– Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар, бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда халықтың осал топтарының медициналық көмекке қолжетімділігін жетілдіру және медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 миллионнан аса азаматты тартуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленеді деп күтілуде. Бұл – азамат-тардың қалта шығындарын едәуір төмендетуге, олардың қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталмақ. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осылай деген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі 10 жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында жүргізілген бірқатар ауқымды реформаның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң нәтижеге ие болғанын айтты. Сала басшысы демографиялық көрсеткіштерге байланысты денсаулық сақтау жүйесі бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшірілгенін атап өтті.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі – денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. Яғни, 1 триллионнан 2,9 триллион теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айта кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34-тен 28 пайызға дейін азайды, – деді министр.
Атап өтерлігі, осынау жүйе шеңберінде былтыр 5 бейін бойынша тарифтерді ұлғайту бағытына басымдық беріліп, нәтижесінде медициналық ұйымдарда көрсетілетін көмектің сапасын едәуір арттыруға, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туыпты. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, консультациялық-диагностикалық, КТ және МРТ қызметтерінің саны 7 есе өскен. Десе де, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, бұл өсулер ауруды ерте анықтауға еш әсер етіп жатқан жоқ. Оның сөзінше, жылдың басында депутаттардың халықпен кездесуінде еліміз-дің барлық өңірінде медициналық қызмет көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп шағым түскен.
– Бұл мәселе сарапшылардың қатысуымен 2024 жылы желтоқсанда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында жан-жақты талқыланған. Қоғамдық палата коммуналдық шығыстардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрі-дәрмектердің бағасының өсуі, басқа да шығындарға байланысты медициналық қызметтер үшін тарифтерді қайта қарауды ұсынды. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласына бағытталған қаражаттың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне көңілі толмай, қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Мәселен, кейінгі 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға қатысты шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген. Кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажет болмаса да науқасқа тағайындалған. Аталған саланы қаржыландыру көлемі ұлғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар, – деді палата спикерінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейінгі аудиттік тексерулер бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқтығын көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 миллион теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу фактілері анықталған. Сондай-ақ, бұл кезеңде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қызметтер көрсе¬туге бөлінген қаражаттың 31 миллиард теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болған. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Өйткені, МӘМС қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі, қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызметке төленеді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың төмен деңгейі де бас ауруға айналды. Мысалы, осы кезге дейін еліміздегі медициналық ұйымдардың тек 48 пайызы ғана өз қызметкерлерімен сақтандыру шартын жасасқан.
Қорыта айтқанда, бұл салада әлі де уақыт күттірмейтін әрі тиімді шешімін талап ететін проблемалардың бар екені рас. Жалпы, МӘМС жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және оны жетілдіруді қамтамасыз ету – аса маңызды. Бұл ретте медицина саласын цифрландыру, тәсілдерді жаңарту үрдістерімен ұштастыру қажет секілді. Себебі, мұндағы қаржы қоры – мемлекеттің, жұмыс беруші ұйымның, жұмыскерлердің және өзін-өзі сақтандырушылардың аударымдары мен жарналарының есебінен құралады. Ал жиналған қаржы тек медициналық көмекті тұтынушыларға жұмсалса жақсы. Президент айтқандай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастырудың басты мақсаты да осы.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тегін медициналық көмек барлық азаматқа ортақ
- 20 қаңтар, 2025
Жаңа әдіспен алғашқы ота жасалды
- 20 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді