«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құмар ойынға құрық салу қажет

Құмар ойынға құрық салу қажет
Ашық дереккөз
Бұл күндері адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалтасын қампайтқысы келетіндердің қатары көбейді. Бәс тігуден алдына жан салмайтын ондайлар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түсіп, тапқан-таянғанын желге ұшырып жатыр. Дәл осы мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударып, өзінің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойынға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

– Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылары үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент.

Бірнеше жыл бұрын Тараз қаласындағы «Фортуна», «Олимп» және «Зенит» секілді букмекерлік кеңселер жабылып тынды. Қазіргі таңда облыс орталығынан бірлі-жарым «LOTO club»-тарды кездестіресіз. Десе де, дәл осы ойынханаларда зіңгіттей жігіттер қаншама қаражатынан айырылып, талай отбасының талқаны шығуда. Ең сорақысы да осы. Сондай-ақ, бүгінде арамызда ұялы телефонның көмегімен логин арқылы құмар ойын ойнайтын жастардың бар екені жасырын емес. Оңай олжа іздегендер телефонға жіпсіз байланып, барынан айырылуда. Онлайн ойынның жетегінде жүргендерге қайтсек тосқауыл бола аламыз? Жалпы, өңірімізде заңсыз ойын бизнесімен күрес қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Қай аудандарда заңды белден басқандар көп?

Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Бұл дерекке қатысты еліміздің Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданған. «Соңғы бес жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтады. Нəтижесінде 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы көш басында. Облыс орталығында 18 дерек тіркелген. Сондай-ақ, Шу ауданында 10, Қордай ауданында 6 дерек анықталды», – дейді ол.

Шын мәнінде, құмар ойын ойнау – нашақорлық пен алкоголизмге тәуелді болудан да қауіпті. Бұл – мамандардың пікірі. Олардың айтуынша, құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті, есінен адасатындар да кездеседі екен. Психологтар құмар ойынқұмар адамды одан арашалап алу оңай емес екенін алға тартады. Оның үстіне, осы дерттен құлан таза айығу үшін қыруар қаражат керек. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны жыл санап артып барады. Мәселен, статистика бойынша жыл сайын Қазақстанда 5 мыңнан аса адам өз- өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар екен.

Дамыған елдерде құмар ойындарға деген құштарлықты психологиялық ауру ретінде қарастыруда. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақ- тау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсеткен. Ең сорақысы, ойынқұмар болуы 48 пайызға жеткен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады.

Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған Абай Құнанбаевтың терең мағыналы шығармаларының бүгінгі қазақ қоғамында құндылығы арта түспесе, еш кемімегені ақиқат. Хакімнің «Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге» деген өлең жолдарын бәріміз де білеміз. Алайда, барлығымыз бірдей оның байыбына бара бермейміз. Расында, ұлы Абай айтқан құмарлық сіз бен бізге айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Біріміздің баламыз, біріміздің туысымыз талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым секілді бес асыл іске ұмтылудың орнына бес дұшпанын «шебер» меңгеріп алды. Олар өсек пен өтірікті мейлінше айтып, мақтаншақтыққа бой алдыруда. Нәтижесінде еріншектіктің кесірінен мал шашудан да алдарына жан салар емес. Сондықтан, баршамыз өзіміздің туыстарымыздың немесе достарымыздың үнемі құмар ойын ойнап жүргенін, оған көп уақыт пен ақша жұмсайтынын байқасақ, дереу дабыл қағуымыз керек. Өйткені, дер кезінде бұл дерттің алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтетінін ұмытпағанымыз абзал.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар