«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың қаһарман қызы Әлия Әулиеатада бастауыш мектепке барған

Қазақтың қаһарман қызы Әлия Әулиеатада бастауыш мектепке барған
Ашық дереккөз
Ұлы Отан соғысына қатысқандар арасында КСРО-ның Шығыс елдерінен шыққан батыр қыздардың есімдерін ата дегенде бірінші болып еске түсетіні қазақтың ержүрек, батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметова. Олар туралы талай шығармашылық еңбектер газет пен журналдарда жарияланып, кітаптар шығып, кинофильмдер түсірілді, қойылымдар сахналанды, ескерткіштер орнатылды. Туған жерлерінде музейлері бар. Олардың атымен қалалар мен ауылдарда көшелер мен мектептер аталды. Әндер де жоқ емес. Жүздеген қазақ қыздарына олардың есімдері берілген.

Бүгінде елге танымал әнші Роза Рымбаеваның орындауындағы композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні (мәтіні ақын Бәкір Тәжібаевтікі) көпшілікке кең танымал, ол халықтың сүйікті патриоттық әндерінің біріне айналды. Тіпті, шындыққа жүгінсек, Р.Рымбаеваның үлкен сахнаға жолын ашқан осы керемет әсерлі ән болатын. 1976 жылы өткен «Золотой Орфей» халықаралық әндер байқауында 17 жастағы талдырмаш, жап-жас Роза Рымбаева осы әнді алғаш рет орындап, жеңімпаз атанып, көптің назарын өзіне аударды. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын-ды. «Әлия» әні арқылы жас әнші Роза Рымбаева әнсүйер көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашқан болатын. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке жас сазгер Сейдолла Бәйтерековті де таныстырған еді. «Әлия» әні қазақтың алтын қорына енген әндердің бірі және ел есінде, жүрегінде сақталары анық.

Міне, сол әсем әннің басты кейіпкері, қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына биылғы 25 маусымда 100 жыл толады. Ол Ақтөбе облысы, Қобда ауданының сол кездегі Көксай колхозының Бұлақ ауылында Нұрмұхамбет Молдабекұлы мен Маржан Молдағұлқызының отбасында туған. Ол кезең қазақ халқының тұрмыстарының шатқаяқтап тұрған ауыр, қасіретке толы жылдары еді. Маржан анасы Әлияны еркелетіп, «Ақмоншағым» деп атаған екен. Егістікте қалған дәнді теріп жүріп анасы Маржан күзетші оғынан қайтыс болады. Сөйтіп, Әлия анасынан 8 жасында айырылыпты. Анасының қазасынан кейін әкесі қызы мен інісі Бағдатты алып, алдымен Темір ауданы, Шығырлы ауылында тұратын қарындасы Қанышаның үйіне барады. Бірақ қиын заманда Нұрмұхамбет Әлияны нағашы әжесі Тәжіккеннің тәрбиесіне беріпті. Көрер жарығы сәби күнінде-ақ таусылған туған бауыры Бағдаттың өмірден өтуі Әлия үшін жеңіл болған жоқ. Нағашы бауыры Сапурамен қатар өсіп, тағдыр тауқыметін бір кісідей көтере білді.

Нағашысы Әбубәкірдің естелігі бойынша, Әлияның шын аты – Ылия («Ақтөбе» газеті. 2005 жыл, 22 қыркүйек). Бұл үлкен нағашы әжесінің атына ұқсастырып, ырымдап қойылған есім екен. Бірақ Ресейде оқып, кейіннен майданға аттанған кезінде алдымен – Лия, сосын Алия (Әлия) атанып кеткен. Дұрысы – Ылия. Себебі, Әлияның ғұмырын 40 жыл зерттеген әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің кітабында және нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың естеліктерінде шын есімі Ылия деп жазылған. Өз тегі Сарқұлова болғанымен, анасынан ерте айырылған Әлия нағашы ағасының тәрбиесінде болып, соның тегін алған. Ленинградтағы балалар үйінде оның куәлігін қайта жасатқанда қате кетіп, тегі Магдагулова да болады. Ол жөнінде Әлия соғыста жүріп Сапураға жазған хатында өзі де айтады. Хат 1943 жылғы 15 мамырда жазылған. Дегенмен, тарих бетінде ол Әлия Молдағұлова деген атпен қалды.

Ғалымжан Байдербес пен Ұзақбай Қауыстың «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге» атты кітабында Әлия туралы біраз тың мәліметтер келтірілген. «Ақтөбе қаласында тұрғанда Әлия құрбысы әрі туысы Мақпалмен бірге ерте тұрып нан кезегіне баратын. Басқаларға қарағанда нанды бірінші болып алып келетін. Ақтөбенің Красноармейск (қазіргі Бейбітшілік) даңғылында шағын базар болыпты. Әлия сол базарда жүріп, төбелесіп жатқан екі адамды көреді. Бір жас жігіттің қарт адамды сабап, бетін жаралағанын көрген Әлия дереу жүгіріп барып, жас жігітті итеріп жібереді де, зәбір көрген қартты тұрғызып алады. Сол жердегі адамдар 7-8 жасар қыз баланың батылдығына риза болыпты». Бұл естеліктен оның кішкентай кезінен-ақ жүрек жұтқан қайсар бала болғанын көреміз.

Әлия нағашы ағасы Әбубәкірдің үйіне 1932 жылы олар Алматы қаласында тұрған кездерінде келеді. Онда олар ҚазМУ-дың қасындағы, Шевченко көшесіндегі (Интернационал көшесімен қиылыста) 112-үйдің 3-пәтерінде тұрған. Бірақ қазір ол ғимарат сақталмаған. Одан кейін ағасы Әбубәкірдің қызметі ауысып, Түрксіб теміржолының 3-ші эксплуатациялық саяси бөлімінің инструкторы болып, отбасымен Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласына көшіп келеді. Ол жерде Молдағұловтар Ленин көшесіндегі екі қатарлы үйде тұрады. Әулиеатада тұрғанда Әлия мен Сапура далада ойнап жүріп, кейде балалармен келіспей, жылап келетін болған. Әуелгі кезде нағашы ағасы Әбубәкір оларға жақтасып сөзін сөйлесе, кейін үйге жылап келуге тыйым салыпты. Ренжіткен жанға жауап қайтарып, өздерін қорғауға тәрбиелеген.

Сапураның естелігі бойынша, Әлия бірінші сыныпты 1934 жылы Әулиеатадағы теміржол бойындағы «Железнодорожный» деп аталатын мектепте оқыған. Алғашқы ұстазы – Вера Ивановна (тегі Сапураның есінде қалмаған). 1935 жылы нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұлов Мәскеудегі әскери-көлік академиясына оқуға түседі. Осыған байланысты отбасы Мәскеуге көшеді. Тағы да Әлияның нағашы апасы Сапураның аудиотаспада қалған естелігіне сүйенсек, олар екінші сыныпқа 1935 жылдың қазан айында Мәскеудегі №48 бастауыш мектепке барған. Әлияның алғашқы жаттаған өлеңі «Во поле березка стояла» болыпты. Үшінші сыныпта оларды №45 үш қабатты жаңалау мектепке ауыстырған. Ол мектеп қазір сақталмаған. Бірақ кезінде Әлия оқыған мергендер дайындайтын орталық әйелдер мектебі орналасқан көшеге 1970 жылы батыр қыздың есімі берілді. Көше қазіргі Мәскеу қаласындағы Вешняки ауданының Шығыс әкімшілік округінде орналасқан.

Мәскеуде нағашы ағасы Әлия мен Сапураны Ленин мавзолейі, планетарий сияқты тарихи жерлерге жиі қыдыртып отырған. Бос уақытында шаңғы, коньки тебуге де баулыған. Жасынан мінезі бірбеткей, үйренемін деген ісін үйренбей тынбайтын Әлия осындай спорт түрлерімен де шұғылданған екен.

Әлия 1937 жылы сол кездегі басқа балалар секілді қызыл галстук тағып, пионер қатарына өткен. Ол кітап оқуды жақсы көрген. Орыс тілін меңгеру қиын болғандықтан, ағасы бір жыл бойы өзі қолға алып, қыздарға орыс тілін үйреткен, Академия жанындағы кітапханадан қарындастарына ағайынды Гриммдердің, орыс жазушысы Мамин-Сибиряктың ертегілерін әкеліп, оқытып отырған. 1938 жылы көктемде нағашысы Әбубәкірдің оқуы Ленинградқа ауыстырылуына байланысты Молдағұловтар отбасы осы қалаға қоныс аударады. Ленинградтағы мекенжайлары Слуцкая көшесі, 2-ші үй, 72-ші пәтер. Бұл үйдің алдында Суворов музейі бар еді. Ал, 4-5 үйден кейін «Таврический» саябағы орналасқан. Әбубәкір Молдағұловтың естелігі бойынша, Әлия сол баққа қарсы тұрған №9 мектепке 28 наурыз күні төртінші сыныптың 4-ші тоқсанында барады.

Әлия мектепте өжеттілігі мен білімділігімен ұстаздардың көмекшісіне айналады да, сынып старостасы болады. Үлгерімі нашарлап кеткен оқушыларға жәрдемдесіп, бағасы түзелмейінше оларға тыным бермейді екен. Сондықтан сыныптастары оны «біздің мазасыз старостамыз» деп атап кетіпті. Тәртіпті сүйетіні, тазалығы мен талапшылдығы үшін оны қатарластары ғана емес, ұстаздары да сыйлайтын. Сөйте жүріп, оның өзі де орыс тілі пәнінен қиналатын, бірақ сабақтан кейін қалып оқып, үнемі еңбектенумен болған.

Бір ғана стипендиямен өмір сүретін нағашы ағасының отбасы өсіп, үй-жайы тарлық ете бастағандықтан нағашысы Әлия мен Сапураны Гурдин көшесі, 16-үйде орналасқан №46 мектеп-интернатқа орналастырады. Кейіннен жеңгесі ауырып қалып, Сапураны қайта алып кетеді, ал Әлия оқуын интернатта жалғастыра береді. Үйіне тек жексенбі сайын келіп тұрған. Нағашысы Ташкент қаласына қызметке ауысқанда Әлия Ленинградтағы оқуын жалғастырып, балалар үйінде, №120- шы мектеп-интернатта қалады.

Тәрбиесі өнегелі, оқу озаты болған Әлияны Қаратеңіздің Қырым жағасындағы «Артек» пионер лагеріне демалуға жібереді (бұл мәліметтер Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы Толқын Жаңабергеновадан алынды).

Ел тыныштығын кенеттен басталған Ұлы Отан соғысы бұзды. Халық дүр көтеріліп «Барлығы майдан үшін, Отан үшін, Жеңіс үшін!» деп жұдырықтай жұмылды. Әлия ұшқыш болуды армандап, 1942 жылдың 1 қазанында Рыбинск авиатехникумына оқуға түседі. Ол оқудың аяқталуын күтпей үш айдан кейін әскери комиссариатқа өтініш жазып, снайперлер дайындайтын мектепке барады. Уақытпен еш санаспай мергендікке жаттығып, алты айлық снайперлер дайындау мектебін озық тәмамдайды. Оның ерекше қабілетін байқаған әскери мектеп басшылары өздеріне инспектор етіп қалдырмақ болады. Бірақ өжет қыз «Жоқ, мен майданға барамын. Фашистердің көзін жоямын» деген бетінен қайтпайды. 1943 жылдың тамыз айының басында снайпер қыздар солтүстік- батыс майданға келіп, әскери бөлімшелердің бірінде қызметтерін жалғастырды. Осылайша, олар нағыз жауынгерлік жұмыстарына кірісуі керек болды. Сонда батальон командирі ап- арық кішкентай қызға қарап, әкелік ілтипатпен: «қызым, жасың нешеде?» деп сұрайды. Әлия жақында ғана 18-ге толғанын айтқанда, командир «бойына қарасаң әлі бала, қалай шайқасады бұл бала?» деп уайымдайды. Сөйтіп ол Калинин облысының Холм қаласындағы 54-ші атқыштар бригадасының 4-ші батальонына снайпер болып барады.

Майдан даласындағы кескілескен ұрыс пен қантөгіс оқиғаларды көрген Әлия жігерлене түсіп, окоптардағы қар мен мұзды жастанып, бет қаратпайтын үскірік аязды елемей, күн- түн демей жанын бере, аянбай сұрапыл соғыс өртінің ортасында жүрді. Оның ерлігіне куә болған майдандастары таңғалысын білдіруден аянбайтын. Сызды окопта жатып, олар болашағын ойлап, қиялдарға берілетін. Әлия да кей сәттерде артта қалған балалық шағын, оның қиын кезеңдерін еске алып, жанындағы қыздармен ой бөлісетін. «Әлияның нені армандап, қандай өмірге ұмтылғаны туралы дерек тым жұпыны. Оны өзі жазған хаттардан ғана түсіне алармыз. Сол хаттарға үңілсек, Әлияның нәзік жүрек лүпілін сезінгендейміз. Бауыры Сапураға жазған бір хатында Әлия: «Бүгін орманға гүл тере бардым. Орман қол созым жерде, айнала көк шалғын және гүлді алқап. Қандай әдемі еді! Міне, сол сұлулықты жалғыз өзім көрмейін деп саған қалампыр, ботагөз, қарақат гүлінің күлтесін жіберіп отырмын» дейді. Сұрапыл соғыстың сұп- сұр тұманы еңсені басып тұрған шақта да Әлия айналадан көркемдікті көре де, сезіне де білген. 17-18-дегі қыз соғыстың сұрқай жүзіне қарағанда табиғаттың сұлу келбетіне көбірек үңілген-ау. Өмірінің 18-ден енді ғана асқан шағында үзілерін нәзік жүрегі сезгендіктен де, жанарын жарқын естеліктерге ғана толтырғысы келді ме екен?» деп жазады журналист Қарагөз Сімәділ.

Әлия туысына жазған хаттарының бірінде: «Қымбатты Сапура, мен өзімді сендердің жаныңда, туған Қазақстанымда өмір сүріп жатқандай елестететін боламын. Сендермен көрісіп, туған ауылыма барғым келеді. Бірақ ештеңе етпейді, біздің кездесуімізді, Отанға оралуды және жеңісті бірге атап өтетін уақыт келеді әлі», – деген.

1944 жылдың 14 қаңтар күні Псков облысы Новосокольническ ауданының Казачиха деревнясын неміс оккупанттарынан босату кезінде қазақ қызы Әлия ерекше ерлік көрсетіп, жау оғынан жер құшты. Жау оғынан көз жұмған офицерлердің орнына командир болып, бір топ әскерді басқарып, рухын көтеріп, оқ борап тұрғанына қарамай алты рет шабуылға шықты. Артериялық шабуыл кезінде олар тасалаған сарай өртке оранып, ішіндегілер ерлікпен көз жұмды. Олардың арасында Әлия Молдағұлова да бар болатын.

«Сәлеметсіз бе, Сапура.

Бұл хатқа айран-асыр боларсыз, не де болса Лияның ең жақын майдандас досы болған соң сізге хат жазуды дұрыс көрдім. Лия енді арамызда жоқ…»

Бұл – Әлия туралы туған жерге жеткен соңғы хат екен. Әлияның серіктес-снайпері Надежда Матвеева 1944 жылдың 26 қаңтарында жазған хаты. Әлия сол 1944 жылдың 14 қаңтарында ерлікпен қаза болған еді…

18-ден енді асқан шағында өмірден өткен Әлияның шиырлаған ізі тым аз секілді: Ақтөбенің Бұлақ ауылында дүниеге келген, Әулиеатада мектепке барған, Мәскеуде, Ленинградта оқыған. Арада «Артек» пионерлер лагеріне оқу озаты ретінде барып келген. Одан әрі Рыбинский, Взятск, Амерево. Казачиха ауылының маңында ерлікпен қаза тапқан. Осынау қысқа жолда Отан деген ұғымды қастерлеп өткен қыздың ерлігіне бас иетін жұрттың ықыласы мол.

...Қыстың жанға жайлы күндерінің бірінде қала орталығындағы «Жеңіс» саябағына бардым. Басты мақсатым – Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақат алып, елге жеңіспен оралған әкем Ордабек Бейсеновтің есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылған «Майдангерлерге тағзым» тақтасына барып, рухына бас иіп, тағзым ету. Мәңгілік алаудың жан-жағында мыңдаған майдангерлердің есімдері жазылған қара мәрмәр тастар қатары тізіліп тұр. Бәзбіреулерінің алдында кеше-бүгін қойылған шоқтай қызыл гүлдер көзге шалынады. Саябақ тыныштық құшағында, жүргіншілер саны бірең-сараң: Кеше кешқұрым жауып өткен аппақ ұлпақ қар саябақты, ағаштарды көмкеріп тұр, бәрін-бәрін ертегілер әлеміне айналдырып жібергендей. Кенет саябақ түкпіріндегі «Даңқ» үйі жағынан құлаққа жағымды таныс ән естілді.

«Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,

Әсем гүлін құшаққа жиып өскен,

Аққу құстың бейнебір баласындай

Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен.

Әлия – батыр қызы сен халқымның,

Әлия – ару қызы сен халқымның,

Ерке құсы кең даламның!

Шолпан жұлдыз – өзіңсің шоқтай жарық,

Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.

Туған жердің төсінде мәңгілікке,

Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып.

Әлия – батыр қызы сен халқымның,

Әлия – ару қызы сен халқымның,

Ерке құсы кең даламның!»

Иә, қазақ барда сұрапыл, атың өшкір соғыстың отын өшіріп, бүгінгі бейбітшілік заманды ұрпағына сыйлаған оның ержүрек ұлдары мен қайсар қыздарының есімдері ұмытыла қоймас, сірә. Мына «Әлия» әні әлі де талай жылдар шырқалып, елдің рухын көтеріп, жігерлендіріп, жүрегін тербей берер деген ойға келдім сол сәтте.

Осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбеге барғанымда облыстық музейге бас сұққаным бар. Музейде Әлия Молдағұлованың біраз хаттарының көшірмесі сақтаулы екен. Снайперлер мектебінде оқып жүргенде газет парағының қақ ортасына Абайдың бір шумақ өлеңін өз қолымен жазған екен:

«Бұл өмірдің қызығы – махаббатпен,

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де, өлмегенге боласың тең».

Өрімдей жас, қаршадай қыздың алдына қойған мақсатын, өмірлік девизін осы өлең жолдарынан білуге болады. Қазақтың ару қызы, батыр қызы Әлияның артында мәңгі өшпес ерлігі қалды.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар