
Бауыржан Момышұлы әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алатын дара тұлға. Жамбылдықтардың Ер Бәукеңе деген құрметі ешқашан толастаған емес. Әулиеаталықтар спорттық іс- шаралар өткізу арқылы да батырға деген шексіз құрметтерін білдіруде. Кеше Тараз қаласындағы № 6 спорт мектебінде кикбоксингтен жастар және жасөспірімдер арасында даңқты батыр Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған республикалық V-ші турнир басталды. Бұл додаға Астана, Алматы, Шымкент қаласынан және барша облыстардан 220 спортшы қатысып жатыр.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Бақыт Артаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, осы турнирдің тұрақты ұйымдастырушысы Абдірахман Қыдыралиев сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Абдірахман Ералыұлы: «Батыр Бауыржан Момышұлының есімін ардақтау баршамызға парыз. Осымен бесінші мәрте жалауын көтерген республикалық турнир талай таланттың бағын ашып жатыр. Оның ішінде жамбылдық жас спортшылар да жетістіктерімен қуантуда. Осы додада да біраз жаңа есімдердің шығатынына сенімдімін»,–деді. Жарыстың демеушісі, «Баракат- Экспорт» компаниясының өкілі Ерхан Сәрсенбеков те спорттың болашағы үшін қолдау білдіріп, алдағы уақытта да талантты спортшыларды қанаттандыруға ынталы екенін айтты.
Мұнан соң жас әнші Ермұрат Бақытұлы «Мен қазақпын» атты патриоттық ән шырқап, көпшілікке рух сыйлады.
Мұнан соң жарыс басталып кетті. Бұл турнирге жамбылдық жиырмадан аст ам спортшы қатысып, бақ сынап жатыр. Жарыстың алғашқы күні жамбылдық Азиз Асқаралы шымкенттік Ғалым Сейдулладан 3:0 есебімен басым түсті. Жерлестеріміз Нұрсұлтан Сейдікәрім, Мади Зиятбек, Нұрислам Абдамит, Дінмұхамед Бейсенәлі өз салмақтарында жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті.
Турнир алдағы жексенбі күні мәресіне жетеді. Біз жамбылдық бірнеше спортшының өз салмақтары бойынша жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімдіміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді