«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атаулы жылға арналған мақсат пен меже

Атаулы жылға арналған мақсат пен меже
Ашық дереккөз
Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, жұртшылықты жаппай шын еңбектеніп, адал табыс табуға үндеген болатын. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» – деген еді Мемлекет басшысы. Әрине, «жұмыс жоқ» деген сылтаумен қарап жатқан адамға ештеңе келмесі белгілі. Сондықтан, қазақ «Балық берме, қармақ бер» дейді. Жұмыссызға жәрдемақы бергеннен тұрақты табыс тауып отыратын жұмыс берген мемлекетке де әлдеқайда пайдалы. Сондықтан, елімізде өз кәсібін ашуға ниеттілерге қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие мүмкіндіктері қарастырылған. Ал, жұмыспен қамту іс-шаралары қандай? Өткен жылы облысымыздың қанша тұрғыны жұмыспен қамтылды, биылғы меже қандай?

Көкейдегі бұл сауалдардың жауабын облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрадық. Басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, облыстағы жұмыс күші 572 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар саны – 544,7 мың адам. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 362,4 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 182,3 мың адам. Биылғы жылы басқарманың жетекшілік ететін бағыттары бойынша әлеуметтік салаға 54,4 миллиард теңге қаралған. Бұл өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда 22 пайызға артық. 2024 жылы 42,4 миллиард теңге болған екен. Басқарманың жетекшілік ететін бағыттарының біріншісі – жұмыспен қамту.

– Өткен 2024 жылы Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 67308 болып бекітілген. Жыл қорытындысында 70 056 жұмыс орны құрылып, жоспар 104,1 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш тек Талас ауданында толығымен орындалмаған, жоспар 4002 жұмыс орны болса, орындалғаны 3715 жұмыс орны. Биылғы жылға 68 мыңнан аса жұмыс орны жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша есепті кезеңге 13111 жұмыс орны құрылып, жоспар 2111 адамға асыра орындалды, жоспар 11 мың болған еді. Осы жылғы жоспар министрлікпен келісілуде. Өткен жылы 55586 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, 62651 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспар 112,7 пайызға орындалды. Ал, биыл 53773 адамды белсенді шараларға тарту жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Еркін Келесов.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46943 орын болып белгіленіп, өткен жылдың қорытындысында 52776 адам жұмысқа орналасқан. Яғни, межеленген жоспар 112,4 пайызға орындалыпты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына, яғни жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспары 31746 адамды құрап, нақты орналасқаны 35861 адам, жоспар 113 пайызға жүзеге асқан. Ал, биыл тұрақты жұмыспен 32 мың адамды қамту жоспарланған.

Электронды еңбек биржасында облыс бойынша өткен жылы 313 жоба енгізіліп, онда 3113 жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Жыл қорытындысында электронды еңбек биржасына белгіленген жоспарға сәйкес 311 жоба іске асырылып, бос жұмыс орындарына 3160 адам жұмысқа орналастырылыпты. Биылғы жылға 311 жоба белгіленіп, 3115 жұмыс орнын құру жоспарланған. Облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 15197 адамды тарту көзделіп отыр. Өткен жылы 16915 адам тартылып, жылдық жоспар 111,3 пайызға орындалыпты.

– Өткен жылы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың қатарынан 14009 адам жұмыстарын аяқтап, оның 9435-і немесе 67,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Айта кететін жағдай, Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында бұл көрсеткіш жыл қорытындысымен 65 пайыздан төмен болмауы қажет. Жалпы, жыл қорытындысында субсидияланатын жұмыс орындары толық орындалады. Осы жылы субсидияланатын жұмыс орындары 13254 жұмыс орнын құрап отыр. Одан бөлек өткен жылдан 3309 жұмыс орны өтпелі болып отыр. Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру, жаңа мамандық беру жұмыстары қолға алынған. Өткен жылы 1291 адам кәсіптік оқуға жолданып, 1243 азамат оқуын аяқтап, оның 1234-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш оқуын аяқтағандардың 99,3 пайызын құрады. Айта кететін болсақ, өтінім берген жұмыс беруші мекемелер оқытылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға міндеттелген. Әр оқытылып жатқан азаматқа шәкіртақы да қаралған. Нақтырақ айтсақ, айына 32,6 мың теңге, жол жүру ақысы 13,8 мың теңге. Бұдан бөлек жұмыссыздарды «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша 2,3 мың (2 345) адамды оқыту жоспарланса, бүгінгі күнге 3,2 мың (3 223) адам жолданып, оның 2,9 мыңы (2 954-і) тиісті сертификатын алды. Жалпы оқимын, жаңа мамандықтар аламын деген адамға тиімді мүмкіндіктер қаралған, курстың ұзақтығы 37-40 сағат. Биыл 1315 адамды кәсіптік оқумен қамту жоспарлануда. Оның ішінде тігінші, есепші, есепші кассир, жиһаздарды құрастырушы, аспазшы, шаштараз, электр газбен дәнекерлеуші, кондитер, бет әрлеуші, тырнақ әрлеуші, кран машинисі, компьютер операторы, кескіш кестеші, автокөлік жөндеу слесарі, тәрбиеші көмекшісі, құс өсіруші, тракторшы, мал дәрігері, косметолог, наубайшы, автослесарь, техникалық бағдарламашы, графикалық дизайнер, массажист, электромонтер, химиялық талдау зертханашысы, бұрғылау қондырғысының машинисі, экскаватор машинисі мамандықтарын оқыту бекітілген. Бұдан бөлек, 128 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 2524 жұмыс беруші мекемелерден 8151 бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде жұмыспен қамту шараларына 5829 адам тартылып, 1314 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасты, – дейді Еркін Егембердіұлы.

Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, яғни 1008 адамға 1,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, аталған санаттағы азаматтар жеке кәсіптерін ашқан. Биыл 1008 адамға 1,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында ағымдағы жылы 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта 362 адамға 1,8 миллиард теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда. Өткен жылы солтүстік өңірлердегі төтенше жағдайдың салдарынан қаржы жетіспеуі себепті жеңілдетілген несие берілмеген еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар