Ауыл - шабыттың кілті, шынайылық пен рухтың алып бәйтерегі
- author «Ақ жол»
- 23 қаңтар, 2025
- 156
– Қали Ерғазыұлы, сіздің әлеміңіз ешкімге ұқсамайтын бөлек әлем. Шалғай ауданның бірі Шуда ғұмыр кешіп жүріп те, жұрттың назарын аударудан жалықпайсыз. Әуелі желтоқсан оқиғасына қатысқаныңыз жайлы сұрасақ, көзіңізбен көрген желтоқсан қалай болды?
– Желтоқсан оқиғасына қатысты басын ашып айтатын бір нәрсе бар, жастар алаңға мемлекеттің саясатына қарсылық көрсетуге шыққан жоқ. «Әр ұлтқа өз өкілдерінен бірінші басшы болсын» деген коммунистердің көсемі Лениннің сөзін ұран етіп, өз талаптарын білдіру үшін шықты. Мен ол кезде Алматы көркемсурет училищесінің 4-курсында оқып жүргенмін. Комсомолдардың ішінде белсендісі едім. «Пойск» деген республикалық әскери-патриоттық клубтың мүшесімін. Осы ұйымға мүше бола жүріп, орысша сөйлеуге, көпшіліктің алдында түрлі пікір айтуға бейімделіп қалған кезім. 17 желтоқсан күні түске дейін орталық алаңға жиналған жастардың саны онша көп болған жоқ. Ал, студент достарыммен бірге түс қайта алаңға қайтадан бардық. Бұл уақытта студент жастар едәуір көп жиналып қалған екен. Жастардың бұл жиналуы негізі бейбіт шеру еді. Шамамен 20 мыңға жуық жас бір мезгілде «Менің Қазақстаным!» әнін шырқадық. Содан кейін тығыз тапсырмаларыма қатысты, бір жағы жатақханада қалған аяғы ауыр келіншегіме алаңдап қайтып кеттім. Қайтып кеткендіктен, мен ешқандай тергеуге, сұраққа алынған жоқпын. Қарулы сарбаздардың келуі, жастарды алаңнан күштеп шығару осы күні түнде басталды. 18 желтоқсан күні де студенттерді алаңға жібермеу, барғандарын күшпен мәжбүрлеп әкету жалғасты. Содан кейін алаңға шыққан жастарды сұраққа алу, іздеу, табылғанын оқудан шығару басталды.
Бір оқиғаны айтайын. Желтоқсанның 21 күні біздің училищеге түстері суық, қап-қара киім киген екі адам келіп, оқытушылар мен студенттерге жиналыс өткізді. Алаңға шыққан жастардың ісі жөнсіз екенін, жазаларын алатынын айтып, жағдайды түсіндіріп өтті. Студент жастардың пікір айтуын сұрады. Сол кезде жанымдағы достарымның бәрі маған қарады. Себебі, өз ортамызда жақсы сөйлеп, ой айтып жүргенмін. Студент замандас қыз- жігіттердің отырыстарын басқарып, қызықтыра білуші едім. Жастардың ортасынан әйтеуір біреу сөйлеу керек болды. Әйтпесе, әлгі екі адамның талабынан құтылмайтын түріміз бар. Сондықтан, мен сөйлеуге ыңғай білдіріп, орнымнан тұрып, мінберге қарай жүрдім. Он метр жердегі мінберге жеткенше ойымды жинақтап үлгеруге тырыстым. Артық ештеңе айтпауым керек деген ойда едім. Сол үшін сөзімді өзімді таныстырудан бастадым.
Қысқартып айтқанда: «Мен әлі 20 жастамын. Саяси жағынан жетілмегенмін. Болып өткен оқиғаға байланысты нақты баға бере алмаймын. Бірақ, көптеген жастар кеңестік идеяны қолдап, Ленин сөздерін ұран етіп шықты. Бұл оқиғаға бағаны уақыт береді», дедім. Карл Маркстың, Лениннің сөздерін қосып өттім. Сөзімнің ұзын ырғасы осы болды. Сөйлеп бітіп орныма бара жатқанымда кейбір оқытушы ағайлар қолымды алып, құшақтап, ризашылықтарын білдіріп жатты. Бірақ, түс қайта әлгі түстері суық екі кісі мені бөлек бөлмеге шақыртты. Сонда бара жатқанда байқадым, оқытушы ұстаздарым үрейлі, көңілдерінде бір қорқыныш бар. Әлгі адамдар отырған бөлмеге кірдім. Дәл қасынан көргенде байқадым, екеуі де қазақ. Олар: «Жарайсың, бағана жақсы сөйледің. Сендей азаматтар керек. Мұнан да үлкен жиындарда сөйлеуге тиіссің. Біз қолдаймыз», – деді. Мен: «Бүгін аз ғана ой айттым. Біз суретші мамандар сөзге шорқақ, тұйық адамдармыз. Мен сөйлемей-ақ қояйын», дедім. Екеудің бірі: «Жақсы ойы бар жігіт екенсің. Сабағыңа бара бер. Сені мазаламаймыз», – деді. Шығып кеттім. Есік аузындағы ұстаздарым не болғанын сұрап жатыр. «Бәрі дұрыс» деп болған жағдайды айтып бердім. Сонда тәжірибелі оқытушы ағайдың бірі, ұмытпасам Аман Бақтығалиев деген кісі: «Қораласбаев, сенің болашағың үлкен еді. Бірақ, мынау жағдайдан кейін сен ауылыңа қайт. Алдымен өз отбасыңа керексің. Бұлар бәрібір тыныш қоймайды. Суретші болмасаң болмай кет, қазақтың бір азаматы аман жүрсін», – деді. Мен негізі одан әрі қарай жоғары оқуларды оқысам деп жүргенмін. Әлгі ағайдың сөзі қамшы болып, бір айда емтихандарымды тездетіп тапсырып, дипломымды алып, ауылға қайттым. Бұл оқиға бізді тез есейтіп жіберді. Мен көзіммен көрген желтоқсан осы. Қазір аудандағы «Желтоқсан тағылымы» ұйымының мүшесімін. Желтоқсаншы азаматтар алаңға шыққан патриоттық ісін бұлдай бермейді. Жақында есеп берген Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков: «Менің алдыма түрлі мәселемен әр топтағы, әр санаттағы азаматтар келіп жатыр. Бірақ, жеке мәселесін айтып желтоқсаншы азаматтар келген емес», – деді. Бұл да біздің сөзімізді растай түседі.
– Тастан қашап, көптеген бейнелерді жасап жүрсіз. Бұл ретте басты ұстанымыңыз қандай? Таспен жұмыс істеу ойыңызға қалай келді?
– Егер мен V-VI ғасырда өмір сүрген болсам, түркі дәуірінің бәдісші, балбал тас қашаушы шебері болар едім. Бірақ, XX ғасырда туғандығымнан, ата-бабамның қанымен келген мүсіншілікті дамытып жүрмін. Сурет салып, мүсін жасау арқылы бабаларымның қасиетінен нәр алып тұрмын. Дегенмен, мүсінді бабаларымыздың дәуіріне куәгері, сол заманалардың ортасында болған көне тастардан жасаймын. Тастардың өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Мәселен, ғашық қыздың бейнесін қашап жасайтын болсам, сол тас туралы: «Кезінде сол ғашықтардың көз жасы тамған тас па екен? Әлде «Ғашықтар сырласып отырған тас шығар» деп ойға шомамын. Егер тастан трагедиялық дүние жасасам, «Осы тас жаугершілік кезінде батырлардың қаны тамған тас емес пе екен?» деген сәтім аз емес. Әр тасты қашаған сайын, одан бір бейне жасаған сайын сондай толғанысты күй кешемін. Өзім VI ғасырда ғұмыр кешпесем де, таңдаған тасым VI ғасырдікі болуы мүмкін.
– Неге ауылды таңдадыңыз? Қалалы жерде тұрсаңыз сіздің танылуыңызға да, жиі көрме жасауыңызға да мүмкіндік көбірек болмай ма?
– Маған осы сауалды қоятындар көп. Тіпті, қарапайым адамдар, шәкірттерім де қояды. Беретін жауабым қысқа. Мен өз тақырыбымның ортасында өмір сүріп жатырмын . Туғ ан жер – шабытымның кілті, ауыл – шынайылық пен рухтың бәйтерегі. Ауылда жүріп, ауылды сағынатын адаммын. Ауыл тұрғындарымен бірге тыныстаған тағдырыма ризамын. Мен қол жеткізген жетістіктеріме ауылдың қосып жатқан үлесі аз емес. Ауыл – менің үйретуші ұстазым. Елді мекендердің бар болмысы жаныма жақын. Қазақы ортада жүргенім үлкен қуанышым. Бәлкім, қалалық жердегідей мүмкіндіктің болмай жататыны да рас шығар. Бірақ, ауылдың өз жемісі, өз берері бар. Ауылда жүргеніме өкінбеймін. Тіпті, 20 жылға жуық өнерге қатысты бірқатар мекемеде директор болып еңбек етіп, өз еркіммен бас тарттым. Маған қарапайым суретшілігім, мүсіншілігім бәрінен қымбат. Мен де бірқатар салмағы басым салалық марапаттар бар. Оның баршасынан «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» деген төсбелгіні артық көремін. Себебі, ол өзім ғұмыр кешіп отырған ауылымның марапаты. Яғни, бағалауы мен мойындауы. Сол үшін қымбат.
– Сіздің Алматы қаласында өткен «Ақ мекен» атты көрмеңізді көптеген ақпарат құралдары жарыса жазды. Сыры неде?
– Ауыл тақырыбына арналған «Ақ мекен» атты көрмем Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы музейде өтетін болды емес пе? Сол жердің жауапты қызметкері: «Аға, шақырған ақпарат құралдары онша құлық танытпай отыр», деп хабарласты. Мен: «Бұл көрме ерекше өтеді. Іс- шараны әні мен сөзін өзім жазған «Туған жер» деген туындыммен ашамын. Әнімді қазақтың үкілі домбырасымен өзім орындаймын», дедім. «Аға, осы ақпарыңызды оларға айтып көрейін» деген. Бір сағаттан соң қуанып қоңырау шалып, республикалық каналдардың барлығы, беделді газеттердің меншікті тілшілері түгел келетінін айтты. Ертеңіне БАҚ құралдары өкілдерінің бәрі келгенде кешті аталған музей директоры: «Өзім жүргіземін», деді. Мен көрмемді өзімнің «Туған жер» деген әніммен аштым. Сол көрмемді бүкіл телеарна көрсетіп, басылымдар жазып, ақпараты жоғары болды. Бәріне себепті ауылға арналған ән.
Шу ауданының орталығында да туған жер тақырыбына арналған көрмем өтіп тұрады. Сондай көрмемді тамашалаған Әбдімомын Желдібаев қарияның: «Уа, Қали, егер біздің атақ пен сіздің атақ таразыға түссе, сіздікі басып кетеді. Сіздің қажырыңыз бен шыдамдылығыңызды көріп, шошып тұрмын» деп баға берсе, шулық айтыс ақыны Базарбай Асқаров: «Біз ойды қуалап жүрсек, ой сіздерді қуалайды екен» деп кестелі сөз айтқаны да естен кетпейді. Шулық танымал фотосуретші Петр Норкин көптеген көрмемді түсіріп, суреттен болашаққа тарих қалдырды. Ол кісі мені алғаш 26 жасымда түсіріп алып сол суреттің астына «Болашақтың белгілі адамы» деп жазған. Оның да ақ ниеті шығар.
– Карикатура жанрында да тер төгіп жүрсіз. Тасты қашаған суретіңіздің де әрқайсысы сөйлеп тұрады...
– Карикатура деген – суретпен астарлы жазылған мақала. Көтерер салмағы сондай. Мен кейінгі 20 жылдан бері республикалық және жергілікті басылымдардың барлығына жемқорлық, ауыл, елдің мәселелері туралы карикатура салып, жолдап отырамын. Олар ұнатқандарын жариялап жүр. Ал, соңғы уақытта аудандық «Шу өңірі» газеті карикатурамды бір бетке толық жариялап жүр. Ол үшін белгілі дәрежеде батылдық керек. Ал, тас мүсіндерге келсек, олар да мақсат пен мағынаға орайластырылып салынады. «Біз сендерді күтеміз», «Кісен ашқан», «Бостандық» деген түрлі тақырыпқа арналған тас мүсіннің мәні терең.
– Шәкірттеріңіздің ішінде үмітті ақтағаны бар ма?
– Аудандық балалармен жасөспірімдер орталығында көркемсурет үйірмесіне жетекшімін. Менің тәрбиемді алған мектеп түлектері грантпен оқуға түсіп жатыр. Ол – ата-аналарына үлкен көмек. Мәселен, 2023 жылы мектеп бітірген Расул Бердібек деген шәкіртім Астанадағы Еуразия Ұлттық университетіне, 2024 жылы бітірген шәкіртім Алматы сәулет және құрылыс академиясына түсіп кетті. Іңкәр Сержанова деген шәкіртім аталған академияның 5-курсында білім алып жүр. Әр шәкіртім грантқа түсу арқылы ата- анасының маңдай термен тапқан қаражатын үнемдеп отыр. Сол үшін де қуанамын. Барлық шәкірттерімді өзім терең дайындап жібергенмін. Астанамен Алматыдағы мүйізі қарағайдай университет оқытушылары менің шәкірттеріме: «Көркемсурет колледжін бітіріп келіп тұрсың ба?», – деп сұрапты. «Жоқ, ауылдағы көркемсурет үйірмесіне қатысқанмын», депті шәкірттерім. Сонда үлкен қаладағы оқытушылар: «Ауылда осындай деңгейде үйрететін маман бар ма?», деп таңданған екен. Ауылды төмендетіп сөйлеу әлі де бар. Ол дұрыс емес. Бірақ, алыста жүрген менің еңбегім бағаланып жатқанына қуанамын.
Мемлекет басшысы еңбек адамдарын құрметтеуге ерекше назар аударып отыр. Әкем Ерғазы – тракторшы болса, анам Зәмзә – қызылшашы болған кісілер еді. Төле би ауылында әкемнен қалған қарашаңырақ бар. Сол ауладан заманауи жақсы үй тұрғызып, сол үйге көшіп барсам деген ойым бар.
Суретшілер де – еңбек адамы. Танымал суретшілерден Аманат Назарқұл, Болат Құсайынов, Қазым Аманқосовпен араласып тұрамын.
Жан-жарым Зәуре де – суретші. Екеуміз училищені бірге бітіргенбіз. Қыздарым Арайлым мен Ұлжан – суретші маман, ұлымыз Жанәділ жолымызды қуып сурет өнерін таңдап отыр.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Сұрапыл соғыста сынға түскен жамбылдық дәрігер
- 21 қаңтар, 2025
Ер жақсылығын ел ұмытпайдды
- 20 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді