«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Музадан мәңгілікке дейін

Музадан мәңгілікке дейін
Ашық дереккөз
Әлемдік классикаға айналған шедеврларды оқып отырып жан дүниемізді дүр сілкіндірген махаббат хикаяларына талай мәрте таңдай қақтық. Алайда, ұлы шығармаларды жазған авторлардың жеке өмірлеріндегі шым-шытырық өз туындыларынан кем емес. Көп жағдайда оқырмандар жазушылардың жұмбақ тағдырынан бейхабар болып жататыны жасырын емес.

ФРЭНСИС СКОТТ ФИЦДЖЕРАЛЬД

«Ұлы Гэтсби» шығармасының бас кейіпкерлері Джэй Гэтсби мен Дейзи Бьюкененнің тағдыры Фицджеральдтың өз өміріндегі оқиғалармен астасып жатқандай. Жас күнінде Фрэнсис бақуатты, ақсүйек отбасынан шыққан Зельда есімді бойжеткенге ғашық болады. Жас жазушының ол кездегі тұрмыстық жағдайы көңіл көншітпейтін. Бойжеткеннің ата-анасы қалтасы қураған кедей жігітке қыздарын беруден үзілді-кесілді бас тартады. Алайда, ата- анасының қарсылығына қарамастан Зельда жазушымен қарым-қатынасын тоқтатпайды. Фицджеральдтың өзі де ешбір дауылға қарамастан қыздың жүрегін жаулап, ата-анасының батасын алу үшін бар күшін салады. Ол үшін қаламгерлік мансабын қолға алады. Алғашқы дебюттік романы жарық көрген соң жазушының қалтасы қалыңдап, елдің назарына іліге бастайды. Зельда екеуі дегеніне жетіп, отбасын құрып Манхэттеннен зәулім үй сатып алады. Осы үйде «Ұлы Гэтсбидегі» кейіпкерлері сынды түрлі мерекелік кештер ұйымдастырып, жиі-жиі жергілікті жұлдыздар мен бай-манаптардың басын қосуды әдетке айналдырады. Кейін бұл «ертегі» аяқталады. Жылтыраған қамсыз өмірге жас жұбайлардың жиған-тергені аздық ете бастайды. Түрлі күйзелісті өткерген қаламгер жазу машинкасына оралып шығармашылығына кіріседі. Кейінірек жұбайлардың қарым-қатынасына сызат түседі. Зельдаға сауық- сайран өмірімен қоштасу қиынға соғады. Сөйте тұра қаламгер күйеуін екінің бірінен қызғануды әдетке айналдырады. Фрэнсистің жүйкесін жұқартып, соңында өзі психиатриялық ауруханаға түседі. Тақырға отырған Фицджеральдқа бұл жығылған үстіне жұдырық болып, енді әйелінің еміне шығындалады. Мұндай күрделі әрі ауыр өмір салтынан шаршаған қаламгер Зельданы ұмытып, өмірді жаңа парақтан бастауға ниеттенеді. Нәтижесінде Голливуд кинокомпаниясына жұмысқа тұрып, сценарист болып қызмет етеді. Алайда, жазушы үшін бұл өмірдің де қызығы заяды. Өмірінің соңына қарай Фрэнсис бәрінен баз кешіп, жас күні мен бойындағы бар қуатын махаббат пен ақшаның соңында сандалуға жұмсағанына өкінеді. Өз жазбаларында ол: «Мен қолымда бардың жай ғана қарауылына айналдым. Ең жаманы талантымның да күзетшісі болып қалдым» деп жазады.

МАРГАРЕТ МИТЧЕЛЛ

«Желмен ғайып болғандар»-дың авторы Маргарет Митчелдің өміріндегі драма өз кейіпкері Скарлетт О`Хараның тағдырынан асып кетпесе кем түспейді. Болашақ жазушы қыздың жүрегін бірден Рэд Апшоу және Джон Марш атты екі жігіт жаулап алуға тырысады. Маргареттің таңдауы Рэдке түседі. Ата- анасы қарсы болғанына қарамастан Маргарет өз таңдауынан бас тартпай Рэдке тұрмысқа шығады. Бір қызығы екеуінің тойында жігіт жолдас бәсекеде жеңіліс тапқан Джон болады. Кейін Маргарет қателескенін түсінеді. Рэд өте ашушаң, қызуқанды жігіт болып шығады. Мұнымен қоймай жап-жас жұбайын жалғыз қалдырып кетуді әдетке айналдырады. Арада бірнеше ай өткен соң жұбайлар ажырасып тынады. Маргарет күйзеліске ұшырайды. Оңтайлы сәтті дұрыс пайдаланған Джон Марш ескі ғашығына сәтсіз некеден кейін айығуға көмектесіп, соңында екеуі бас құрайды. Джонның табандылығының арқасында Маргарет танымал романын жазуға кіріседі. Репортер болып жұмыс істеп жүрген Маргарет бір күні ауыр жарақат алып төсек тартып қалады. Жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Джон болса әйеліне жазу машинкасын сыйлайды. Күйеуінің сыйлығынан шабыттанған Маргарет әйгілі «Желмен ғайып болғандар» романын жазып шығады. Қаламгердің күйеуі өз сүйіктісін тоқтаусыз ұдайы қолдауды жалғастыра береді. Еңбектерін таратумен айналысып, үнемі шабыттандырып, түрлі сыйлықтар тарту етіп, көңіл-күйін көтеріп отыруды ұмыт қалдырмайды. Осылайша Маргарет мәңгілік махаббатын тауып қана қоймай, өзін әлемге әйгілі қаламгер еткен кітабын жарыққа шығарып, Пулитцер сыйлығының иегері атанады. Ал, «Желмен ғайып болғандар» романы әлемдік классика тізімінен ойып тұрып орын алады.

РЭЙ БРЭДБЕРИ

1946 жылы Брэдбери есімі елеусіз қаламгер болатын. Бір күні қарапайым киінген ол Лос-Анджелестегі кітап дүкендерінің біріне бас сұғады. Осы жерде өзінің болашақ жары Маргарет Маклюрмен жүздеседі. Жас қыз кітап дүкенінде шарасыздықтан жұмыс істеп жүргенін айтады. Брэдбери болса өзіне керек кітабын таба алмаған сыңай танытып көңілі ауған қыздан көмек сұрайды. Қаламгердің «менің мынадай кітабымды білесің бе?» деген сұрағына қыз бұл шығарма туралы естімегенін мойындап, шынайы жауап береді. Рэй бұған ренжіместен сатушы қызды бірден кофеге шақырады. Қаламгер дүкеннен шығып кеткеннен кейін Маклюр есімі елеусіз жазушының шығармасын оқуға кіріседі. Оқып, әбден таңқалып, тамсанады. Алғашқы кездесуде екеуі ұзақ әңгімелесіп, екеуінің ортақ қызығушылығы көп екеніне көз жеткізеді. Ең басты ортақ нәрсе — екеуі де кітапқұмар еді. Осы кездесуден кейін Рэй мен Маргареттің жұбы жазылмайды. Екеуінің әң гімелері жарасып, бірге уақыт өткізеді. Бір күні Брэдбери Маклюрсіз өмір сүре алмайтынын түсініп, үйленуге ұсыныс жасайды. Жазушы сүйіктісіне нағыз қаламгерлер секілді ұсыныс білдіреді. Маргареттен нағыз фантаст ретінде: «Менімен Марс пен айға ұшуға және осы сапарда соңына дейін бірге болуға дайынсың ба?» деп сұрайды. Маргарет келісім беріп, екеуі отау құрады. Алғашында екеуінің тұрмысы соншалықты мәз емес еді. Кейіннен Брэдбери «Марсиандық хроника» романын жарыққа шығарғанда екеуінің тасы өрге домалай бастайды. Ерлі- зайыптылар Маклюр дүниеден озғанға дейін қол ұстасып 57 жыл бірге өмір сүреді. Осы жылдар бойы Рэй Маргаретті өзінің қорғаушы періштесі, музасы санаған. Өзіне алғашқы атақ пен зор жетістік алып келген романды жазушы әйеліне арнаған. «Маргаретсіз ешқандай шығармамды соңына жеткізіп жаза алмас едім» дейді жазушы.

ФЕДОР ДОСТОЕВСКИЙ

Достоевский жеке өмірде жолы болмаған жазушы. Жазушы ретінде атағы жер жарып тұрғанына қарамастан әйелдер оған мүлде назар аудармаған. 1864 жылы бірінші әйелі көз жұмады. Екінші рет біреумен бас құрау туралы ойлаудың өзі мұң. Себебі қаламгер қарызға әбден батқан. Мәселені реттеу үшін Достоевский ва-банкқа барады. Жергілікті баспаға 26 күнде роман жазып беруге уәде береді. Баспа мен жазушы екеуара келісімге қол қояды. Мүмкін емес болып көрінгенмен жазушы шарасыздықтан осы амалды іске асыруға бел буады. Тезірек мақсатына жету үшін дауыстап айтатын әңгімені қағазға түсіретін пысық әрі елгезек станографист жалдауды ұйғарады. Осылайша ол болашақ жары, өзінен жиырма жас кіші Анна Снитикамен жолығады. Бойжеткен стенография курсындағы үздіктердің бірі болатын. Мұнымен қоса жазушының шығармашылығына тәнті оқырмандардың қатарынан еді. Достоевский бойжеткенді осылайша жұмысқа алады. Кейінірек Анна жазушыны тағдыршешті кездесуге дейін ұнатқанын мойындайды. Екеуі романды діттеген уақытқа дейін аяқтау үшін күн, түн демей еңбектенеді. Күн өткен сайын екеуі бір-бірін жақынырақ тани бастайды. Бойжеткен жазушының өз жұмысына деген махаббатына, өз-өзін аямай еңбектенетін жанкештілігіне тәнті болады. Ал, Достоевскийді Аннаның романды дер кезінде аяқтау үшін бар күшін салған жігері мен қайраткерлігі қайран қалдырады. 26 күн көзді ашып жұмғанша өтіп кетеді. Федор мен Анна «Ойыншы» романын дер кезінде аяқтайды. Соңғы межеге жеткенде Федор әрі қарай Аннасыз өмір сүру мәнсіз екенін түсінеді. Алайда, өзінен жиырма бес жас кіші қызға көңіл білдірудің жолын таппай біраз бәйек болады. Достоевский айлаға салып: «Жас сұлуға ғашық болған шал туралы шығарма жазсам деп жүрмін. Сен сұлудың орнында болсаң шалға не деп жауап берер едің?» деп сұрайды. Анна еш ойланбастан: «Мәңгі сүюге дайынмын» дейді. Осылайша екеуі бас құрап, тойларын өткізеді. Жазушы екеуі 14 жыл бірге болады. Федор өмірінің соңғы сағаттары соққан сәтке дейін Аннаға риясыз ғашық, шынайы риза болып өтеді. Себебі, Анна жазушының әр шығармасының сәтті жазылуына атсалысып, бар көңілін арнайды. Аннаның арқасында Федор барлық берешегінен құтылып, уайымсыз өмір сүреді. Демі үзілер шағында Федор Аннаның қолын қысып ұстап тұрып: «Есіңде сақта Анна, мен сені шексіз сүйдім және сені ешқашан алдаған жоқпын, алдауды тіпті ойлаған емеспін» деген екен.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар