«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеатаға тағдырдың жазуымен келген «ән періштесінің» алқасы

Әулиеатаға тағдырдың жазуымен келген «ән періштесінің» алқасы
Ашық дереккөз
Төрткүл дүниеге поляк халқының ұлы әншісі, неміс тектес композитор ретінде танылған әйгілі Анна Герман туралы мәліметтер ғаламтор бетінде көптеп кездеседі. Нақтырақ айтқанда, атақты әншінің өнердегі жетістіктері, орындаған әндері мен әлемнің көптеген елдерінде аншлагпен өткен концерттері жөніндегі мағлұматтардың бәрі де қолжетімді. Десе де, ән әлемінде айрықша құбылыс болған біртуар таланттың балаң күндері Жамбыл жерімен байланысты болғанын бұл күнде екінің бірі біле бермейді.

Деректерге сүйенсек, өнерпаз 1944-1946 жылдары түрлі тағдырлар тоғысқан көне шаһарда анасымен және әжесімен бірге тұрып, Н.Некрасов атындағы мектепте білім алған. Осынау шағын мәлімет Иван Ильичевтің «Белый ангел песни» атты кітабында кездеседі. Ал, Анна Германның өзінің атынан жазылған «Мы долгое эхо» кітабында: «В 1943 году семья переехала в Джамбул, Ирма устроилась учителем немецкого языка», – деген дерек бар.

Жалпы, Анна Герман өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қоңыр үні, әуезді әні арқылы шынайы даңққа бөленді. Шабыты шалқыған өнер иесін көпшілік жұрт төбесіне көтеріп, талантын жоғары бағалады. Тіпті, ол Америка, Ұлыбритания мен Италия сияқты алдыңғы қатарлы елдерде шығармашылық кешін өткізіп, ән періштесіне айналды. Бірақ, атағы алысқа кеткен өнерпаз есейген шағында бір кездері жанарының жасын сүрткен Әулиеата топырағын ұмытқан жоқ. Араға отыз үш жыл салып концерттік бағдарламамен Жамбылға келген өнер саңлағы 1979 жылы жергілікті тұрғындармен қайта қауышады. Ол кезеңде ән әлемінің жарық жұлдызының Жамбыл жеріне келуі – елдің есінде қаларлықтай оқиға еді. 1979 жылы 25 сәуір күні облыстық «Знамя труда» газетінің №89 нөмірінде журналист Борис Канның «Песни Анна Герман» деген тақырыпта сұхбаты жарық көреді. Әңгіме барысында өнер иесі балалық шағында анасымен бірге Жамбыл қаласында тұрғанын, осында мектепте оқығанын тілге тиек еткен. Алайда, дәл қай мектепте оқығанын білмейтінін айтқан. Сөйтіп, әулиеаталықтардың ерекше құрметі мен қошеметіне бөленген Анна балалық шағының бір бөлігі өткен өңірмен қоштасар сәтінде жергілікті тұрғын Зайтуна Скрипаченкоға өзі пайдаланған бірнеше затты сыйға тартады. Соның бірі – әншінің алқасы. Қазіргі таңда бұл құнды дүние облыстық мұражай қорында сақтаулы тұр.

– 1979 жылғы гастрольдік сапар кезінде әншіге қаланың мейрамханаларының бірінде көрсетілген мінсіз қызметтің ұнағаны соншалық, ол өзінің ақ алқасын Зейтуна есімді жас жұмысшыға сыйлайды. Ұзақ жылдар бойы үйінде сақталған алқаны 2013 жылы қызы Галима анасы қайтыс болғаннан кейін мұражайға өткізген. Ал, 2014 жылы облыстық тарихи-өлкетану мeзейінен атақты өнерпазға арналған бұрыш ашылды. Дәл осы музей бұрышында Анна Германның киген көйлегі, өнер иесінің дауысы жазылған түрлі күйтабақтары мен оның шығармашылығы туралы жазылған кітаптар бар, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.

Айта кетейік, Анна Герман дерек бойынша Өзбекстан Республикасының Үргеніш қаласында дүниеге келген. Әкесі Евгений Герман наубайханада есепші болып жұмыс істеген көрінеді. Ал, анасы Ирма Мартенс неміс тілінің мұғалімі болған екен. Әйгілі әншінің сәби күнінде әкесі тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынып, кейіннен атылып кетеді. Осылайша, Анна анасы Ирма екеуі Қырғыз Республикасының Талас облысындағы Орловка ауылына жер аударылады. Сөйтіп, көп ұзамай тағдырдың жазуымен Әулиеата өңіріне келеді. Өкінішке қарай, сан мәрте қилы күндерді бастан өткерген әнші 1982 жылы дүние салды. Алайда, тіршілігінде тағдыр тауқыметін көп тартқан өнерге құштар қайсар қызды Әулиеата топырағы ұмытқан жоқ. Тиісінше, жамбылдықтар даңқты өнерпаздың рухына лайықты құрмет көрсетті. Мәселен, 2013 жылы «Жамбыл» қонақүйінің алдынан Анна Германға арналып ескерткіш-тақта ашылды. Мұнда әншінің тасқа қашалған бейнесімен қатар, «Варшава – Сан-Ремо – Москва – Сопот – Жамбыл» деген және «Мемориалдық тақта ұлы әнші, біздің жерлесіміз – Анна Германның құрметіне орнатылды», – деген жазу бар.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар