«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа әдіспен алғашқы ота жасалды

Жаңа әдіспен алғашқы ота жасалды
Ашық дереккөз
Облыстық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімінде бауыр патологиясын емдеуге арналған жаңа әдіспен алғаш рет ота жасалды. Бұл аз инвазивті ота. Яғни, аз қан кетіп, жылдам жазылуға, тезірек қалпына келуге көмектеседі. Бұл заманауи әдістің ерекшелігі бауырдағы қан кетуді арнайы медициналық технологиялардың көмегімен тоқтатуға мүмкіндік береді.

Жаңа әдіспен жасалған алғашқы ота 1947 жылы туған А. есімді науқасты емдеуге қолданылды. Ол ауруханаға іштің қатты ауыруы және оң қабырға астындағы ауырсынуға шағымданып, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Бірден арнайы аппараттармен науқастың жағдайы тексерілді. Магниттік-резонанстық томография (МРТ) және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы оның бауырынан қан кетіп жатқан гемангиома, яғни ісік анықталады. Науқасқа шұғыл түрде қан кетіп жатқан тамырға эмболизация жасау арқылы ота жасалды.

Бұрын мұндай оталар тек үлкен тіліктер, яғни лапаротомия арқылы жалпы жансыздандыру әдісімен жасалатын. Әдетте, хирургтар науқастың ішін ашып, қан кетіп жатқан тамырларды күйдіру (коагуляция) әдісін қолданатын. Бірақ, ол әдіс науқастар үшін өте ауыр және травматикалық жарақат болып саналады. Ал, жаңа әдіспен жасалған отамен жамбас аймағына кішкентай тесік жасалып, сол арқылы қан тамырына жіңішке табиғи қосылыстарды қосуға арналған қуыс түтік түріндегі медициналық құрылғы енгізіледі. Ол арқылы бауырдағы тамырға арнайы қоспа жіберіліп, қан ағымы тоқтатылады.

Осындай заманауи әдіс қолданылып ота жасалғаннан кейін пациенттің жағдайы бүгінде жақсарып келеді. Әрине, отадан соң жүргізілетін күтім өз ретімен жүзеге асырылып та жатыр.

Бұл әдісті аймақта алғаш рет облыстың бас хирургі Жандос Сейдахметов қолданғанын айта кету керек. Алғашқыда жақсы нәтиже берген мұндай оталар алдағы уақытта да облыстық көпбейінді ауруханада тұрақты түрде жасалатын болады дейді мұндағы дәрігерлер. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауының арқасында бұл операциялар науқастарға тегін әрі қолжетімді болмақ.

Оң нәтижесін берген осы ем-шараның өзі отандық медицина дамып келе жатқанын байқатады. Адам өмірін ажалдан арашалап, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында медицина саласының мамандары да үнемі ізденіс үстінде жүретінін көрсетеді.

Дәл осы ота жасалған бауыр қорғаныш қызметін де атқаратындығымен адам өмірі үшін өте маңызды рөлге ие. Анығырақ айтсақ, тамақ құрамында болып, ішекте сіңірілген зиянды заттар мен белок алмасуының нәтижесінде түзілетін қанның құрамындағы улы өнімдер бауырда залалсыздандырылады. Бауырдың лимфа түзілудегі, қан ұюын реттеудегі және қанның тұрақты құрамын сақтаудағы маңызы өте зор.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар