«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдемеуі тиіс

Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдемеуі тиіс
Ашық дереккөз
Қазіргі әлемдегі экономикалық және геосаяси ахуалдың, тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестердің салқыны сезіліп, мемлекетіміздің сапалы дамуына әсер етіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Соған қарамастан, еліміздің экономикалық-әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты мақсат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы міндетті айқындап берді.

Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдай көршілермен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді талап ететінін атап өтті. Еліміз Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен байланыстарды нығайту арқылы өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екендігін алға тартады. Бұл қадам сыртқы саяси ахуалды ғана емес, экспорттық және импорттық тауарлар айналымын реттеп, инвесторлар тартуға, ғылым және технология салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Әлемге «орта держава» ретінде танылған Қазақстанның аймақтағы бәсекеге қабілеттілігі – аса маңызды аспект.

Бұл ретте бірінші кезекте барлық салада бәсекеге қабілеттілікті арттыруға баса мән беру қажет. Соның ішінде инвестиция тартуға және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға басымдық берілуі тиіс.

Президент Үкіметке өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстау керектігін ескертті. Сарапшылар инвестиция тарту мәселесінде шетелдік болсын, отандық болсын инвесторларды қолдау үшін жеңілдіктер жасауды ұсынады.

Еуразияның жүрегі саналатын Қазақстанның логистикалық әлеуеті зор. Осыны пайдаланып инфрақұрылымды дамыту қажет. Шығыс пен Батысты байланыстыратын жолдарды салу және оларды жоғары деңгейде ұстап отыру – мемлекет арқылы жүк айналымын арттыруға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Бұл – экономикамызды дамытатын негізгі алғышарттардың бірі.

Бұдан бөлек, экономикаға серпін беретін криптовалюта, онлайн сауданы дамыту қажет. «Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллекті дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте, азаматтардың құқықтық және экономикалық сауаттылығын арттыру – маңызды мәселе. Себебі, күн санап барлық салада қолданысқа енгізіле бастаған жасанды интеллект елімізде алаяқтықтың жаңа түрлерінің өршуіне де әкеліп соғуда.

Қазіргі уақытта барлық құжаттандыру мәселесі цифрлық жүйеге көшкелі бері, киберқылмыс та артып келеді. Мұның салдары қарапайым тұрғындарға көбірек тиюде. Сондықтан, интернет-платформалардың қызметі заңнамалық тұрғыда реттелуі керек. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар барысында әлемдік тәжірибені ескеріп, киберкеңістікте жалған ақпаратпен, манипуляциямен күресу үшін жаңа шаралар қарастырылғаны жөн.

Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттердің бірі – өңірлердің даму қарқынын бәсеңдетуге жол бермеу. Ең басты мақсат – әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау.

Президент даму жобаларында ауылдық округтерге дейін қамтылуы керек екендігін ескертті. Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескеру қажеттігін баса айтты. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді, жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобаларды қаржыландыруды тапсырды. Үкіметке барлық аймақтың мәселелері мен қажеттіліктерін назарда ұстауды міндеттеді.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

облыстық мәслихаттың төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар