«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян»

«Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян»
Ашық дереккөз
Елінің егемендік бақытын жырға қосып, өмірін өлеңімен өрнектеген ақын Шырын Мамасерікова биыл 80 жасқа толды. Ақын ананың мерейтойына арналған шығармашылық кеші облыстық арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты әдеби сазды кешпен басталды. Бұл кеште ақынның «Елге деген махаббат» туындысының аудио үнтаспасымен қатар нүктелі – бедерлі Брайль қарпіндегі тұсаукесер рәсімі өтті.

«Ақынға 100 сұрақ» форматымен өткен әдеби кеш рухани құндылықтар тамырын жас жеткіншек санасына жеткізуді, ұлтымыздың руханият дарабоздарының төл туындыларын насихаттауды, олардың ішкі кемел ойларын бүгінгі заманмен байланыстыра ұқтыруды мақсат етті. «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың балалық шағын сахналық қойылыммен бейнелеген арнайы каітапхананың инклюзия және театр жобасы аясында «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары ақынның өлеңдерін де жатқа мәнерлеп оқып, поэзиялық композиция ұсынды.

Бұл кеште ақын Шырын Мамасерікованың бүгінге дейінгі өмірінен көңілге түйген ойларын ортаға салып, шығармаларына арқау болған сәттерді еске түсіретіндей сауалдар қойылды. Кешке қатысушылар арасында ең мазмұнды сауал қойған адамға ақынның тарапынан сый жасалды.

Әдеби жиын барысында зиялы қауым, жергілікті қаламгерлер, әріптестері мен оқырмандар түрлі көкейкесті сауалдарын қою арқылы Шырын Мамасерікованы жан-жақты қырынан тануға мүмкіндік алды. Ұлттық ұстаным, өлең құдіреті жайлы айтылған рухани кездесу еркін форматта жалғасын тапты.

Ақынның кешіне келген шығармашылық байланыстағы Ербол Қамбатыров, Ғайни Әлімбекқызы және Эльмира Мырза-Ғали Шырын ақынның болмысын бейнелей жеткізіп, мерейтойына арналған лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар, осы кеште Шырын Мамасерікованың өлеңіне жазылған әнді облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің қызметкері Сәрсен Әбілқайыр орындады.

Кеш соңында ең ұтымды сұрақ қойған оқырмандар Шырын Мамасерікованың қолынан сый-сияпат алды. Әдеби сазды кешті облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева ақынға деген ақ тілеулі лебізімен қорытындылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар