«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек есейтеді, елеулі етеді

Еңбек есейтеді, елеулі етеді
Ашық дереккөз
Жастайынан еңбекке араласып, бүгінде кәсіптік білім ала жүріп, жұмыс істеп жүрген жастың бірі – Нұрлан Қаржаубай. Ол Тараздағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен «Мұнай мен газды сақтау мен тасымалдау» мамандығын алып шыққан. Қазір білімін Қазақ ұлттық университетінің Тараз қаласындағы Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтында жалғастырып жүр. Жоғары кәсіби білім ала жүріп, «Амангелді» газ өңдеу зауытында жұмыс істейді.

Нұрлан 14-15 жасынан бастап нағашы атасының қасында жүріп, ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласқан.

– Мен 14 жасқа келгенімде нағашы атамның ауылына көшіп келдік. Атам тау бөктеріндегі егістікке барарда, күзде шөп шабуға, оны үйге тасып, қора үстіндегі шөп жинағышқа орналастыруға мені көмекші ретінде қасына ертіп алатын. Өзім де жұмысқа жарап қалған кезім еді. Кейін үнемі нағашы атамның қасында жүріп, кішігірім құрылыс жұмыстарын да үйреніп алдым. Атам үнемі «Еңбек адамды ерте есейтеді, ессіз әрекеттерден аулақ етеді. Әрі наныңды адалынан жейсің. Ішкен асы адал адам азбайды да, ауырмайды. Балам, осыны есте сақта. Білгенімді үйретемін, меңгеріп ал, кейін өзіңнің өміріңе қажет болады», дейтін. Расында да еңбекқорлықтың нәтижесінде мектептен 9-сыныпты аяқтаған жылы тест тапсырып, Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Мұнай мен газды сақтаумен тасымалдау » мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Сабағымды жақсы оқып, оқу- өндірістік тәжірибеден өтуге Жамбыл ауданының Аса ауылындағы «Амангелді» газ өңдеу зауытына бардық. Колледжден теория жүзінде оқығандарымызды зауыттағы жетекшілеріміз іс жүзінде көрсетіп, үйретті. Жұмыс барысында мамандығыма деген қызығушылығымды байқаған болар, зауыт қызметкерлері маған сол жерден жұмыс ұсынды. Әрине, қуана келістім. Ол кезде қарапайым ғана қатардағы жұмысшы едім. Кейін колледжді аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне өз мамандығым бойынша оқуға түстім. Қазір мұнда Қазақ ұлттық университетінің Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты құрылып, біздің факультетіміз соның құрамына біріктірілді. Осында үшінші курста оқып жүрмін. Колледжден алған білімімді жоғары оқу орнында жалғастырып, әрі жұмыста тәжірибе түрінде машықтанғандықтан болар, еңбегімді бағалаған зауыт басшылығы қызметімді мұнай және мұнай өнімдерін төгуші операторлығына ауыстырды. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Қыстың аязды күндерінде де, жаздың апт абында да ауысым бойынша күндіз-түні зауытта жауапты жұмыстарды атқарамыз. Зауытта қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Өте мұқият болуды талап ететін мұндағы жұмыстың қыр-сырын меңгеруіме Бекен, Алтай есімді ағалардың маған үйреткендері көп болды. Сондай-ақ, басшылық құрамда болған Бақтияр, Арман ағалар да білмегенімді сұраған кезде түсіндіріп, үйреніп кеткенше қасымнан табылды. Ең алғаш оқу-өндірістік тәжірибеге келгенімде, о сы зауыттың мұнай базасында еңбек еттім. Сол жерде Ерлан және Абзал есімді ағайлар кәдімгі дәріс бергендей етіп, үйретіп, зауыттың үлкен бөлігіндегі жауапты жұмысқа әбден пісіріп, дайындады. Ал, қазір институтта бар білгенін үйретіп, сабақтан тыс уақытта да ақыл- кеңесін айтып, туғанымдай болып кеткен мұғалімім, институттың мұнай, газ және тау-кен ісі кафедрасының аға оқытушысы Даниял Исақовтың ұст аздық қолдауын көріп жүрмін. Өмірден өз орнымды тауып, қажетті мамандығымды меңгеріп, кәсіп үйренуіме жетекші болғандардың бәріне де алғыс айтамын, – дейді жұмысшы Нұрлан Ерболұлы.

Әрине, әрбір іс сол саланың білікті мамандарының жетекшілігімен жеміс беретіні сөзсіз. Жұмысқа жаңадан кірісе бастаған жас мамандарға аға буын қамқорлығын аямай, білгенімен бөліскені тек сол адамдар үшін ғана емес, елдің дамуына да серпін беретіні анық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар