«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жазушы рухын құрметтеген музей

Жазушы рухын құрметтеген музей
Ашық дереккөз
Жақында Шу аудандық тарихи-өлкетану музейіне бас сұғып, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әлдихан Қалдыбаевқа арнайы бұрыш ашылғанын көріп қуандық. Өңірдің баспасөз саласына өлшеусіз еңбегі сіңген тұлғаның еңселі суретінің өзі көптің назарын өзіне бұрды.

Мұнда жазушының «Автобус аялдамасы», «Ата», «Мен – апамның баласымын» кітаптары, көптомдық шығармалары қойылған. Музей қызметкерлерінің ізденгені, Таразда тұратын жазушының жары Бану апайдан, қыздарынан, шәкірттерінен бірнеше құндылықтарды алғаны көрініп тұр. Сонымен қатар, аталған бұрышта Әлдихан Қалдыбайұлының «Шу ауданының Құрметті азаматы» атанған, облыстық «Aq jol» газетіне бас редактор болған кездегі куәлік билеттері, бірнеше маңызды кездесулердегі суреттері де сақталған. «Бұл жерден музейді тамашалаушылар жерлес жазушыға қатысты бірқатар мәліметтерді ала алады. Осы бұрышты арнайы келіп көретін кісілер жеткілікті, жазушы Әлдиханды еске алушылар көп», – дейді музей директоры Аида Берденова. Ал, шулық мектеп оқушысы Еркебұлан Дүйсеке: «Аталған бұрышқа қуанған оқушының біреуі менмін. Себебі, жазушы Қалдыбаев атамыздың шығармаларын оқып жүрміз. Шығармалары балалардың болмысына өте жақын. Шынайы, мөлдір. Көңілді қозғап өтеді. Сондықтан, мұны жазушыға көрсетілген шынайы құрмет деп білемін», – деді. «Әлдихан Қалдыбайұлы – Шудың төлқұжаты. Шынайы, қарапайым адам еді. Қасында талай бірге жүрдік. Рухани інісі болдық. Ол кісіден шығармашылық жолдан бөлек, кісілікті, кішілікті, ізгі қасиеттерді үйрендік. Сондықтан, аудандық музейдегі бұрыш маған да өте ыстық», – дейді Шу ауданының Құрметті азаматы Сәт Мәлібекұлы ұстазы жайлы толғанып.

Енді бұл бұрыштың тағылымы күн өткен сайын арта түспек. Ал, Әлдихан Қалдыбайұлы шығармалары әр баланың жүрегінде, әр оқырманымен бірге ұзақ жасай беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар