ширек ғасыр еңбек шебінде

Ширек ғасыр еңбек шебінде
Ашық дереккөз
Теміржол саласымен ерекшеленетін, тоғыз жолдың торабы тоғысқан ауданның бірі – Шу. 1250 адам еңбек ететін Шу локомотив пайдалану депосында түрлі мамандық иелері бар. Солардың бірі – аталған алып мекеменің жүріс бөлігінің слесары Нұрлан Әубәкіров.

Әуелі механизатор болып еңбек еткен Нұрланның теміржол саласында слесарь болып келе жатқанына 25 жыл. Осы жылдар ішінде қаншама қызық та, күрделі жағдайларға куә болды десеңізші. Электровоз, тепловоздардың ақауларын дәл тауып, бүлінген жерін бүтіндеген сайын кеудесін қуаныш кернейді. Себебі, оның әрбір маңдай тері – теміржол саласына қосып жатқан үлкен үлес. Болат жолдың бойымен дамылсыз жүйткіген пойыздардың тіршілігіне Әубәкіровтың үлесі мол. Оның ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланған. «Теміржол саласының үздік маманы» төсбелгісін иеленіп, «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Еңбек озатынан жұмыстың қиындығы туралы да сұрадық.

– Қиындық деп айтатындай аса ауырлық жоқ. Ауысыммен жұмыс атқарамыз. 12 сағат күндіз, 12 сағат түнде тер төгуге тура келеді. Түндегі ауысым кезінде жұмыс күрделі. Теміржолдың қозғалысы күндіз-түні тынбайды. Әр ауысымнан соң екі күн демалысымыз бар. Жалақымыз да уақытылы беріледі. Біз де жұмысты алдыңғы буыннан үйренеміз, кейінгі толқынға үйретеміз. Николай Нетулла деген кісіден осы слесарьлық жұмыстың қыр-сырын үйренген едім. Ол кісі қазір зейнетте. Енді өзім де Диас Жанат, Арман Ешенқұлов секілді жастарға білгенімді үйретіп жүрмін. Теміржол саласына қызмет етіп жатқанымызға қуанамыз. Жұбайым Фарида екеуіміз екі перзент тәрбиелеп отырмыз. Ұлым Ұлан теміржол колледжін жаңадан бітірді. Қызым Әсия – мұғалім. Теміржол саласы біздің де ата кәсібіміз, – дейді еңбегі ерен азамат.

Әкесі Базыл да ұзақ жыл өмірін болат жолдың бойында өткізіпті. Тоқсан жастан аса ғұмыр кешкен ақсақал тыл ардагері болған. Паровозда от жағушы, тепловоз көмекшісі жұмыстарын жауапкершілікпен атқарған. Енді міне, әкенің жолын баласы Нұрлан жалғап келеді. Бұйырса, немерелері мен шөберелері де теміржол саласына аянбай тер төге берер. Аталған депо директорының орынбасары Ербол Серікұлы: «Мыңнан астам маман, жұмысшыларымыздың ішінде Нұрлан Әубәкіровтің жөні бөлек. Жұмысы өте сапалы. Біз әрқашан бұл кісінің еңбегін бағалап, құрметтеп тұрамыз» дейді.

Нұрлан Базылұлының да құрметке лайық азамат екенін байқадық. Ол біз барған кезде де қолына балғасын, қажетті құралдарын алып, электровоз машинасының астында еңбек етіп жатты. Еңбек адамының жауапкершілігіне ерекше сүйсіндік.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар