
– Осыдан 31 жыл бұрын немере ағам екеуміз отбасымызбен Жуалы ауданына қоныс аудардық. Бұл – 1994 жылдың қоңыр күзі еді. Асылында, біздің ата қонысымыз – Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты соғыс ардагері Үрмаш Түктібаевтың есімін иеленген аядай ғана ауыл. Әлі күнге дейін ағайын-туыс, дос-жарандарымыздың көпшілігі сол елді мекенде тұрады. Біз де туған жерге той-томалақ, өлім-жітім кезінде барамыз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар», – деп бекер айтпаған. Тоқсаныншы жылдары ауыл-ауылдағы совхоз-колхоз тарап, жұрттың бәрі бір-ақ күнде жұмыссыз қалды. Кеңес одағы секілді алып империяның уығы шайқалған тұста дүниенің астан-кестеңі шықты. Ел-жұрттың көпшілігі жұмыс іздеп, шарқ ұрды. Ауылда жұмыссыздар көбейіп, талай отбасының шаңырағы шайқалды. Ол тұста үш баланың әкесімін. Оларды асырап, керек-жарақпен қамтамасыз етуіміз қажет. Жұмыссыз жатуға тағы болмайды. Сөйтіп, ел-жұрттың айтуымен, үлкендердің ақылымен Жуалы жеріне көшіп келдік. Шын мәнінде, ер Баукеңнің кіндік қаны тамған бұл өлкенің табиғаты тамаша. Биік-биік таулары сонадайдан көзге түседі. Саф ауасы, самал желі қандай десеңізші, шіркін?! Біз келген бетте-ақ тылсым табиғаты баурап алып, ауыл адамдары жылы қарсы алды. Бақытымызға орай, көршілеріміз де жақсы адамдар болып шықты. Екі қызымыз осында дүниеге келді. Бала- шағамыз мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басты. Шүкір, бұл күнде біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Жуалы маған сонысымен де ыстық. Алайда, «әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Сол себепті, туған жерімді сағынып, жиі-жиі аңсарым ауып тұратыны өтірік емес, – дейді Сағынай Өтеуліұлы.
Сыр елінің тумасы ата-анасының тәлім-тәрбиесі мен ұстаздарының ақыл- кеңесі өмірлік азық болғанын жеткізді. 1980 жылы туған жеріндегі №88 орта мектепті тәмамдаған соң, әкесінің жөн сілтеуімен «Октябрь» кеңшарына жұмысқа орналасады. Айта кетейік, ол тұста ұл балаларға мектеп жасында- ақ техниканың тілін үйретіп, трактор жүргізушісі деген куәлік табыстайтын болған. «Комсомол жастар ұйымының» құрамында жүрген Сағынай да бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Ұстазы Серікбайдың көмегімен трактор жүргізу курсын сәтті тәмамдайды. Осылайша, небәрі 17 жастағы бозбала тракторшы атанады. Ал, кейін әскерге алынып, Чита қаласында азаматтық борышын өтейді. Бұл – бүгінгі Ресей елінің құрамына кіретін Байкал маңы өлкесі. Әскер қатарында теміржол бөлімінде қызмет еткен ол мұнда да техникадан алыстай қоймайды.
– Әскерден келген бетте ауылдағы совхозға механизатор болып орналастым. Сол күннен бастап МТЗ-50 тракторын тізгіндедім. Ол шақта кеңшардың жұмысы күні-түні қызып жанатын. Тракторды жүргізуде шеберлік пен сабырлық керек. Рас, тракторды жүргізудің аса қиындығы жоқ. Тіпті, оп-оңай. Десе де, бұзылған техниканы жөндеу оңай шаруа емес. Міне, біздің жас кезімізде үлкендер жағы ең әуелі тракторды жөндеуге дағдыландырып, әрбір бөлшегінің мән-маңызын байыппен түсіндіретін. Содан болар, біздің буынның біразы тракторды өзі жүргізіп, өзі жөндеуші еді. Ол тұста совхозда мал шаруашылығымен қатар күріш егу ісі қарқынды дамыды. Замандастарыммен бірге тракторға тұқым сепкіш жегіп алып, күріш те ектік. Ал, күріш піскенде тіркеме тележка арқылы егіс даласынан орталық қырманға дән тасыдық. Бұдан бөлек, мал қыстауларына қыстық шөп тасу – механизаторлардың міндеті. Күннің суығы мен шілденің аптап ыстығында да жұмыс тоқтамайтын. Осы жұмыстардың бәрін біз абыроймен атқара білдік. Кейіннен Жуалыға қоныс аударған сәтте бірден осындағы «Большевик» ұжымшарына жұмысқа орналастым. Ол кездегі басшымыздың есімі – Баймахан. Мұнда алғашында МТЗ-50, кейіннен МТЗ-80 тракторын тізгіндедім. Талай рет тракторға соқа жалғап, жер жырттық. Сол заманда агрономдар білікті болатын. Арық қалмауын, соқа жерді біркелкі жыртқанын қатаң тексеретін. Сондықтан, трактордың алды-артына кезек-кезек көз тастап, жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қарайтын едік. Басшылықтың осындай қатал талабымен жұмыс істедік, Уақыт өте комбайнның да руліне отырдым. 2000 жылдардың басында колхоз екіге бөлініп, Теріс және Қосбөлтек ауылы өз еншілерін алды. Осылайша, 2019 жылы орталық тарағанға дейін осында трактор айдадым, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда Сағынай Өтеуліұлы Көктөбе ауылындағы №30 орта мектепте сантехник болып қызмет атқарады. Осылайша, өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына хал-қадірінше үлесін қосып жүр. Ал, өмірлік жары Сая Сейтенқызының негізгі мамандығы – кітапханашы. Сондай-ақ, ол анасы Әсиядан тігін өнерінің қыр-сырын меңгерген. Еңбегімен елге сіңген кейіпкеріміздің ендігі тілегі – ұл-қызының амандығы мен елдің тыныштығы.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді