«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамының елеулі бақыты

Еңбек адамының елеулі бақыты
Ашық дереккөз
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде сан түрлі ерекше мамандықтар бар. Солардың бірі – көркем тоқыма бағыты. Тоқыманың бұл түрінен, 32 жыл тәжірибесі бар оқытушы Күлиза Төлегенова дәріс береді. «Мұндай білікті ұстаздар колледжімізге мақтаныш, жас оқытушыларға үлгі. Оқу орнында беделдері жоғары», дейді аталған колледждің өнер бөлімінің меңгерушісі Мейрамкүл Маемырова.

Күлиза Райымқұлқызы мұндағы шәкірттеріне тоқыма өнерінің мәнісін үйретуге терең дайындықпен келген. Әуелі бұрынғы Жамбыл педагогикалық училищесін бейнелеу, сызу, сурет өнері мамандығы, кейіннен көркем сурет мамандығы бойынша Тараз педагогикалық институтын 6 жыл оқып тәмамдаған. Ол кездегі оқытушылар да білімді әрі мейірімді болатын. Педагогикалық училищеде студент болып жүргенінде Зере Мұқышева, Алмагүл Сапақова секілді оқытушылардың жанашырлығын көп көрді. Жұмысқа шын берілген аяулы ұстаздардың жүрегінде нұр ойнап тұратын. Ол бір қызық дәурен еді.

Білімі жан-жақты маманды аталған колледж басшылығы оқытушылыққа қуана қабылдаған. Содан бері зымырап 32 жыл өте шығыпты. Бірер жыл мектепте тер төккені болмаса, Күлизаның жылдары аталған арнаулы оқу орнының қабырғасында өтіп келеді.

Еңбек озатын біз екінші курс студенттеріне дәріс беріп жатқан сәтінен кездестірдік. Оқытушының алдында үш студент қыз отыр екен. Тоқыма өнерін шәкірт бойына жақсы сіңіру үшін үшеуден асырмайды. Бұл мамандыққа студент қыздар өзінің жүрек қалауымен келеді. Бәлкім, әжелер тіккен тоқымашылық өнердің тамшысы бойларында болғандығынан шығар. Ал, тәжірибелі ұстаздың оларға үйретері көп. Күлиза Райымқұлқызы: «Тоқыма өнері оңай емес. Бұрын әжелеріміз өмір мектебінен үйреніп, сан алуан ою өрнегімен тоқымалар тоқыды. Ал, біз колледжде сол әжелер үлгісін дамытамыз. Студенттер мұнда жіппен кілем тоқуды, суретті кілем тоқуды, шимен тоқуды үйренеді. Бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, жай тоқыманың өзі біраз шеберлікті қажет етеді. Суретті кілем, шимен кілем тоқу – кәдімгідей өнер. Өнер болғанда – көркем өнер. Тоқыма осылайша, өнер деңгейіне көтеріле береді. Осында киіз басу жұмысын да үйретеміз. Оны ғылым тілінде «Пано» деп атаймыз. Сумен және құрғақ басамыз. Құрғақ басу кезінде инемен шұқу тәсілін де қолданамыз. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп жатады. Мен, тоқудың да инемен шұқитын жері барын, тоқу да инемен құдық қазғандай екенін айтар едім. Бір жұмысқа екі немесе екі жарым ай кетеді. Есесіне, ертең бұл студент қыздар кез келген жерде сұранысқа ие әрі табысты болады, – дейді. Сабақ барысында студент Арайлым Қалмаханның тоқыма жұмыстары ерекше көзге түсті. Ал, Жамбыл ауданының алыс ауылынан келген студент Гүлмира Мамыт: «Біз тоқыма түрлерін тереңдеп, көркем тоқыма деңгейінде үйреніп жатырмыз. Тоқыма өмірдің барлық кезеңінде зор маңызға ие. Сондықтан, осы бағытты таңдадым. Ата-анам да осы таңдауыма көңілдері толды. Себебі, қыз балаға нағыз лайық бағыт. Тәжірибелі ұстазымыз Күлиза Райымқұлқызынан үйреніп жатқанымыз өте көп. Оның бәрі өмір жолымызға өте керек», – дейді.

Күлиза Төлегенова – бір салада ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан еңбек адамы. Шәкірттерге көркем тоқыманың түр-түрін үйреткен сайын өзі де рахат күйге бөлене түсетіні бар. Еңбек адамының бақыты да осы болар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар