
Әуелі Сымықтың сұрағына орай Адамбек басынан кешкендерін рет- ретімен айтып шықты. Оның әкесі Мұса, Иса екеуі ағайынды. Отызыншы жылдардағы ашаршылықта бауырластар көп қиындық көріп, бала-шағаларымен бас сауғалап жүріп, бірі Созақ жақта, екіншісі Әулиеата төңірегінде бақилық болып кетті. Адамбек өзінің екі інісі Өметай және Жұман екеуі Сайрамдағы балалар үйін паналады. «Інім сегіз жаста еді. Ерекше өскен, сүйкімді бала болатын. Қиялшылдығы бар. Әке-шешемізді іздеп кейде мұңайып жылайтын. Бала ғой, сол сағыныш оны ортамыздан жоқ етті. Бір күні түнде балалар үйінен кетіп қалыпты. Мұғалімдер бар, біздер бар, зыр жүгіріп іздедік. Ізім-қайым жоқ. Сөйтіп, бауырымнан айырылып қалдым», деп Адамбек қайғыра күрсінді. «Тірі жүрген болса, Өметайыңмен күндердің күнінде аман-есен қауышасыңдар», деді Сымық оны жұбатып.
1937 жылы Адамбек Әулиеата қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Жасы небәрі он алтыда. Жасөспірімдердің алабұртып тұратын шағы. Училище қабырғасында оқып жүргенде-ақ балалардың көбі әскерге барғысы келіп тұратын. Чкалов деген ұшқыш Солтүстік мұзды мұхиты арқылы қонбай АҚШ құрлығына ұшып барғанда Адамбектер ұшқыш боламыз деп жұлқынды. Орысшасы да әжептәуір. Оқуды да бітірер-бітірместен Ленинград қаласындағы ұшқыштар училищесіне түсу үшін сол жаққа аттанып, қалаға барған соң әскери-теңіз училищесіне құжаттарын тапсырып, сынақтан өтуді бастап кеткен. Сымық іштей Адамбектің өжеттігіне қайран қалып отыр. «Ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ баласының ұшқыш болуға талпынуы не деген ерлік» дейді іштей. Әскери ұшқыш болу кім көрінгеннің қолынан келмейтін арман. Намысқа тырысқан Адамбек төрт жылдың ішінде әскери ұшқыштың кәнігі шеберіне айналды. 1941 жылы 21 маусым күні ол курсанттармен бірге Балтық теңізінің аралында орналасқан әйгілі Кронштатқа екі күнге демалысқа барады. Таңерте неміс фащистерінің Кеңес Одағына соғыс ашқанын естиді. Ертеңіне-ақ бұларды соғысқа даярлау үшін Псковь қаласының маңындағы әскери бөлімге әкеліп, дайындыққа кіріседі. Көп ұзамай Адамбектер алғашқы жорыққа шығады. Иә, Адамбек әңгіме етіп отырғанда Сымықтың да жауды Мәскеу түбінде қарсы алғандары есіне түсіп, іштей қатуланды. Бірақ оның әңгімесін бұзбады. Әуеде соғысу мен жерде соғысудың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны соғыс көргеннің бәрі біледі. Қысқа да болса Адамбектің сұрапыл соғыстағы екі жылы қиямет-қайымға айналғанын Сымық неге түсінбесін. Әсіресе, оның Румыниядағы құпия әскери жарақ қоймасын талқандауға шығып, тапсырманы абыроймен орындап майдан шебінен өтіп бара жатқан кезде фашистердің истребительдері тұтқиылдан шыға келіп, бұлардың ұшағы отқа оранғанда Адамбектер парашютпен жерге қарай құлдилаған сәтін көзге елестетіп көріңізші! Беларуссияның қалың орманында мұның парашюты қарағайдың басына ілініп, тәулік бойы аспанда салбырап тұрады. Партизандар оны көріп, ағаштың басына өрмелеп шығып, ағашқа оралған парашюттың жібін пышақпен қиып жібергенде Адамбек он бес метр биіктіктен жерге құлап, есінен танып қалады. Адам ит жанды дегені рас. Үш ай әскери госпитальда емделген Адамбек 1943 жылдың қыркүйек айында қайтадан қатарға қосылып, арнайы жасақталған десанттармен Иран жаққа ұшады. «Сымеке, елге оралған соң училище бітіргенімді есепке алды ма, қазір аудандық әскери комиссариатта арнаулы бөлім уәкілі қызметін атқарып жүрмін», деп Адамбек сөзін аяқтады.
Түн ортасы ауған шақ. Күйбеңдеп жүрген Сымықты анасы Ұлтай: «Ей батырлар, таң ататын болды. Көз шырымдарыңды алмайсыңдар ма» дегенде екеуі сыртқа шығып келіп, Адамбек үйіне қайтып, Сымық үйге кіріп, төсекке құлай кетті. Бес жылдан кейінгі анасының салған төсегі жұмақтың жәннатындай көрінді.
...Сымықтың көз алдына сұрапыл соғыстың көріністері елестеп, ой елегінен өткізді. Бұл сұм соғыстан бұрын Сымық 1931 жылы әскер қатарына шақырылып Оңтүстік шекарада атты әскер сапында әскери борышын өтеді. Ол тұста басмашылар кеңес өкіметін мойындамай қызыл әскерлермен айқасып жатқан. Әуелгі соғыстың дәмін сол жерде татты. Қылыштасуды меңгерді, ат үстінде жүріп, атуға машықтанды. Ажалы жоқ екен, үш жылдан кейін Ақкөлге қайтып оралып, аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы болып орналасты. Сөйтіп жүргенінде әскерге офицерлер кадрлары керек болып, мұны әскери комиссариат Ташкент қаласындағы әскери училищесіндегі оқуға жіберді. Оны кіші лейтенант шенінде аяқтап, әскери басшылық Сымықтың қабілетін мойындап 1941 жылы Мәскеу қаласындағы Әскери Академияға барасың деп бұйырды. Аз уақыт ауылға соғып, анасы мен келіншегін көріп, мауқын басар-баспастан Мәскеуге аттанды. Мамыр айында академияның табалдырығын аттамай жатып, 22 маусым күні Фашистік Германия Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, курсанттар қайтадан майданға аттанды. Ел басына күн туды.
Сымықтар ең алғаш Мәскеу түбіндегі 67-ші атқыштар полкінің қарамағына кірді. Осы полкке қарасты 5-ші батальонның минометшілер ротасына командир болып тағайындалды. Мәскеу түбінде жан алып, жан беріскен соғысты көп ұзамай өз көзімен көрді. Жау Мәскеуге ентелеп, жан-жақтан қоршап, қыспаққа алып жатты. Құдай куә, ешкімге айтпайтын сыры бар. Дәл Мәскеудің тұсында Батыс және Калинин майдандарының құрамында Қазақстанда жасақталған 316-шы, 312-ші, 308-ші атқыштар дивизиялары фашистердің мұздай қаруланған, әскери соғыста әбден ысылған жеті басты жалмауыз сияқты, күштері өздерінен үш, үш жарым есе басым жауға қарсы жалаң қолмен жағаласып, фашистерді 1941 жылдың қазан айы бойында Мәскеуге өткізбей жанталасты. Әсіресе, генерал майор Панфилов басқаратын дивизия Волокаламск маңында фашистерді қатты шығынға ұшыратты. Сол соғыста аға лейтенант Бауыржан Момышұлының жасағы жау тылында алты мәрте қалып, қоршауды бұзып шықты. Оның ерлігі жайлы Сымық сол жерде естіп, таңғалатын. Бауыржанды біледі ғой. Екеуі түйдей құрдас. Әрі мектеп- интернатта қара нанды бірге бөліскен құрдасы. Бауыржандар жанталасып жатқанда Сымық та өзі басшылық ететін минометшілер ротасымен жаудың шабуылын бірнеше мәрте тойтарды.
Сымықтар содан 1942 жылы Вязьма, Смоленск, Витебск, Минск, Вильнюс қалаларын фашистерден азат ету соғысына қатысты. Әр соғыста азапты көрді, қырғынды көрді. Кешегі взвод командирі ротаны, батальонды басқаруға қолы жетті. Оның ерлігін сол тұста полк командирі Дегтярёв пен дивизия командирі Чистаков жоғары бағалап, жауынгерлерге үлгі етіп отыратын.
Сымық соғысқа қатысқан төрт жыл ішінде күнделік жазып жүретін. Жазғандары көкірегінде сайрап тұр. 1941 жылғы қазанның 6-сы күні былай деп жазыпты: «36 атқыштар бригадасының құрамында Москва іргесіндегі Химка қаласы маңында алғашқы арпалысқа түстім. Бұл кезде мен 82 миллиметрлік минометшілер ротасының командирі едім. Жау шабуылға шықты. Бұл күні алдымыздан жаудың екі жүздей танкісі келе жатты. Төбемізде жүздеген самолет шыр айналып жүрді. Берік бекіністе, орасан зор қорғаныс шебінде болған біз жауға қарсы жанталасқа түстік. Қарсы соққыға тап болған фашистердің аяғына тұсау, мойнына құрық салынды».
«4 қараша. Осы күні қорғаныс шебінің ұзына бойына қатты сөйлейтін ондаған радио репродукторлар қойылды. Келесі күні шебімізге Жоғарғы Қолбасшының өкілдері Ворошилов, Буденный, Тимошенко, Василевский, Конев және тағы басқа әскер басшылар келді. Олар қорғаныс шебін аралап жүріп, шабуыл шептерін ойластырды...».
1943 жылдың 28 ақпаны күні Блини станциясы үшін болған қан-қасап шайқаста полк командирінің жарақаты асқынып, госпитальға түседі де, қолбасшылықты Сымық Бертаев қолға алады.
Полк командирі қызметін уақытша атқарушы Сымық бұл қызметті де абыроймен атқарып шығып, жаудың күл-талқанын шығарып, 1305 солдаты мен офицерін, жүздеген қару-жарағын қолға түсірген.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, талай қырғынды көрсе де аман қалған ол ауыр жараланып 1944 жылы соғыстан оралған соң, «Талас» совхозының директоры, одан ауаткомда төрағаның орынбасары, содан өмірінің соңына дейін Шолақтау (кейіннен Қаратау) поселкесі (қалалық) кеңесінің төрағасы, банк төрағасы қызметтерін атқарып жүріп дүние салды.
Қарулас досы Адамбек Мұсаев сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылында, екі жылдан кейін Шолақтау кентінде қылмыстық істерді іздеп тергеп тексеру бөлімінде қызмет етті. 1947 жылы Қазақстан Ішкі Істер комиссариатына шақырылып, қылмыстық істерді іздестіру басқармасының монета мен контрабандамен күрес бөлімінде аға оператор болып еңбек етті. Сымық екеуі көздері тірі кездерінде сыйласып өтті.
Міне, биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Сол қиын-қыстау кездері Отанды қорғаудың ерен үлгісін көрсеткен қос жауынгердің бірі – Сымық Байдалыұлы тірі болғанда 115 жасқа толар еді. Оның атында Қаратау қаласындағы бір көше бар. Қаратаулықтар оны «Аңыз адам» деп атайды. Ал, Адамбек Мұсаевтың ұрпақтары әке жолын қуып, елге адал қызмет етіп жүр.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді