«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық болмысымызға жат дүниелер қайдан келіп жатыр?

Ұлттық болмысымызға жат дүниелер қайдан келіп жатыр?
Ашық дереккөз
Социологтар қазіргі заманғы қазақстандық отбасылардың отбасылық өмірге қатысты дәстүрлі қағидалар мен ұлттық әдет-ғұрыптарды қаншалықты ұстанатынын анықтады. Қазақстанның Қоғамдық Даму Институты (ҚДИ) жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша барлық аймақтарда және барлық отбасылар үшін бұрын мызғымастай болған ережелерді сақтау аса маңызды емес болып шықты.

Респонденттердің 70 пайыздан астамы қалың мал беру дәстүріне және ата-ананың қызын ұзатарда лайықты жасау дайындау міндетіне оң көзқараспен қарайтынын айтқан. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 75,6 пайызы тұңғыш балаға есімді күйеуінің ата-анасының қою құқығын қолдайтынын жеткізді. Ал, 77 пайыздан астам респонденттің пікірінше, ұлдардың біреуінің (көбінесе кенже ұл) ата-анасымен бірге тұруы дұрыс.

ҚДИ зерттеулерінің нәтижелері қоғамның жекелеген дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген көзқарасының өзгеріп жатқанын көрсетеді. Мысалы, сұралғандардың тек жартысынан астамы жас отбасының тұңғышын күйеуінің ата-анасына тәрбиелеуге беру дәстүріне оң көзқараспен қарайды. Ал, 42,3 пайызы бұл дәстүрді түрлі себептермен дұрыс емес деп санайды.

Қоғамның той-томалақ өткізу дәстүріне деген пікірі де өзгере бастады. Отбасының қаржылық жағдайына сай келмейтін аста-төк той жасауды міндет деп санайтындар саны айтарлықтай азайған. Қазір тек 35,7 пайыз респондент мұндай әрекетке оң қарайды. Ал, 60 пайыздан астамы отбасы үлкен қарызға бататын болса, мұндай ысырапшылдыққа қарсы. Қазақстанда мұндай отбасылар саны аз емес. 2024 жылы Ұлттық статистика бюро сы жүргізген тұрмыстық зерттеулер барысында респонденттердің 34 пайызы қаржылық қиындықтарға байланысты түрлі салт-дәстүрлерді қарызсыз өткізе алмайтындарын айтты. Қалаларда мұндай отбасылардың үлесі ауылдарға қарағанда көбірек болып шықты.

Дегенмен, кез келген дәстүрдің оң-терісін ажырата алмай жатқан жағдайлар да кездеседі. Қызды мәжбүрлі түрде алып қашу арқылы неке қию дәстүріне деген көзқарас теріс сипат алып жатыр. Ре спонденттердің 71,1 пайызы мұндай әрекеттерді қолдамайды. Алайда, 26,2 пайызы бұл дәстүрге оң немесе бейтарап қарайды. Айта кету керек, бұл дәстүрді бұрмалап түсіну – қыздың келісімінсіз ұрланып, кейін қылмыстық тергеуге ұласатын жағдайларға әкеп соқтырады. Қазақстан омбудсмені Орталық Азия елдеріндегідей әйелдерді мәжбүрлі некеге тұрғызу мақсатында ұрлауға Қылмыстық Кодекске жеке бап енгізуді ұсынған болатын.

Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің тек 55,3 пайызы ұлттық дәстүрлермен әдет-ғұрыптарды сақтау отбасын бақытты етудің міндетті шарты деп санайды. Ал, сұралғандардың үштен бірі мұны құптайды, бірақ міндетті емес деп есептейді. 11,4 пайызы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар отбасының амандығына айтарлықтай әсер етпейді деген пікірде.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтар отбасылық өмірдің негізі ретінде ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сүйіспеншілік пен сыйластықты, балалар мен ата-аналар арасындағы түсіністікті, сондай- ақ отбасы мүшелерінің зиянды әдеттерден аулақ болуын әлдеқайда маңызды деп санайды.

Айта кетерлік жайт, әртүрлі аймақтарда белгілі бір дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қолдайтындардың үлесі айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Бұл – мәдени және этникалық айырмашылықтарға байланысты.

Бұрынғыдай ата-ананың ұлымен бірге тұру дәстүрі маңызды рөл атқара береді. Павлодар облысынан басқа барлық өңірлерде бұл дәстүрді қолдайтын респонденттердің үлесі 50 пайыздан асады. Әсіресе, бұл көрс еткіш елдің оңтүстік өңірлерінде жоғары. «Қазақстандық отбасылардағы ұрпақаралық қарым- қатынастар ерекшеліктері» атты аналитикалық есепте мамандар бірнеше ұрпақтың бір шаңырақ астында өмір сүруінің негізгі себептерін анықтады. Респонденттер бірінші орынға дәстүр факторын, ал екінші орынға жас отбасының жеке үй немесе пәтер сатып ала алмайтынын қойып отыр. Сонымен қатар, тереңдетілген сұхбаттардың нәтиже сінде отбасылық саясат с а ласындағы с арапшылар жас отбасылардың ата-анасымен бірге тұруының басты себебі – қаржылық дербестікке қол жеткізе алмау екенін атап өтті. Ал, маңызды себептердің үштігін немерелерді тәрбиелеу үшін ата-әжелердің көмегі керек екені түйіндейді.

Ата-аналардың ересек балалары және олардың отбасыларымен бірге тұру деңгейі тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша аймақтардағы салыстырмалы талдау нәтижелеріндегі көрсеткіштен анық байқалады. Бұл көрсеткіштер өзара тығыз байланысты. Қазақстанның бірнеше буын бір шаңырақ астында бірге тұратын аймақтарында әр адамға шаққандағы жеке кеңістік және сәйкесінше тұрғын үйдің шаршы метрлері аз болып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша мұндай аймақтарға оңтүстік өңірлер жатады. Аңғарғанымыздай, әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы дәстүрдің беріктігіне алып келеді. Демек, несиесі көп, берешегі басынан асатын, бала-шағасына киім мен тамақ жеткізумен әлек болып жүрген отбасылардың дәстүр туралы ойлауға мүмкіндігі бола бермейді. Айналып келгенде бәрі табысқа келіп тіреледі.

Оңтүстік өңір болғандықтан, Жамбыл жерінде дәстүрдің беріктігі анық байқалады. Әсіресе, той индустриясының қарқынды дамуы, тоқтамай, үздіксіз жаңарып отыруы күн сайын байқап отырған тұрақты құбылысқа айналды. Алайда, дәстүрдің беріктігі шаңырақ ішінде емес, тек осы тойларда, көпшілік алдында ғана аңғарылады.

– Біз отбасымызда қазақы дәстүрлерді қатты ұстанамыз деп айта алмаймын. Себебі, өмір тым қарбалас. Төрт баламыз бар. Оларды бақшаға апару, киіндіру, тамағы мен әр демалыс сайын көңілдерін аулау бар. Оларға адами құндылықтар негізінде тәрбие берудің өзі – дәстүрді ұстануымыздың белгісі шығар. Өзіміз жұмыста жүргенде балаларға қайын атам бас-көз болады. Ата-әже тәрбиесін осылай көріп жатыр. Біздің міндетіміз – асырау ғана болып тұр. Ал, жалпы кейбір дәстүрлерді, салт-жоралғыларды той-томалақта, жұртшылық алдында ғана паш ететініміз жасырын емес. Уақыт өткен сайын есепке құралған нарықтық түсінік, табысты арттыру басымдыққа ие болып бара жатыр. Шыны керек, келінмін деп таңертең ерте тұрып, шай беріп, басыма орамал тағып, сәлем салуды да күнде жасай бермеймін. Себебі, жұмысқа асығамын. Той-томалақта ағайынға ілтипат көрсетемін. Бірақ, үйде ондай мүмкіндік бола бермейді. Ата- енем де бұған түсінікпен қарайды. Айналадағы құрбы-құрдастан да осыны байқаймын. Әрине уақыт көп, арқаны кеңге салатындай жағдай болса байыппен, салтты сақтап, ұлттық құндылықтарды балаларға үлгі болып көрсеткенге не жетсін. Бірақ, оған уақыт та тапшы, мүмкіндік те аз болып жатыр. Себебі, балалар күнде жаңа дүние сұрайды, олардың керегін үнемі тауып беруіміз керек, қатарларынан қалғылары келмейді. Алдымен ата-ана ретіндегі парызымызды орындауымыз керек. Бірақ, бұл ұлттық дәстүрлерімізді жоққа шығару деген сөз емес, ата- әжелері ба ла лардың с анасына барынша сіңіріп жатыр. Үлкендерге көп рақмет, – дейді тараздық келін Ұлбике Сатқұлова.

Дегенмен, дәстүрлердің тағы бір артықшылығы – адамдар үшін жеке құндылықтар қалыптастырады. Көптеген стандарттар дәстүрлі құндылықтар негізінде қалыптасады. Пайдалы дәстүрлерді ұстану адамдарға ненің қолайлы және қолайсыз екенін түсінуге көмектеседі. Сәйкесінше, олар өздерінің жеке басын тұлға ретінде жетілдіреді. Тағы бір проблема – елдің дамуы дәстүрлі құндылықтарды емес, жаңа білімдерді меңгеру арқылы жүреді. Дегенмен, дәстүрлі мәдениет пен әдет-ғұрып адамдарға қазіргі қоғамды қолдауға және құруға көмектеседі. Жапонияның мысалын қарастырайық. Жапония – әлемдегі ең заманауи дамыған елдердің бірі. Онда дәстүрлер ғана емес, қазіргі заманғы құндылықтар да қатар өмір сүріп келеді. Бұл дәстүрлі құндылықтардың қазіргі қоғам үшін өзекті екенін дәлелдейді. Сол сияқты, біздің қоғамымызға да жаңадан еніп жатқан дәстүрлер баршылық. Мысалы, гендер пати, түрлі-түсті кештер, ер адамның әйелдің босануына қатысуы, торт үрлеу сынды дәстүрлер бұрыннан келе жатқан дәстүрлердің орнын басып келеді. Алпамыс батыр эпосынан белгілі қазақтың «Құрсақ шашу» деген дәстүрі бар. «Құрсақ шашу» тойы аяғы ауыр келініне көңіл бөліп, оның көңілін көтеріп, тәжірибесімен бөлісу ниетімен өткізіледі. Өкінішке қарай, бұл дәстүр ұзақ жылдар бойы «ұмытылған» дәстүрлер тізімінде қалды. Бұл әдемі әдет-ғұрыпты қайта тірілту біздің қолымызда, бұл тұста, ескі дәстүрлер мен инновациялық дәстүрлердің арасындағы қарым-қатынастың дұрыс деңгейде қалыптасуы маңызды. Қазақы қалпымыздың осындай мағыналы дәстүрінің сынын қолдан кетіріп жатқанымызды бүгін ғана аңғарып отырған жоқпыз. Уақыт өткен сайын өз салтымызға, күнделікті тіршілігімізге, ұлттық болмысымызға жат қылықт ар қалай еніп бара жатқанын байқамай барамыз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар