Мәдениет гипотезасы туралы сөз еткенде әуелі Таяу Шығыс пен Қытай, протестандық Еуропа мен Африка мәдениеті сөз болатыны анық. Алайда, бүгінде ғалымдар мұның нақты мәдениетке қатыстығына шүбә келтіреді. Мәселен, алғашқы өркениеттің ошағы болған Африканың оңтүстік белдеуі, яғни, Сахарадан төменгі аймағы жер шарының ең кедей бөлігі саналады. Тарихи тұрғыдан алсақ, мұнда алғашқы өркениеттер тұсында Солтүстік Африкадағыдай дөңгелек арба мен алғашқы жазулар да қолданысқа ене алмады. Оңтүстіктегілер мұндай игілікпен XV ғасырдың өзінде таныс болғанымен, бұл тек XIX ғасырда отарлаушылардың келуімен жергілікті халықтың тұрмысында кәдеге жарады.
Африкалықтар неліктен бұл технологияларды қабылдай алмағанына көз жеткізу үшін Конго өзенінің сағасында орналасқан Конго корольдігінің тарихына назар аударайық. 1483 жылы аймаққа еуропалық теңізші Диогу Кан келісімен конголықтар португалдармен байланыс орната бастады. Бұл уақытта Конго корольдігі африкалық стандарттар бойынша орталықтандырылған билік жүйесінде өмір сүрді, ал оның астанасы Мбансанда 60 мың адам тұрды. Бұл сол кезеңдегі Лиссабон халқымен шамалас болса, Лондон тұрғындарынан көп болатын. Португалдардың ықпалы зор болғаны соншалық Конго королі Нзинга Нкуву котолицизмді қабылдап, Хуан I ретінде ел астанасының атауын Сан-Сальвадор деп ауыстырды. Осылайша португалдардың арқасында конголықтар соқа мен дөңгелекпен танысты. Бұл жергілікті тұрғындар үшін қолы жетпес технологиялар еді. Португалдар бұл құралдарды көптеп таратуға тырысып, 1491, 1512 жылдары елге арнайы ауылшаруашылық миссиясын да жіберді. Алайда, мұның бәрі де халықтың ықылассыздығынан нәтижесіз аяқталды.
Шындығында қарапайым халық жазу-сызуды үйреніп, егін салуға қарсы болмады да. Алайда, еңбек нарығын қалыптастырудан гөрі құл сатуды тиімді табыс көзі көрген король саясатының салқыны тұрғындарға тыныш қана тіршілік кешуге мүмкіндік бермеді. Осындай саяси қателіктер отаршылдық тұсында да, Африканың азаттыққа ұмтылу кезеңінде де жалғасын тапты.
Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ахуал да осыған ұқсас. Бүгінде әлем халқының тең жартысы Сирия мен Египеттегі кедейлік діни алауыздықтың салдарынан дегенге иланатыны жасырын емес. Мұны әлемдік саясаттың алпауыттары Ислам халифатының алтын ғасырында араб елдері гүлдену шегіне жеткенімен байланыстырғысы келеді. Алайда, діндес Осман империясының провинциясы болған кезеңде де Таяу Шығыс экономикасы аяққа тұрып кете алмады. Керісінше, бұл аймақтың даму динамикасына кері әсерін тигізді. Кейіннен Египетке Напалеонның келуі дағдарысты одан әрі тереңдетіп жіберді. Тек Напалеон әскері Египеттен шығарылған соң, Таяу Шығыстың османлылар мен еуропалықтардан уақытша болсын тәуелсіздік алуы аймақ экономикасының потенциалын таныта білді. Бұл әсіресе, 1805-1845 жылдары Мұхаммед Әлидің билік құрған жылдарында анық көрініс тапты. Француздар Египетті тастап шыққан соң Осман империясының орталық билігінің әлсіздігін пайдаланған бұрынғы паша Египетте өз билігін орнықтырады. Оның елдегі реформалары күштеп жүзеге асырылса да, әскер мен бюрократияны, салық жүйесін, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті жетілдірудің арқасында Египет экономикасы тұрақты дамыды. Алайда, бұл үдеріс Әли қайтыс болғаннан кейін тоқтап, Египет тағы да еуропалық ықпал орбитасына айналды.
Әлем экономикасында 38-параллель деген атаумен танымал қос Корея тағдыры да мәдениет пен география гипотезасымен жиі байланыстырылады. Әсіресе, бұл конфуцийлік құндылықтар экономика дамуына тиімсіз деп санаған көптеген сарапшылардың таңданысын тудырғаны сөзсіз. Бүгінде «мәдениет» ұғымы бөлінген елдерде әртүрлі болғанымен, корей халқын қалыптастырған шынайы мәдени құндылықтар мен тілдік, этностық біртектілік жоғары деңгейде болатын. Бұл тұтастық тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ пен КСРО-ның араласуымен қолдан бұзылып, нәтижесінде бір-біріне ұқсамайтын екі мемлекет қалыптасты. Оңтүстік Кореяның экономикалық саясаты мен ірі мемлекеттік институттарын Гарвард пен Пристонның түлегі, 1948 жылы президент болып сайланған Ли Сын Ман қалыптастырды. Елді АҚШ билігінің күшімен басқарған Ли Сын Ман да, оның ізбасары Пак Чон Хи да тарихта авторитар президенттер еді. Алайда, екеуі де жекеменшікке басымдық берген нарықтық экономиканы басқарды. 1961 жылдан кейін Пак экономикалық өсімді жеделдету үшін мемлекеттің бүкіл қуатын пайдалана алды – экономикалық институттар инвестиция мен сауданы ынталандырды, ең табысты фирмаларға берілген несиелер мен субсидиялар Оңтүстік Кореяны гүлденген мемлекеттер қатарына қосты. Ал, алғашында тәуелсіз билік құрғанымен мемлекеттік саясат пен экономикалық институттарды үйлестіре алмаған Солтүстік Корея мүлдем басқа тағдыр соқпағына түсіп, әлем елдеріне үлкен сабақ болып отыр. 90-жылдардың аяғында түбектің бөлінуіне жарты ғасыр толған уақытта Оңтүстік Кореядағы өсім солтүстік көршісінен 10 есеге асып түсті. Осылайша, 38-параллельдегі түбек тағдыры экономиканың дамуы географиялық немесе мәдени факторға емес, саяси институттарға тікелей тәуелді екенін көрсетті.
Дегенмен, аталған теориялар да экономикадағы көпті алаңдатқан түйткілді мәселелерді толыққанды тарқатып бере алмайтыны түсінікті. Өйткені, бүгінде Түркия мен Араб түбегі секілді географиялық артықшылықтардың арқасында дамып отырған елдер бар. Сонымен бірге талай жылдар бойы отаршылдар құрамында болған Латын Америкасындағы бірдей табиғи жағдайда өмір сүретін елдердің даму динамикасы да әртүрлі. Ал, мәдени аспектіде бүкіл әлем еуроцентристік көзқарасқа арқа сүйейді десек те, Жапония мен Қытай, Сингапур мен Гонконг экономикасының мысалы әлі күнге дейін сарапшыларды үнемі екіұдай пікірге қалдырып отырады...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Үш аптада жазылған классикалық роман
- 16 қаңтар, 2025
Бар ізгілік балалар әдебиетінен басталады
- 16 қаңтар, 2025
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді