«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жүрегімнен жауһар жыр боп төгілді, Туған елге деген ыстық махаббат»

«Жүрегімнен жауһар жыр боп төгілді, Туған елге деген ыстық махаббат»
Ашық дереккөз
Пернебай ДҮЙСЕНБИН, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Шырын – аяулы жан. Тағдырдың ешбір сынағына сынбады. Ардақты жар болды, бірақ жан жолдасынан ерте айырылды, ошағын сөндірмей, шаңырағын биік ұстады. Шырын – қасиетті ана, ұлымен мәңгілікке қоштастырған қасіретке дес бермей, төзді. Жан жарасын өлеңмен емдеді, сөйте жүріп, еліне тұщымды жыр берді. Қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Ол өте еңбекқор. Еңбек жолында аудандық музейде қызмет еткенінде кешегілерден қалған ізді танытатын жәдігерлерді жинақтап, асыл мұраларды сақтап, елдің назарына ұсынды. Еңбектенуден, ізденуден танбаған Шырынға сексен жасы жаңа қуаныштар сыйласын деп тілеймін».

ЕЛГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ

Шашымнан да кемшілігім көп тегі,

Шуақ шашқан Ай, Күн куә көктегі.

«Шүкір!» деймін әрқашан да Тәңірге,

«Шалағай!» деп себебі ешкім сөкпеді.

 

Еркелетті қайта «ақын қызым» деп,

Құшағында өстім өрік, жүзім жеп.

Әлі күнге әлпештеумен келеді,

Жапырағымды сарғайтса да күзім кеп.

 

Сендегі ұлы мейірім мен шапағат,

Ұйықтап жатқан ойды оятты ғаламат.

Жүрегімнен жауһар жыр боп төгілді,

Туған елге деген ыстық махаббат.

 

Күй ұқтырып домбыраның сазынан,

Сыр ұқтырып кәусар өлең назынан.

Атажұрттың асқақтатып айбынын,

Ақтарылсын іштегі асыл қазынам.

 

Арман қуып жұрт үмітін ақтасын,

Ана тіл мен дін, дәстүрді сақтасын.

Ұлтымыздың ақ бесігі – Ауылдың,

Ұлағатты ұл мен қызын мақтасын!

ҚАЗАҚТАР

Бабаларын әулие, пір тұтатын,

Балалар деп түсінетін құт атын.

Туған жерін, тілін, дінін әспеттеп,

Өз отауын Отаным деп ұғатын.

 

«Ұят күшті өлімнен» деп санайтын,

Ұлын-нарға, қызын-арға балайтын.

Перзенті едім жаны жомарт халықтың,

Келімсектің кем-кетігін жамайтын.

 

Армандарын шырақ етіп жағатын,

Аталарым төрт түлік мал бағатын.

Жайшылықта қойдай жуас болса да,

Соғысқанда аш қасқырдай шабатын.

 

Тегі таза қанша өсекке бөксе де,

Теріс айтпас қабырғасын сөксе де.

Түсер отқа шындық үшін шырылдап,

Тажал келіп улы зәрін төксе де.

 

Ана сүтін абыроймен ақтаған,

Алапатта кісілігін сақтаған.

Ат жалында, нар қомында күн кешіп,

   Кұлындарын тұлпар етіп баптаған.

 

Тау қопарар жастары бар қайратты,

Құла дүзге қала орнатып жайнатты.

Бау-бақшаға айналдырды мәуелі,

Жұмақ етіп сусыз шөлейт аймақты.

 

Жұлдыздармен ғарышқа ұшып сырласқан,

Жайса құшақ ұлдарына нұрлы аспан.

Жатуды аңсап табанында төселіп,

Жауқазындар жазғытұрым гүл шашқан.

 

Ал қыздары қарақат көз, ақ маңдай,

Алаулатып махаббат от жаққандай.

Күлімдесе бүкіл әлем құлпырып,

Қос бұрымы қос өзен боп аққандай.

 

Ақ кимешек, ақ күндігі басында,

Немересі томпаңдаған қасында.

Әжелердің екі етпейтін әмірін,

Әп-әдемі дәстүрі бар расында.

 

Қабақ шытпай шаттығының азына,

Құлақ түрген тіршіліктің сазына.

Қызығамын рухы биік қарттарға,

Көкірегі толған алтын қазына.

 

Алланы бір, пайғамбарды хақ дейтін,

Адал ниет, аққа Тәңір жақ дейтін.

Қиналамын жеткізе алмай жырыммен,

Қазақтардың қарапайым пәк кейпін.

 

Азаттықтың арайынан бақ құшқан,

Шапағымен салды сұлу нақыш таң.

Тыңда, дүние! Елім менің ертең-ақ,

Таразысы асып түсер АҚШ-тан!

ДАЛА ДАНЫШПАНЫ

Хиқаяттан ғажап дерек табасың,

Афиналық Солон берген бағасын.

Жырға қостым жеті ойшылдың біреуі.

Анахарсис – көсем сөздің атасын.

 

Скиф елі патшасының ұлы еді,

Білім іздеп шет жерде өмір сүреді.

Геродоттың «Тарихында» жазылған,

Бабамызды бүкіл әлем біледі.

 

Уақыт – қазы, ақ-қараны шешеді,

Шежіреден шындық желі еседі.

Диоген, Плутарх, Платон, Эзоп сияқты,

Көне дәуір данышпаны деседі.

 

Парасаттың жайқалғандай көгалы,

Ханзада еді ой-өрісі жоғары.

Крез патша, Цицерондар бас иіп,

Құрмет тұтқан Элладаның қоғамы.

 

Арқа сүйіп атажұрттың салтына,

Адал перзент үлес қосқан даңқына.

«Тіл, нәпсіңе, құлқыныңа ие бол!» –

Деп өсиет қалдырыпты халқына.

 

– «Жақсы нәрсе не?» – деп одан сұраса ел,

Анахарсис: «Тіл», – деп жауап қатыпты.

– «Жаман нәрсе не?» – деп тағы сұраса ел,

Анахарсис: «Тіл», – деп ойға батыпты.

 

Қызыл тілің бақ боп баста тұра ма,

Әлде сор боп көк желкеңнен ұра ма.

Даңққа оранып Отанына келгенде,

Күншілдерден мерт болыпты ғұлама.

 

Содан бері сырғып сансыз жыл өтті,

Сайын дала сан мың қыран түлетті.

Шешендіктің түп атасы, тұмасы,

Бәрінің де тамырына гүл екті!..

ЕРТІС БОЙЫНДА ТУҒАН ӨЛЕҢ

Ақжал толқындары сан өркештенген жоталы,

Армысын, Ертіс!

Аруана ойдың Отаны.

Алдына келіп ақ бұлақтар болып құйылды,

Армандастарымның от әні.

Сал домбыраның тыңдашы сазды шертісін!

Бағаңды берші, Батаңды берші, Ертісім.

Қараспан таудан қарлығашқа ұқсап жеттім мен,

Өлеңнің билеп еркі шын.

Ақша бұлттарға оранып ұшып едім,

Әруақты жерге басымды исем деп едім.

Алдыңда тұрып тіземді бүгіп тілеймін,

Абайдың елі, Ақ ниеттерімді жебегің!

Ат жалын ұстар азаматтар аман болса екен,

Бақтары жанып, баянды бақыт қонса екен.

Ертістей аққан асығыс, қызық тіршілік,

Қуаныштарға ғана толса екен.

Тәуекел жасап қанат қағуға жараған,

Талпынған үміт тауына шықсын қалаған.

Жас шыбықтарға тілеймін қамқор алақан,

Жәрдем бер соған, Ұлы Отан!

КӨНЕ ТАРАЗ

Тағдырға қарсы келіп кім тұра алар,

Таразда ашылмаған мың мұра бар.

Сатылған көне шаһар базарында,

Алтынмен апталған жез құмыралар.

 

Дүр сырға, гауһар жүзік, сән білезік,

Аңыздай Жібек Жолмен дала кезіп.

Ғасырлар қойнауынан бізге жетті,

Аққудың қанатындай әнге ілесіп.

 

Мешіті, төрт жағында төрт қақпасы,

Моншасы, су құбыры, түркі ақшасы.

Ежелден мәдениет мерейі артық,

Қала екен мәуе тұнған бау-бақшасы.

 

Аспалы қола шырағдан, қыш ыдыстар,

Құпия сыр шертеді ұғыңыздар.

Түргеш пен Қараханид, Қарлұқ елі,

Астана еткен деуге құқымыз бар.

 

Қызғыштай қорғап жаудан төңірегін,

Халқы үшін оққа тосқан көкірегін.

Қаһарман батырлары қол бастаған,

Құрметтеп, қошеметтеп отыр елім.

 

Әлемге аты мәшһүр өлкем едің,

Әлмисақтан әдемі, көркем едің.

Тілеймін құлынымның қос шыбығы,

Төсіңде тамыр жайып өркендеуін!

 

Таңбалы мөр қалдырып тау басына,

Жұмбақ сырын ашпаған сан ғасырға.

Көне шаһар – қарт Тараз, жатырмысың

Құпияңды жасырып жамбасыңа.

 

Асқақтатқан қазақтың ар-намысын,

Бабалардың естіртші жан дауысын.

Өр рухынан ұрпақтар өнеге алсын,

Тасқа соғып маңдайын қалмауы үшін.

 

Жер-жаһанға атағы таралғандай,

Жігіттері ержүрек Қарахандай.

Ал қыздарын сұлулық падишасы –

Айша бибі аруға балағандай.

 

Баяғыдан көтеріп тағдыр жүгін,

Қарсы алушы ең үмітпен таңның нұрын.

«Тараз – алтын қазығы тарихымның!»

Деген мақтау халықтан алдың бүгін.

 

Кеудесінде күй шерткен бозбала күн,

Көне Тараз – жүрегі боз даланың.

Төрт бұрышы әлемнің түгел білді,

Тұлпарлардың тұяғы тозбағанын...

Ұқсас жаңалықтар