
Алдында аталған театрда Қуандық Қасымовтың осы театр қабырғасында талай жыл маңдай терін төгіп, еңбек еткенін білеміз. Ол кезде актердің барлығы режиссерге бағынатын. Кімге қандай рөл береді, қанша рөл береді, режиссер шешетін. Оның шешіміне ешкім қарсы келмейтін. Себебі, жұмысын бес саусағындай біледі. Ол кезде сырттан режиссер шақыру деген болмайтын. Қайта сол Қуандық Қасымовты басқа облыстың театрлары шақырып, қойылым қойдыратын. Одан сәл әріректе Ерғали Оразымбетов, Әскер Құлданов деген керемет талантты, көзқарасы бөлек, басқаша ойлай білетін режиссерлер еңбек еткен жылдары да облыстық қазақ драма театрының бағы жарқырап жанды емес пе? Сол жылдар туралы Тараз қаласының байырғы тұрғыны Барат Мыңбаев: «Ол уақытта театр көрерменге лық толатын. Драма театрдың қойылымдарын облыс басшылары, ірі мекеменің директорлары, құқық қорғау, әскери құрылымдардың басшылары бірінші қатарда отырып көретін.
Әр қойылымнан режиссердің бөлек көзқарасы байқалып тұратын», – деп еске алады. Жеті-сегіз айдан бері қазақ драма театрына Саламат Мырзатаев деген жас режиссер келген. Келгелі бері көзге көрінген жұмысы – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа». Бірақ, осы қойылымды елімізге танымал театр сыншысымен бірге тамашалаған едік. Қойылым біткенде барша көрермен орнынан тік тұрып, ұзақ қол соғып, құрмет көрсеткен. Бірақ, әлгі театр сыншысы: «Қойылымның олқы тұстары көбірек» деп баға берді. Әрине, біз бұл жерде 27 жастағы жас режиссерді кінәлаудан аулақпыз. Бәлкім, театр маманы тым терең көзқараспен бағалаған шығар. Ал, қарапайым көрерменге қойылым жап-жақсы шыққандай әсер берген. Бұл тұста әркімнің жеке пікірін айтуға құқы бар екенін ұмытпаған жөн. Көштің жүре түзелетінін де білеміз. Үмітіміз үлкен. Ұзақ жылдан бері білікті маманға «жарымай» жүрген театрымызға жас режиссердің келіп жатқанына да шүкір. Өңірлердегі театрға Астана мен Алматыдан білікті режиссер, талантты актерлердің келе бермейтіні рас.
Ол туралы облыстық қазақ драма театрының жаңадан тағайындалған директоры Ақылдос Тәжиев:
«Бұл мәселе маған жақсы таныс. Үлкен қалалардан нағыз маман режиссерлар мен актерлердің келмеуі жалақының өте аздығынан. Бұл еліміздегі барлық театрларға ортақ мәселе. Мәселен, режиссердің жалақысы 160 мың теңгенің көлемінде. Олардың пәтер мәселесі де шешілмеген. Әлгіндей жалақының жартысы үй жалдап тұрғанына кетсе, қалған ақша отбасын асырауға қайдан жетсін? Осындай өзекті мәселе бар. Әйтпесе, Астана мен Алматыдағы белгілі университеттермен, өнер институттарымен сөйлесуін сөйлесіп, мамандарға сұраныс беріп отырмыз. Бірақ, келмейді. Келмейтіні олардың жағдайын лайықты жасап беруге мүмкіндігіміз болмай отыр», – деді.
Ал, облыстық орыс театры былтыр 5 жаңа қойылым қойған. Жыл бойы сол қойылымдарды бірнеше мәрте қайталап қойыпты. Бірақ, қазіргі таңда орыс драма театрында да тұрақты режиссер жоқ. Біздің бала күнімізде аудандық Мәдениет үйлерінде режиссер болатын. Сол режиссердің бастамасымен мәдениет ошағының әншісі, клуб меңгерушісі, шопыры мен қарауылы да «актер» болып кетуші еді. Қазір жағдай басқаша.
Кейінгі жылдары облыстық «Қуыршақ» жастар мен жасөспірімдер театры ашылса деген тілектер айтылып жүр. Несі бар, Астана, Алматы, Шымкентте бірнеше театрдан бар. Біздің өңірде де театр көбейсе, бәсекелестік артады. Бірін-бірі қамшылап, актерлердің шеберлігі шыңдалады. Мұны да ойластырса артық емес. Бірақ, тағы да маманның тапшылығы алдан шығады.
Бұл жердегі тағы бір шешімін таппаған жайт – өңірімізде мәдениет саласының мамандарын дайындайтын арнайы оқу орнының жоқтығы. Бұрын Жамбыл мәдени-ағарту училищесі деген оқу орны бар болатын. Қазір облысымыздың мәдениет саласында тер төгіп жүргендердің 80 пайызы сол училищенің түлектері десек, артық айтпаспыз. Сол оқу орнында актер де, клуб қызметкері де, кітапханашы да дайындалатын. 1997 жылы аталған училище жабылғалы біздің өңір мәдениет саласына тікелей маман дайындайтын оқу орнына жарымай-ақ қойды.
Осыдан он шақты жыл бұрын облыстық «Кино орталығы» деген мекеме болды. Сол орталық жылына екі-үш фильм түсіріп, Алматыдан, Шымкенттен мамандар шақырып, өзара тәжірибе алмасып жататын.
Былтыр осы «Кино орталығы» мекемесі қысқарып, облыстық халық шығармашылығы орталығына бөлім болып қосылыпты. Сегіз маманнан құралған сол бөлімді мемлекеттік қызметте тәжірибе сі бар Динара Асанова басқарып отыр. Дегенмен, бізге мәселені аталған халық шығармашылық орталығының директоры Ғани Садырбаев түсіндірді. Ол: «Бір кездері «Кино орталығы» мекемесі болғаны, олардың аз уақыт кино түсіруге де әрекет еткені рас. Жалпы алғанда, ол жұмыс оң нәтижесін берген жоқ. Себебі, сапалы көркем фильм түсіру білікті мамандар мен қыруар қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан, мен басқаратын орталық жанындағы кино және медиа сүйемелдеуші бөлімнің кино түсіру бағытын тоқтаттық. Себебі, фильм түсіру оңай нәрсе емес. Атағы жер жарған «Қазақфильм» киностудиясының өзі кейбір сәтте қиындықтарға тап болып жатыр. Иыққа өзіміз көтере алатын жүкті артқанымыз дұрыс емес пе?
Қазір бұл бөлім жаңа шыққан кино репертуарларын таратумен, әр түрлі жастағы кісілер үшін қандай фильмнің қызықты әрі маңызды екеніне сараптама жасайды. Мәдениет саласы бойынша медиа жұмыстарына үйле стіріп, әлеуметтік желі бойынша, құнды кездесулердің архивте сақталуына ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, аталған бөлімде еңбек ететін 8 адамның жүгі жетіп артылады, – деді.
Мейлі, «Қазақфильм» түсірсін, мейлі облыстық кино жүйесі түсірсін, Әулиеата жері кино әлеміне сұранып-ақ тұр. Көктемде сұлулыққа тұнып тұратын Жуалының жап-жасыл табиғаты, Меркінің мөлдір сулары, Жамбыл, Сарысу, Таластың тұнып тұрған тарихи ескерткіштері, Құланның қалашықтары фильмдерге таптырмайтын локация дер едік. Шөбі шүйгін, суы мол Қордай жерінде алматылықтар бірнеше фильм түсіріп тастады.
Ал, актерлік құрамға келетін болсақ. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова, Халық артисі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі, Асқарбек Сейілхан, Жүніс Әлімбек кез келген рөлге көрік береді емес пе? Мәдениет саласының үздіктері Мәлік Ақүрпеков, Анар Сағымбекова, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков секілді таланттардың шеберлігі кімнен кем? Сондықтан, өңірдің кино өндірісін дамытуды да ойластыратын мезгіл жеткен сияқты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді