
ҚЫТАЙДАҒЫ ТОРҒАЙ ҚЫРҒЫНЫ
1958 жылы Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдун бір жылда бір торғайдың егістіктен қанша астық жейтінін есептеп, оның мемлекеті торғай сияқты құстарсыз да жақсы өмір сүреді деп шешім қабылдайды. Осылайша барлық торғайларды өлтіруді бұйырады. Үш жылдан кейін торғайларды қыру бүкіл Қытай халқын жаппай аштыққа ұшыратады. Өйткені, азық-түлік тізбегі бұзылады. Торғайлар қоректенетін жәндіктер шектен тыс көбейіп, әсіресе, шегірткелер елдің барлық егінін жеп қояды. Жағдайды түзету үшін Мао Цзэдун дереу шетелден торғай сатып алады. Ал, аштық салдарынан 20-40 миллион адам қайтыс болады.
РОММЕЛЬ ӘЙЕЛІНІҢ ТУҒАН КҮНІ
Күштердің ара салмағын түбегейлі өзгерткен бұл оқиға болмаса, Екінші дүниежүзілік соғыс қалай аяқталар еді, кім білсін. Әрине, біз 1944 жылы 6 маусымда Нормандия туралы айтып отырмыз. Барлығы Адольф Гитлердің өзі жақсы көрген генералдарының бірі – Эрвин Роммельге Францияның солтүстік жағалауын қорғауға бұйрық бергенінен басталды.
Бірақ «Шөл түлкісі» деген лақап атқа ие болған Роммель ауа райының қолайсыздығына байланысты одақтастар Нормандияға шабуылдамайды немесе кем дегенде кейінге қалдыратынына сенімді болды. Сондықтан, ол әйелінің туған күнін тыныштықпен атап өтуге шешім қабылдады. Бұл қате еді. Дәл оның туған күні – 6 маусым, одақтас күштер Нормандия жағалауындағы барлық бес жағажайды басып алып, фашистерді күтпеген жерден тұсап тастады. Тарихшылардың бағалауынша, сол күні 9 мыңға жуық неміс солдаты қайтыс болды, ал тірі қалғандары олардың сәтсіздігі үшін Роммельді айыптады. Бір қызығы, Роммель кешігіп болса да Гитлердің өз рұқсатын талап ететін танк қолдауын сұрады. Бірақ бұл кезде фюрер ұйықтап жатқан еді, оны оятуға ешкімнің батылы жетпеді.
АЛЯСКАНЫ АҚШ-ҚА САТУ
Аляска жері 1799 жылдан 1867 жылға дейін орыс-америка компаниясының иелігінде болып келді. Ресей патшасы ІІ Александр крепостық құқық жойылғаннан кейін помещиктерге өтемақы төлеу үшін Ротшильдтерден жылына 5 пайыздық үстемемен 15 миллион фунт стерлинг көлемінде қарыз алады. Кейін бұл қарызды қайтару үшін патшаның інісі оның ақысына Алясканы сату жөнінде ұсыныс жасайды. Орыс патшалығы мұны қажетсіз тундрадан басқа ештеңе емес деп есептеп, солтүстіктегі жермен оңай қоштасады. 1867 жылы аумағы 1 миллион 519 мың шаршы шақырым болатын Аляска жері 7,2 миллион долларға АҚШ-қа сатылады. Яғни, әр шаршы шақырым 4,74 долларға бағаланған. Бұл сома қазіргі есеппен қарағанда 100 миллион доллардан сәл асады. Аляска сатылғаннан кейін арада 30 жыл өткенде бұл жерден алтын, мұнай, газдың, өзге пайдалы қазбалардың аса мол қоры ашылады. Тек мұнай мен газдың қоры 100-180 миллиард долларға бағаланады. Аляска әлі күнге дейін Невададан басқа АҚШ- тың кез келген штатына қарағанда қымбат металдарды көбірек өндіреді
ҰЛЫ ОБАҒА ОПЫНДЫРҒАН ОЛҚЫЛЫҚ
1665 жылы Лондондағы Ұлы оба кезінде адамдар аурудың таралуының негізгі себебі мысықтар деп күдіктене бастады және қаланы обадан тазарту үшін осы үй жануарларын өлтіреді. Алайда, мысықтардың саны күрт азайғандықтан, ауру асқынып кетеді. Өйткені мысықтар аурудың нағыз тасымалдаушылары – егеуқұйрықтар мен тышқандарды аулайтын. Небәрі 18 айдың ішінде Лондондағы Ұлы оба індеті 100 000 адамның өмірін қиды, бұл сол кездегі Британ астанасының төрттен біріне тең еді.
АҒЫЛШЫН АСТАНАСЫНДАҒЫ АЛАПАТ ӨРТ
Обадан кейін бір жыл өтпестен Ұлыбритания астанасы тағы бір қайғылы оқиғаға тап болды. Томас Фарринер есімді наубайшы жұмысындағы майшамды өшіруді ұмытып кетіп, бүкіл қаланың өртенуіне себеп болды. Пуддинг-Лэйн көшесіндегі наубайханадан басталған өрт тұтас Лондонды шарпиды. Қаладағы басым үйлер ағаштан соғылғандықтан тілсіз жау 4 күн ішінде 13 200 үй мен 87 шіркеуді күлге айналдырады. Алапат апаттың ағылшын халқына тиізген пайдасы да болды. Өйткені, Ұлы обадан кейін қала өте лас, жұқпалы аурулар мен тышқандардың ордасы еді. Өрт кезінде барлық зиянды жәндіктер мен тышқандар, жұқпалы аурулар жойылып, өрттен кейін Лондон нағыз мәдениет орталығына, заманауи қалаға айналады. Өйткені, алапат өрттің қайталануынан қорыққан қала әкімшілігі жаңа ғимараттарды тек тастан қалай бастаған.
БЮРОКРАТ ҚАТЕЛІГІНЕН ҚҰЛАҒАН ҚАБЫРҒА
1989 жылы 9 қарашада әлемді екіге бөлген Берлин қабырғасы құлады. Тарихи үдерісті ГДР Үкіметінің өкілі Гюнтер Шабовскийдің алаңда аңдаусыз сөйлеуі жеделдете түсті. Осы күні Шығыс Германия өкілі теледидардан Берлин қабырғасын кесіп өту ережелерінің өзгеруі туралы сөз сөйлейді. Жиында журналистердің бірі шенеуніктің сөзін қате естіп қалып, шектеулердің мүлдем алынып тасталады деген түсінікпен өзгерістер қашан күшіне енетінін сұрайды. Оған Шабовский: «Тез арада» деп жауап береді. Баспасөз бұл қуанышты хабарды бірден іліп алып, халық арасына таратып жібереді. Осылайша қалың бұқараның екпініне шыдамаған 45 шақырымдық қабырға бір-ақ күнде құлайды. Берлин қабырғасының құлауы нәтижесінде «қырғи-қабақ» соғыс аяқталып, АҚШ пен КСРО-ны тайталастырған екі полярлық әлемдік тәртіп жойылып, жаңа геосаяси бәсекеге жол ашылды. Екі Германия бірігіп, Шығыс Еуропа елдері демократияға көшті. Сондай-ақ, аймақта саяси шиеленіс әлсіреп, ақыр соңында Еуропа одағы құрылды.
АРЗАНҒА САТЫЛҒАН АPPLE АКЦИЯСЫ
Бүгінде әлемге әйгілі Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі болған Рональд Уэйн туралы көп адам біле бермейді. Ол 1976 жылы Стив Джобс, Стив Вознякпен бірге компанияның негізін қалаушылардың бірі. Кейінгі екеуімен біраз жылдар таныс болса да Уэйннің Стив Джобспен іскерлік қарым-қатынаста басы сыйыса бермейді. Оған компанияның алғашқы күндерінде-ақ Джобстың инвесторлардан аса көлемді мөлшерде қарызға ақша алуы да түрткі болады. Осылайша Уэйн компания құрылған күннен 12 күн өткенде банкротқа ұшыраудан қорқып, өзінің 10 пайыз акциясын 800 долларға сатады. Өкінішке қарай, сол кезде ол он пайыз үлестің қазір шамамен 63 миллиард долларға бағаланғанын білмеді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді