
Сондай оқырманның бірі – 74 жастағы ақсақал Жылқыбай Қойшыбеков. Ол кісінің мамандығы инженер-технолог болғанымен, кітаппен достығын ешқашан үзген емес. Қазақ әдебиетінің алпауыттарын тегіс тауысқан көңіл көкжиегі кең ақсақал әлемдік сөз шеберлері Байрон, Бальзак, Пушкин, Шекспирлерді толық оқып, сусындағаны бір ғанибет. Алқалы топтың төрінде отыруға лайық Жылқыбай Жазықбайұлының оқыған кітабының саны 4 мыңнан асыпты. Бәлкім, бұл цифр жылдармен өлшегенде айтарлықтай көп те емес шығар, бірақ аз дегенге де келмейді. Оқығанда да кез келген кітапты емес, шығарманың асылы мен маржанын теріп оқыса, 4 мың кітаппен төрт тарапқа басқаша қарауға болатын шығар. Бір көргеннен оның жаны таза, көңілі нұрлы адам екені көзге түседі. Оған белгілі дәрежеде кітап оқығанның әсері ықпал еткен болар деп ойладық.
– Ешқандай жоба, байқау жарияламай-ақ, әркім кітапты алдымен өзі үшін оқуы керек деп ойлаймын. Жас кезімізден қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұханов шығармаларын көп оқыдық. Беріректе әйгілі ақындар Сырбай Мәуленовпен, Қасым Қайсеновпен, Қадыр Мырза-Әлімен кездесудің сәті түсті. Әбділда Тәжібаевпен құда болған жайымыз бар. Біздің жас күнімізде бойжеткен қыздар тегіс кітап оқитын. Біздерден «Ботагөз», «Махаббат қызық мол жылдар» романдарының әр жерінен сұрайды. Қыз алдында жауап бере алмау ұят қой. Сондықтан, ұятқа қалмауға тырысушы едік. Біздерге бір жағынан кітап оқытқан – замандас қыздар. Үйде немерелеріме де кітаптың алтын қазына екенін айтып отырамын, – дейді үздік оқырман Жылқыбай Қойшыбеков.
Кітап оқу сөз болып жатқанда бір ескерер мәселе, нені оқығаныңда, қалай сіңіріп оқығаныңда болса керек. Бұл жағынан алғанда Шу қаласында тұратын Бибісара Аллабергенова барша жастарға үлгі. Аудандық кітапханаға жиналған жастарға «Абай жолын» оқу қазақ халқының барша салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын, тарихын білу екенін айта келіп, кітап беретін құндылықтарға тоқталды. Мамандығы бастауыш пәнінің мұғалімі Бибісара Досанқызы осы кезге дейін шамамен 2 мың 500 кітап оқығанын айтады.
Аталған аудандағы Мұхтар Әуезов орта мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Дүйсекенің кітапқа тұрақты назар аударып жүргеніне 3 жылға жуықтаған. Ең алғаш оқыған кітабы Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен – апамның баласымын» романы. «Бұл романның маған жақын болғандығы мен де апамның қолында өскен, атам мен апамның баласы болып кеткендігімнен. Сондықтан, бұл шығарма мені ә дегеннен жетелеп, қызығына баурап, әсерге бөледі. Қалай бас алмай оқып шыққанымды білмей қалдым. Содан бері кітап менің досым», – деді ол. Қазіргі таңда оқыған кітабы 400-ге жуықтаған. Әрине, әңгіме кітаптың санында да емес, мазмұнында. Дегенмен, көп кітап оқыған баланың талабы таудай екеніне күмәніміз қалмады. Кітап оқығанның әсері болар Еркебұланның өлең жазатыны да бар. Талабына нұр жаусын.
Сонымен қатар, Төле би ауылдық округіндегі Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Шалқар Болатбек кейінгі екі жылда 100 кітап оқып шыққан. Ал, әл-Фараби атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Ақнұр Жамбыл кітап оқуды жаңадан бастап жүрген талапкер. Оқыған шамалы кітаптарының қатарында Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар» кітабы да бар. «Мен кітап оқуды жаңадан бастап жатырмын. Бізге сынып жетекшіміз де, ата-анамыз да артық білім кітапта екенін айтады. Кітапханаға барып, кітапханашы апайлардың да ақыл-кеңесін тыңдап тұрамын. Оқу озатымын. Кітаптан терең сөздер, теңеулер табуға болады. Алдағы уақытта да кітап менің серігім болады», – дейді. Кітапханашылар арасында да жылдың үздігі болып жүрген білікті мамандар бар. Осындай ашық-жарқын әңгімелесуді, рухани сұхбатты ұйымдастырған Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева күнделікті жұмысы оқырмандармен қызықты екенін айтып өтті.
– Қазіргі таңда ауданымызда 25 кітапхана бар. Ол кітапханаларда 266 мың 790 кітап қоры сақталған. Кітапханашылардың баршасы өз ісінің білікті мамандары. Олар да алтын қазынамен сусындауға келген азаматтармен жылы сөйлесіп, әрқашан олардың ынтасын арттырып отырады. Кітапханашы қызметкерлеріміз облыстық, республикалық түрлі байқаулардың жүлдегері. Ұзақ жылдан бері тер төгіп жүрген кітапхана ісінің үздіктерімен бірге жұмыс істеу қызықты. Жалпы, бәріміздің мақсатымыз – кітаппен дос болып жүрген тұрғындар санын көбейту. Осы арқылы бұзықшылық пен теріс жолдан алыс, жаны ізгі, жақсылықты іздеп тұратын жастарды қалыптастырамыз деген ойдамын. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасын қызу қолдаймыз. Жыл бойы жоспарлаған көптеген іс-шараларымыз бар. Басқа-басқа Әлдихан Қалдыбаев, Қарауылбек Қазиев секілді аса талантты жазушылардың жерлестері кітап оқуда алда болулары керек, – дейді ол.
Бұл пікір біздің де көңілімізге қонғаны анық.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мәдени жетістіктер - руханияттың жемісі
- 9 қаңтар, 2025
Адамдарға нұр сыйлаған орталық
- 30 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді