Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өскен. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін еліміздің еңбек нарығында 2 миллионға жуық маман қажеттігі туындайды. Ал, олардың тең жартысы, яғни бір миллионы кәсіптік техникалық білімі бар қарапайым жұмысшылар. Оның ішінде ең қажет мамандықтар тізімін дәнекерлеуші, сантехник, құбыр жүргізуші, электромеханик, шахтер, фермерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері бастап тұр. Ал, бүгінде облыста 42 кәсіптік-техникалық колледжде 28 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде биыл автоэлектрик, автомеханик, краншы, дәнекерлеуші мамандықтарына қызық қандар қатары көп. Солардың бірі – Жамбыл жоғары политехникалық колледжі автоэлектрик мамандығының бірінші курс студенті Жанғали Өтепберген.
– Бүгінде әлемде әрбір үшінші адам автокөлік тізгіндейді. Дегенмен, оның бәрі де темір тұлпарының қыр-сырын жетік меңгере бермейді. Жүргізушілер көп жағдайда осындай мәселеге тап болғандықтан, сатуға дейін тәуекел етіп жатады. Міне, осы ретте автоэлектриктердің қажеттілігі анық байқалады. Жалпы, бұл мамандыққа қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Отбасымда әкем мен ағам техникаға құмар болғандықтан, өзім де техниканы ерте тізгіндеп үйреніп, электр желілерін, көлік шамын ауыстыруды меңгердім. Кейіннен ұстаздарымнан елімізде техникалық мамандықтарға қолдау артып келе жатқаны жайлы естіп-біліп, мүмкіндікті текке жібермеуге бел будым. Қазірдің өзінде салада мықты маман болып қалыптасу үшін үнемі ізденушілік пен табандылық қажеттігін сезінуге болады. Өйткені, электроника саласына жыл сайын жаңалықтар мен инновациялар еніп отырады, – дейді ол.
Өткен жыл мемлекетіміз үшін сын-қатерге толы болғаны жасырын емес. Әсіресе, еліміздің бірқатар аймағында орын алған су тасқыны жұртты әбігерге салды. Бұл су саласын реформалау қажеттігін көрсетіп бергені анық. Осыған байланысты елімізде алғаш су саласына мамандандырылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Тараз қаласында ашылған бұл оқу ордасында бүгінде білім беру бағыттары бойынша 1 курсқа 636 талапкер қабылданған болса, оның ішінде су саласы бойынша 129 талапкердің барлығы мемлекеттік грант иегері атанған. Ал, жалпы шаруашылық есеппен, яғни, колледжден кейінгі және екінші жоғары білім алушылармен қоса есептегенде 189 талапкер оқуға түскен. Оқу ордасында олар «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» бағдарламалары бойынша білім алуда. Ұлттық университет ректоры, ғалым- гидролог Кәмшат Түсіпованың айтуынша, табиғи апатқа дейін су саласына қызығушылар қатары аз болған.
– Бүгінде еліміздің су саласында 10 мыңнан астам маман қызмет етеді. Бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарының басында 38 мыңды құраған. Бұдан бөлек, салада басқарушылық мамандық иелері жоқтың қасы екендігін мойындауымыз керек. Керісінше, су саласында колледж тәмамдаған мамандардың үлесі көп. Жалпы, елімізде қуаңшылық пен су тасқынынан кейін сала мамандарының тапшылығы қатты байқалды. Табиғи апатқа дейін аталған салаға қызығушылық танытушылар қатары тым аз еді. Тіпті, өңірлерден маман қажеттілігі жөнінде мәлімет сұратқан кезде бір ғана қызметкер керектігін көрсеткен облыстар да болған, – дейді Кәмшат Маратқызы.
Өңірдің химия саласының флагманы екендігін ескерсек, бұл бағытқа да маман сұранысы жоғары болатындығы түсінікті. Сондықтан, өткен жылы облыс орталығында ресейлік Д.Менделеев университетінің филиалы ашылған болатын. Ал, орта білім бағытында облыстағы жеті колледж химия өнеркәсібінің 9 түрлі мамандықтарын оқытады. Қазіргі таңда колледждердегі 30 мың студенттің 1500-і химия саласы бойынша мамандық меңгеруде. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, химия саласы мамандықтарының 2024 жылғы түлектерінің 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.
Жалпы, биылғы оқу жылында өңірде 70 кәсіптік-техникалық мамандыққа 7486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік гранттар саны 1136-ға артқан. Оның ішінде 455 студент «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге «Қазфосфат», «Еврохим», «Имсталькон», «Жамбыл-Гипс», «Шафран», «Тараз-Энерджи», «Палацио» сияқты кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес қабылданып, бүгінгі таңда 109 жұмыс берушімен колледж арасында келісімшарт жасалған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект жаңа мүмкіндікке жол ашады
- 21 қаңтар, 2025
«Сәнді» әдеттің салауатты өмір салтына зардабы мол
- 21 қаңтар, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді