«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талас құрылтайы

Талас құрылтайы
Ашық дереккөз
Тарихи Жамбыл жерінде елдігіміздің айбынын асқақтатқан талайғы тарихи оқиғалар өткені белгілі. Солардың бірі – Алтын Орда мен түркі халықтарының жекелеген ұлысын қалыптастыруға тікелей әсер еткен – Талас құрылтайы. Жошы, Үгедей мен Шағатай ұрпақтарының қатысуымен өткен мәжіліс кейіннен мемлекетіміздің де қалыптасуына ықпал еткен еді.

Көшпелі өркениетте, әсіресе, түркі халықтарында құрылтай өткізу мемлекеттің негізгі институционалдық ғұрыптарының бірі саналады. Мұнда ел ішінде маңызды мәселелер талқыланып, қабылданған шешімдер саяси элитаның келісімімен бекітіледі. Әдетте құрылтай белгілі бір уақыт аралығында өткізілсе, кейде саяси оқиғалардың маңыздылығына қарай кезектен тыс шақырылады. 1269 жылғы Талас құрылтайының өтуіне де Моңғол империясындағы ішкі тартыс-жанжалдың шарықтау шегіне жетуі себепкер болған еді.

Тарихи оқиғаның алғышарты ретінде 1251 жылы өткен Қарақорым құрылтайына Төле ұлы Мөңкенің Батудың қолдауымен таққа келуі Үгедей мен Шағатай ұрпақтарының орталық биліктен аластатылуына түрткі болды. Дәл осы құрылтайдан бастап, Шыңғыс ханның ортаншы ұлдарының орталық билікке наразылығы күшейе бастады. Осылайша алдағы жиырма жылдықтағы маңызды оқиғаларда тек Жошы мен Төле ұрпақтары төбе көрсетті. 1251–1259 жылдары Ұлы қаған Мөңке тұсында оның туған інісі Құлағу батыста Иранды, Бағдат халифатын бағындырса, тағы бір туған інісі Құбылай Қытайды жаулап алады. Империяның аумағы кеңейгенімен, оның орталығындағы әскери-саяси күштер жаңа бағындырылған аймақтарға көшірілуіне орай бір-бірінен алыстатылады және шашыратылады. Осылайша, жаңа пайда болған Ұлыстар орталығында Қарақорымдағы саяси орталыққа қарсы тұрар жаңа күштер пайда болады. Ал, империя көлеміндегі Қарақорымнан кейінгі екінші ірі саяси күш – Дешті Қыпшақ аумағындағы Жошы ұлысында болды. Жошы ханның екінші ұлы Батудың 1236–1242 жылдардағы Шығыс Еуропаға дейінгі жасаған жорықтары сәтті аяқталып, Монғол империясының құрамына орасан зор аумақ қосылды. Бату беделінің бүкіл империя көлемінде күшті болғаны сондай – 1253 жылы Бағдат халифатына қарсы аттанған Құлағу Жошы ұлысы билеушісінің қатаң ескертуінен соң, үш жыл бойы Әмударияның арғы жағына аяқ баспады. Тек 1256 жылы Батудың өлімінен кейін ғана Құлағу әскері дарияның арғы бетіне өтіп, Хорасан, Иран жерлерін бағындыра бастады. Бату қайтыс болған соң оның орнына келген Берке Құлағудың Бағдатты алуы мен соңғы аббасилік халиф – әл-Мұстасимнің өлтірілуіне қарсылық білдірді. Беркенің Сарайда өз атынан теңге соқтырып, оған соңғы халифтің атын жаздыртуы біріншіден, халифке деген құрметі болса, екіншіден, империяның саяси бірлігіне қағылған алғашқы сына мен содан түскен сызат еді.

1259 жылы Ұлы қаған Мөңке қайтыс болып, тақ үшін Төле ұрпақтарының арасында күрес басталады. Күрес Қарақорымдағы орталық билікті әлсіретіп қана қоймай, империяның бірлігіне соққы болып тиеді. Қарақорымда Мөңке қағанның кіші інісі Арықбұға қаған болып тақты иеленеді. Дәл сол кезде, 1260 жылы, Қытайдың Кайпин қаласында Мөңкенің інісі Құбылайды сол жақтағы монғол ақсүйектері қаған етіп көтереді. Осылайша, Монғол империясында бір мезгілде екі қаған билік жүргізе бастайды.

Құбылай мен Арықбұға қағандар арасында қарулы күрестер жүріп, әрқайсысы өз жағына Шағатай мен Үгедей ұрпақтарын тартуға тырысады. Соған байланысты кезінде саяси билік пен саяси өмірден шеттетілген шағатайлықтар мен үгедейліктер қайта бас көтеріп, империяның саяси өміріндегі күресіне белсене араласа бастайды. Шыңғыс ханның немерелері арасында күрестің шиеленісті түрде жүруі және көп бөлігінің осы күреске тартылуы империяның бөлшектенуіне алып келеді. Ал, бұл кезде іс жүзінде бұрынғы империя төрт дербес мемлекетке бөлініп кеткен болатын. Монғолия мен Қытайда – Құбылай, Иранда – Құлағу, Жошы ұлысында – Берке хан және Шағатай ұлысында Алғұй дербес билеушілер болып саналды. Бірақ 1264 жылға қарай қалыптасқан бұл саяси жағдай ешбір Құрылтайда заңдастырылмаған еді. Қалыптасқан саяси жағдайды заңдастыру үшін моңғол ақсүйектеріне Құрылтайдың қажеттілігі туа бастады. Бұл шақырылатын Құрылтайда, әрине, империяның ыдырағанын және бірнеше дербес мемлекеттің құрылғанын жариялау керек болатын.

1264 жылы Арықбұға мен Құбылай арасындағы күрес Құбылайдың жеңісімен аяқталып, ол сөз жүзінде бүкіл империяның жеке-дара билеушісі болып есептеледі. 1264 жылы – Арықбұға, ал 1265 жылы Алғұй қайтыс болады. Осы кезде саяси күреске Үгедей қағанның ұрпағы – Қайду және шағатайлық өкіл – Барақ хандар шығып, күрес отын одан әрі қыздырып жібереді. Хайду мен Барақ арасындағы күрестің алғашқы кезеңінде Хайду жеңілгенімен, Жошы ұлысында Берке ханның орнына келген Меңгу Темірдің Қайдуға әскери көмек жіберуінің арқасында шағатайлық әскер талқандалады. Шыңғыс немерелері арасындағы таласқа 1268 жылы Үгедейдің Қыпшақ есімді немересі араласып, екі жақ мәселені бейбіт түрде, үлкен Құрылтай шақырып, соңғы жылдары туындаған барлық саяси және экономикалық мәселелерді де сонда талқылап, шешуге келіседі.

Келер жылдың көктемінде Талас өзенінің бойында құрылтай шақырылып, оған Жошы ұлысының ханы Меңгу Темір атынан Жошының төртінші ұлы Бекежар, Үгедей ұлысына Қайду мен Қыпшақ, Шағатай ұлысынан Барақ қатысады. Жиында Шағатай мен Үгедей ұрпақтары арасындағы қақтығысты тоқтатуға келісім жасалып, өзара келісімнің нәтижесінде Мауреннахрдың үштен екі бөлігі Барақта қалып, қалған бөлігі Меңгу Темір мен Қайду иелігіне беріледі. Осылайша, Талас құрылтайы Моңғол империясының алтын дәуірінің аяқталғанын аңғартып, оның орнына жаңа мемлекеттердің шекаралары пайда болғанын жариялады. Нәтижесінде бұған дейін Ұлы қаған ретінде билік жүргізген Құбылай Юань мемлекетінің билеушісі ретінде танылып, Жошы ұлысында Алтын Орда, Иранда Құлағу мемлекеті мен Мауреннахрда Шағатай ұлысы мен Хайду мемлекеттерінің шекаралары ресми мойындалды. Сонымен бірге құрылтайда экономикалық мәселелер де назардан тыс қалмады. Шындығында бұған дейінгі үздіксіз соғыстар жергілікті тұрғындарды шындап қажытқан болатын. Сол себепті Шыңғыс тұқымдары ендігінде қалыптасқан салт бойынша жаулап алған жерлердің талқандап қиратуға емес, қалалар мен сауда орталықтарының тұтастығын сақтауға уағдаласты. Сондай-ақ, құрылтайға қатысушылар қала тұрғындарының егіншіліктен қол үзіп бара жатқандарына назар аударып, ендігінде ұлыс билеушілері қаладан жырақ таулы, далалы аймаққа қоныстануға, отырықшылықпен айналысатын жергілікті тұрғындарға негізсіз салық салмауға шешім шығарады. Бұл оңтайлы шешім кейіннен оңтүстік аймақтардағы қала тұрмысының қайта жандануына себепкер болады. Осы кезеңдерде Тараз, Қаялық, Алмалық, Қашғар, Хотан, Бұхара, Самарқан секілді оннан астам қалада Қайдудың таңбасымен күміс дирхемдер соғылып, ақша айналымында кеңінен қолданылды.

Талас құрылтайы нәтижесінде қабылданған шешімдер болашақ Моғолстан мемлекетінің іргесін бекітіп, Жошы ұлысының мұрасын ала келген Керей мен Жәнібек хандар басқарған жұрттың өз мемлекеттігін қалыптастыруға жасалған алғы қадамдар болды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар