
Әкемнің Құдайға шүкір алты ұлы бар. Ең кенжесі мен болғанда, үлкендері сол уақыттың өзінде тірлікке жараған. Жаздың күндері малдың шаруасы сол есейген ағаларымнан артылмайды. Асқар тауымыз таңертең малды қорадан санап, түгендеп шығарған соң босайды. Киіз үйдің төрінде іргені түргізіп тастап, қолына үкілі домбырасын алып, әлдебір әуендерді тартып жатады. Сол сәтте Темен кіріп келеді де:
– О, мес қа-ы-ын жезде. Жата бола. Жан тыныш біле. Домбыра тарта, жата. Мес қа-ы-ын. Қа-ы-ын жара бола, – деп әзілдей жөнеледі. Әкем: «Ой, пәле, нені жарам дейсің, ей?» деп, оны сөйлете түседі. Темен:
– Сенікі қа-ы-ын жара. Мен жара. Пышақпен тіле. Сен домбыра тарта жоқ, – деп бастырмалата жөнеледі. Әкем:
– Әй, пәле, тіліңе шоқ түссін. Ішің пысып қалыпты сенің, – деп қуа жөнеледі. Дұрысы, қуған болады. Темен үйден шыға қашқан болады. Екеуі де мәз. Бірі – жезде, бірі – қайын. Осылайша, кеңшардың орталығынан 50 шақырым алыста жайлауда малшылардың өмірі өтіп жататын.
Сол кезде әкемнің жалақысы – 100 сом, Теменнің жалақысы – 80 сом. 100 сом дегеннің құны бар. Бір қап ұның 10 сом ғана. Әйтеуір, жаппай арзаншылық еді. Темен сол жалақысын азсынатын. Ферма басшысы Жасан келгенде: «Басеке, 80 сом аз бола. Кішкене қоса бола. Бала үйде өсе. Тамағы өсе. Жет жоқ. Алыста малда жүре, күнге күйе. 80 сом ауыл таба», – дейді шыр-пыр болып. Сонда ферманың бастығы шарасыз күй кешіп: «Темен, қарағым, сенікі дұрыс. Жалақыны алдағы жылдары көбейтетін шығар. Бұйырса, қозы бөлікте еңбегіңе қосымша бірнеше қозы бергіземін. Сәл шыдай тұршы. Балаларға кеңшардың есебінен жаңа киім, оқуға қажетті сөмкелер бергізейін», – деп бәйек болады. Бәйек болмай қайтеді. Алыста ақ қар, көк мұзда, шілденің ми қайнатқан ыстығында мал бағу оңай шаруа емес. Өз ісіне шебер, шаруа жайын білетін малшы табу да оңайға соқпайды. Темен – ысылған еңбектің адамы. Малдың жайын жақсы біледі. Ондай іскер, жауапты адамды табу қиын екенін бастық та біледі, Темен де біледі.
...Арада жылдар өткен. Кеңшар тараған. Малдың бәрі жекеменшікке өтті. Бұрынғыдай ферма жоқ, ыстық алақан жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы өтпелі кезең талай мықтының мысын басқан. Бас зоотехник, ферма бастығы болып шырт түкіріп жүргендер жұмыссыз қалды. Мал жекеге өтіп кеткен соң, жұмыссыз қалмағанда қайтеді? Бұл өлара кезең Теменге де ауыр соқты. Ауылдың төңірегінен бағатын мал таба алмай, көрші Аққұм, Бостандық ауылдары жағын жағалап кетті. «Баяғы 80 сом ауыл таба...» деп шіреп сөйлейтін Темен жоқ. Еңсесі түсіп қалған. Біраз жыл бұрын жұбайы Мадина баласын босана алмай, аурухана төсегінде көз жұмған. Теменнің де бағы еді Мадина. Мадина барда Темен де төмендеп көрмеген. Киімі мұнтаздай, тамағы тоқ, көңілі көкте еді. «Теменім, кімнен кем? Жігіттің төресі менің Теменімдей-ақ болсын» деп көтермелеп отыратын. Әттең, өмірден ертерек озып кетті.
Осы 2000 жылдарға дейін көрші ауылдарда мал жағында жүрген Темен ауылға да біржола қайтқан. Әйтеуір бір ескілеу үйде екінші рет шаңырақ көтеріп, «екі жарты, бір бүтін» болып тұрып жатты. Теменнің ендігі ісі жағдайы бар үйлердің отынын жару, ауладағы жерін аудару, көңін ою секілді жұмыстар. Ол да – бейнет. Бірақ, тіршілік жасау керек, қайтеді? Жақын көшеге «тапсырысы» бойынша келсе, біздің үйге соғып, жылынып, шай ішіп аттанады. Ондайда анамның жаны қалмайды. Шайды самаурынға қойып, сексеуілмен қайнатып, шайды қызылдап құяды. Теменнің бабын жасайды. Ондайда әкем әзілдеп: «Әй, кемпір, Темен келіп еді. Сонша ұшып-қондың ғой. Сонша бауырмалдығың-ай» деп әзілдейді. Ондайда Темен: «Ой, жезде тыныш отыра. Сені ойын біте жоқ. Мен шаршады. Ел жұмысы шаршата. Қинала. Сен күле, жездеке. Мен күле жоқ» деп жауап береді. Шынында да ол кезде Темен түгілі талайлар қиналып күн кешкен болатын.
...Ол күндер де артта қалды. Темен қазір зейнетте. Ауылдан көпшілік асарлатып үй салып берген. Сол үйде тұрып жатыр. Жақында әкеміз өмірден қайтқанда көңіл айтып келді. Кәдімгідей дауыс салып, алыстан «жездекелеп» жоқтап келді. Қалай десек те менің әкем Теменнің жанын түсінетін аз ғана адамдардың біреуі еді ғой.
Темен біз үшін де қымбат. Біздің әкеміз бен шешеміз жанымызда болған қамсыз бала күндеріміздің куәсі – осы Темен.
Елі еркелеткен Ерубай
Бұл азаматты да ес білгелі білеміз. Ерубай Әбілдашев 23 жасында біздің «Ойық» кеңшарына аға прораб болып қызметке келген екен. Ал, «Ойық» дегеніңіз ол кезде қойны-қонышы отар-отар малға, даласы егінге толы үлкен шаруашылық. Ерубай біздің кеңшарда бес жыл істегенде кеңшарға үлкен үш қабатты ауылдық мәдениет үйін, әр көшеге асфальт салдырып, таза ауыз су жүйесін тартқызыпты. Әрине, ондай шаруаны шешу 25 жастағы жігіт түгілі өте тәжірибелі адамдардың да қолынан келе бермейді. Бірақ, Ерубайға сол кездегі «Ойық» кеңшарының директоры Әнуарбек Тәжімбетов көп демеу берді. Екеуі Алматыға бірге барып, сол кездегі Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа, үлкен кісінің көмегімен салалық министрлерге кіріп жүріп, сметалық жобаны бекіттірген.
Ерубай Әбдіәшімұлы 5 жыл «Ойық» кеңшарында істеген соң, сыртқа кетті. Біз мектепте оқып жүргенімізде ол кісі сырт жақта қызмет істейтін. Ол кезде не қызметте екенін білмейміз. Баламыз. Сөйтсек, Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құрылыс инженері, Мойынқұм ауданында құрылыс бөлімінің басшысы болыпты. Талас ауданында іскер азамат Тамабек Қартабаевпен, Мойынқұмда әйгілі бірінші хатшы Айтбай Назарбековпен қызметтес болыпты. Талайлар атын аңызға айналдырған Назарбековтың назарына іліккен. Жұмысына жауапты, мақтаулы болды Ерубай. Біз ол жағын беріректе білдік. Мектеп оқушысы кезде білмедік. Бірақ, үлкен баласы Арман біздің ауылда әжесі Жапсаркүлдің қолында өсті. Бізден бір сынып төмен оқыды. Өте пысық, алғыр бала болатын. Ән салып, сурет салып, ерекшеленетін. Қолынан келмейтіні жоқ. Ауылда тіршілік жетеді. Арбаға шөп артқанға, баялыш деген отынды басқанға Арман керемет епті. Қолы қолына жұқпайтын жылдам жігіт. Қазір де ауылдың бетке ұстар азаматы. Ойық ауылындағы өнер мектебінің меңгерушісі.
...Ерубай ағай соңғы жылдары ауылға көп барады. Арман жаңа әрі үлкен үй салған. Ішіне бір көшенің адамы тегіс сыйып кеткендей. Сол баласының үйінде жүреді. Ауылдың бұрынғы көнекөз қарттары да азайған. Елдің ішінде Ерубайды танитындар аз. Оның осы кеңшарға мәдениет үйін салдырған, асфальт төсеп, ауыз су тартқанын көпшілік біле бермейді.
Ерубай маған да ыстық. Себебі, кейінгі жылдары әкеммен сырласқан, сөйлескен осы кісі. Ауылға барған сайын әкемді іздеп тұрған. Бір көшенің бойындамыз. Біздің көшеде жасы үлкені әкем, онан соң – Ерубай. Бірақ, әкем Ерубайдан бір мүшел үлкен. Әкем қазір мәңгілік мекенінде. Көшенің ендігі үлкені – Ерубай. Ол кісінің де өз үйі Тараз қаласында. Ауылдың қазіргі үлкені 61 жастағы Мырзағали. Онан соң – Сайлау, онан соң – Сәкен. Көше жасарып барады.
Ерубай салдырған мәдениет үйінде қазір 6-7 адам қызмет етеді, бүкіл ауылға қызмет жасап тұр. Ерубай салдырған асфальтпен жүздеген бала аяғы былғанбай, мектептеріне жайлы жетіп жүр. Олар бірақ сол игілік кімдердің еңбегімен келгенін біле бермейді. Ерубайға керегі де – өз еңбегін ауылдың білгені емес, ауылдың игілік көргені.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді