«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ана тілден артығы, туған елден жақыны жоқ»

«Ана тілден артығы, туған елден жақыны жоқ»
Ашық дереккөз
Әрбір ұлттың басты құндылықтарының бірі – Ана тілі болғандықтан да бұл жөнінде орамды ой қалдырмаған ғұлама жоқ. Түркі ғалымы Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» десе, адамзаттың Айтматовы «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ» дейді. Расында ұлт болып ұйысып, мемлекет болып бірлесе өмір кешіп отырғанның қадірін ұқпайтындар өз Ана тілінің қадіріне жете алмай жүр. Жанға бататыны да осы. Шекара асып, шет елде тұрса да Ана тілін ардақтап, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, халқының құндылықтарын мақтаныш ететіндерді көргенде, қуанасың. Бірнеше жыл бұрын Жамбыл өңірінен Американың Нью Йорк қаласына қоныс аударған жас отбасы ол жақта да өз тілдерінде сөйлесіп, тіпті жергілікті халықпен де қазақша тіл табысып жүр.

Жандос Жұмағұлов пен Құралай Ерболқызы бастапқыда сондағы достарының шақыртуымен жұмысқа барған. Алғашында ағылшынша жақсы білмейтіндіктерінен өздері де сәл уайымдаған.

– Көптен бері осы Америкада тұратын досымыз «Тілден қиналмайсыңдар» десе де іштей кішкене уайым болған еді. Бірақ, шынымен де біз кездескен кісінің бәріне, қандай да бір қызмет аларда да өз тілімізде сөйледік. Ешкім де «Сенің тіліңді түсінбеймін» деп теріс айналмады. Лезде-ақ қолындағы телефонымен ғаламтордағы аудармашыға салып, не айтқанымызды ұғатын. Бізге олар да өз тілдерінде сөйлейді, біз де дәл солай ғаламтордағы аудармашы арқылы түсіністік. Бірде балам құлап қалып, сол жердегілер бізден бұрын жедел жәрдем шақырып, емханаға апарды. Түгел тексеріп, жағдайының жақсы екенін айтып, келесі аптада тағы тексеруге келуіміз керегін айтты. Сонда да біз қазақша сөйледік. Емхана қызметкерлері бізбен ғаламтордағы аудармашы арқылы тілдесті де келесі келетін күнімізге қазақша білетін аудармашы шақыратындарын жеткізді. Расымен де солай жасады. Қуанып қалдық. Бәрібір, уақыт өте келе өмір сүрген жеріңнің тілін үйренесің ғой. Қазір ағылшынша жақсы сөйлесіп, қасымыздағылармен ұғынысамыз. Ұлымыз әлі кішкентай, биыл мектеп табалдырығын аттады, бұл жақта дайындық сыныбы 3 жастан басталады. Біз көшкен жылы небәрі бір жаста еді, әуелгіде тілі қазақша шыққанымен ауладағы балалармен ойнап, теледидардан осы елдің мультфильмдерін көріп, ағылшынша сөйлеуді өзі-ақ үйреніп кетті. Қазір мектептің дайындық сыныбында ағылшынша оқып жүр. Ана тілін ұмытпасын деп өзіміз үйде қазақша сөйлесеміз. Баламызға үйде қазақ тіліндегі әліппені оқытамын. Бұл жақтағы мектептің білім беруі әр күні бір түс үйретіп, сол түстегі заттарды, жеміс, көкөністер туралы айту арқылы басталады. Күнде мектептен біліп келген түсін мен үйде қазақша жеткізіп, әр күні қазақ тілінің бір әріпін үйретіп отырамын. Ойшылдардан қалған өсиетті сөзде «Бала бастауыш білімді өз Ана тілінде алуы керек, содан соң басқа тілдерді үйренсін» дейді ғой, біз солай еткіміз келген. Бірақ бұл жақта қазақ сыныбы жоқ, сондықтан мектепте не үйретсе, соны үйде қазақша түсіндіремін. Әлемнің қай қиырында жүрсек те өз ұлтымызды, Ана тілімізді, шыққан тегімізді ешқашан ұмытпаймыз, балаларымыздың санасына да соны сіңіреміз, – дейді жас ана Құралай Ерболқызы.

Шет жерде жүргендіктен, маңайындағы санаулы қазақтармен қоса қырғыз, өзбек отбасыларымен де жақын туыстай араласатын көрінеді.

– Алғаш көшіп келгенімізде бізді осында шақырған досымыз бір-екі қазақтармен таныстырды. Солармен туған бауырдай араласып, кәдімгі өз еліміздегідей қазақы салтпен той-жиындарымызға барып-келіп жүрдік. Кейін сол кісілер арқылы қырғыз, өзбек отбасыларымен таныстық. Біз тұрған жерде санаулы ғана қазақтар бар. Сондықтан, ежелден ағайын саналатын қырғыз, өзбек бауырлармен де қазір жақын араласамыз. Жақында осында Түркі елдерінің форумы өтті, әрине өзіміз ұйымдастырдық. Форумда әр ұлттың дәстүрлері, киімдері, тағамдары көрсетілді. Біз де бауырсақ, қаттама нан пісіріп, тары-талқан, құрт-ірімшіктен қазақы тәттілер жиынтығын әзірледік. Ондай ұлттық тағамдарды дайындайтын азық-түліктерді өзбек ағайындардың дүкендерінен аламыз. Әзірге қазақтар ашқан дүкен кездестірмедік. Дегенмен, өз еліміздегідей сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт қайнатып, мал сойып, ошаққа от жағып, ет аспаған соң қазақтың даласының дәміндей қайдан болсын. Әйтсе де ұқсатып бағамыз. Ұлттығымызды ұмытпай, балаларымыздың бойына сіңіріп өсіру үшін де әр дәстүрімізді жасап, бас қосып тұрамыз. Үйіміздің төріне Мемлекетіміздің көк Туын іліп қойдық, күнде көріп, Отанымыздың бейнесі, ондағы туған-туыстар, ата-анамыз көз алдымызға келеді, – деген Құралай Ерболқызының сөзінен елге деген сағыныш байқалды.

Қазір Пенсильвания штатының Питтсбург каласында тұратын Жандос үлкен бір фирмада тауар тасымалдаушы, Құралай киім фабрикасында тігінші болып еңбек етіп жүргендіктен материалдық таршылық көріп отырған жоқ. Бірақ, көңілдерін күпті ететіні – туған елге деген сағыныш.

– Бұл жаққа келгенімізде көлік жүргізуді білмейтінмін, тез-ақ меңгеріп алдым. Мұндағы халық шалыс бассаң, бірден ұрысып, жазалауға асықпайды. Тұраққа қоя алмай немесе бұрылыстарда дағдарып қалсаң, тұра қалып, өзі рөліңе отырып, түсіндіріп, жолға салып жібереді. Дүкенде, дәмханаларда да қызметкерлері алдыңнан күлімсіреп қарсы алып, не іздегеніңді сұрайды. Жолда әлденені іздегеніңді байқаса да кетіп бара жатқан кісі өзі келіп, «Сізге көмек керек пе?» деп сұрап, іздегеніңді табуға жол сілтейді. Сондықтан шығар, тілі, тұрмыс салты мүлдем бөлек елге бейімделу бізге аса қиынға соқпады. Әйтсе де туған елге бүйрегің бұрады, жүрек атқақтап іздейді. Жаңалықтардан Қазақстан, қазақ туралы бірдеңе айтса, елегізіп тұрамыз. Күнделікті тіршілік қаншалықты қат-қабат қарбалас болса да елдегі туған-туыстармен хабарласуға уақыт табамыз, күнде ата-анамызбен сөйлесіп отырамыз, – деп Құралай туған жұртты аңсағандарын аңғартты.

Әрине, қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптесе де туған елдей қайдан болсын?!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар