«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды

Екі мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды
Ашық дереккөз
«Еңбек бәрін де жеңбек», расында да солай. Мүмкіндігі шектеулі кісілерді бейімдеуде еңбек терапиясының қолданылуы да осының айғағы болса керек. Елімізде мүгедек азаматтарды жұмыспен қамту жүйелі түрде жүзеге асырылады. Мәселен, өткен жылы облысымызда 2163 мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтамасыз етілген.

Жалпы әлеуметтік салада, оның ішінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мансап орталықтарына 2024 жылы 2566 мүмкіндігі шектеулі азамат жүгініпті. Осы санаттағы жұмыспен қамтылған азаматтардың ішінде 639 адам уақытша жұмыс орындарына орналастырылған.

– Жұмыс орындарымен қамтылған мүмкіндігі шектеулі жандардың 21-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, жастар практикасына – 45, қоғамдық жұмыстарға – 482, алғашқы жұмыс орындарына – 18, «Күміс жас» жобасына 73 мүгедектігі бар адамдар орналастырылды. Сонымен қатар, 33 мүмкіндігі шектеулі адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуда білім алды. Осындай санаттағы 491 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, онлайн оқытуға 103 азамат жолданды, 7 адам жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқыту бағдарламасымен оқытылып, оқу мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмыстарға орналастырылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 197 азамат 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатын алып, жеке кәсіптерін ашты, – дейді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек мобильдігі орталығының» жұмыспен қамту мәселелері бөлімінің басшысы Айгүл Ертөре.

«Мүгедектігі бар азаматтар үшін жұмыс орындарын квоталау» тұрақты жұмыспен қамту бағыты бойынша ағымдағы жылы 57 адам бекітілген. Дегенмен, 58 адам квота бойынша жұмысқа орналастырылып, жоспар 101,7 пайызға орындалыпты. Сондай- ақ, мүгедек азаматтарға арнайы жұмыс орнын ұйымдастыру бағыты бойынша 11 адамды еңбекке тарту жоспарланып, толық жүзеге асырылған.

Әрине, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін зейнетақы бар, дегенмен, өзі еңбектеніп тапқан табысының жөні бөлек. Әрі еңбектену қоғаммен тығыз байланыста болып, белсенді өмір сүруге жетелейді. Халқымыздың «Балық берме, қармақ бер» дегені осыған саяды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар