Теміржол саласы – ел экономикасының күретамыры. Теміржолшылардың еңбегі күн-түн демей, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолаушылар мен жүк тасымалын үздіксіз атқаруға бағытталған. Мұндай жауапты кәсіпті игеру тек еңбекқорлықты ғана емес, сонымен бірге отбасылық құндылықтар мен бірлікті де талап етеді. Сондықтан, теміржолшылар отбасыларының өнегесі – өз алдына ерекше құндылық.
Теміржолшылар отбасылары – адалдық, жауапкершілік және өзара қолдау қағидаларын берік ұстанатын жандар. Әдетте, мұндай отбасыларда теміржолшылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Балалары ата-анасының ізін жалғап, теміржолшы мамандығын таңдап, саланың дамуына өз үлесін қосып жатады. Бұл – өз кезегінде отбасыдағы тәрбиенің жоғары деңгейін көрсетеді.
Қазақстан теміржол саласы тарихында өз еңбегімен ерекшеленген отбасылар аз емес. Солардың бірі – Жанабаевтар әулеті. Ұрпақтан-ұрпаққа теміржол саласындағы қызметті жалғастырып, адал еңбегімен елге танылған бұл әулет теміржол саласының дамуына зор үлес қосуда.
Жанабаевтар отбасының теміржол саласындағы еңбек жолы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. Отбасының негізін қалаушы Ергеш Жанабаев 1954 жылы 17 жасында Құмшағал стансасында теміржолшы мамандығын игеріп, 1969 жылы Күркіреу стансасын басқарып, өзінің адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. «Алтын алқа» иегері, 5 ұл және 5 қызды дүниеге әкелген жұбайы – Бүбісара Әбдіқұлқызы да 40 жыл теміржол саласында еңбек етіп Күркіреу стансасында теміржол станса кезекшісі қызметінде «Құрметті теміржолшы» атанді.
Олардың ізін басқан ұлы мен немерелері де осы саланы таңдады. Ұлы Рахметжан Жанабаев әкесінің жолын жалғастырып, 40 жыл Жамбыл жол бөлімшесінің желілік полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарып, қазіргі таңда зейнеткер, теміржол күзет мекемесінде еңбек етуде. Ол теміржолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп, теміржолшылар арасында беделді маман ретінде танылды. Рахметжан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің он жылдық, он бес жылдық мерейтойының төсбелгілерімен марапатталған. Екінші ұлы Рахымжан Ергешұлы көп жылдар бойы Жамбыл жол бөлімшесінде бас ревизор қызметін атқарған.
Жанабаевтар әулетінің үшінші буыны да ата жолын жалғастыруда. Ергеш Жанабаевтың немересі Жаңабай Әлімжан Жамбыл жол бөлімшесінің желілік полиция бөлімінде еңбек етуде. Ал, Рахымжанның ұлы – Руслан Жанабай қазіргі таңда Малдыбай стансасының басшысы. Қыздары Гүлсара теміржол училищесінің 1989 жылғы түлегі. Ол Күркүреу стансасында бекет кезекшісі қызметінен бастап станса басшысы қызметіне дейін өсіп, ардагер-теміржолшы атағына ие болды. Дариға Ергешқызы Теміржол колледжінің түлегі, Бурный стансасында билет кассирі болып еңбек етуде, ал ұлы Ермек Бурыл стансасында жүк қабылдаушы қызметін атқаруда. Салтанат Ергешқызы Теміржол колледжінің түлегі, 24 жыл бойы Жамбыл стансасында парк кезекшісі қызметінде тер төгуде.
Бұл отбасы тек кәсіби жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар жастарға үлгі болуымен де ерекшеленеді. Жанабаевтар отбасы еңбекке адалдықты, жауапкершілікті және өз ісіне деген сүйіспеншілікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Олар жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өз тәжірибесімен бөлісуде.
Жанабаевтар әулетінің үлгілі еңбек жолы Қазақстан теміржол саласының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, болашақ ұрпаққа теміржолшы мамандығының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Олардың қажырлы еңбегі мен жанқиярлық істері әрдайым ел есінде сақталары сөзсіз.
Өнегелі теміржолшылар отбасының жарқын үлгілерінің бірі – бірнеше буыннан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан әулеттер. Олар жас мамандармен тәжірибесімен бөлісіп, теміржол ісіне деген махаббатты ұялатады. Мұндай отбасылардың жетістігі – бірлік пен ынтымақтастықтың айқын дәлелі.
Бүгінде теміржолшылар отбасы тек үлгі ғана емес, сонымен бірге мәдени құндылықтарды да насихаттайтын ортаға айналуда. Олар қоғамдық шараларға белсене араласып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады. Теміржолшылар отбасының өнегелі отбасы болуы – олардың жанқиярлық еңбегінің, жоғары жауапкершілігінің және өзара сыйластығының нәтижесі. Мұндай отбасылар қоғам үшін қашанда үлгі, ал теміржолшылардың еңбегі әрдайым құрметке лайықты іс.
Г.ЖАНКУАНЫШЕВА,
Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің арнайы пән оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді