«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Медициналық қызметтер сапалы әрі қолжетімді болуы қажет»

«Медициналық қызметтер сапалы әрі қолжетімді болуы қажет»
Ашық дереккөз
Денсаулық адамзат үшін басты байлық болғандықтан да медицина саласына билік барынша көңіл бөліп келеді. Бүгінде елімізде жаңадан салынып жатқан медициналық мекемелер де, олардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы да жүргізіліп жатыр. Алайда, ел ішінде медициналық қызметке деген сыни пікірлер әлі де айтылады. Дәрігер жетіспеушілігі де өзекті. Облысымызға арнайы іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ауылдық аймақтардағы медициналық мекемелердің жағдайымен танысып, ондағы қызметкерлермен жүздесті. Осы сәтті пайдаланып, медицина саласына биылдан бастап енгізілген жаңалықтар туралы және басқа да денсаулық сақтау ісіндегі мәселелер жөнінде сұхбаттастық.

– Гүлдара Алданышқызы, облысымыздағы ауылдарды аралап, ондағы медициналық мекемелердің жай-күйімен танысып, тұрғындармен кездесуден ауылдардағы медициналық қызметтің қандай деңгейде екенін байқадыңыз?

– Жаңа жылдан бастап депутаттардың өңірлердегі халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесу кестесі бекітілді. Халық қалаулысы ретінде еліміздің шалғай ауылдарын жиі аралап, жергілікті жерлерде медициналық және басқа ұйымдардың жағдайымен танысып, саладағы және аймақтағы проблемалар мен қиындықтарды кездесулерде ұжымдармен бірге ортаға салып талқылап, пікір алысамыз. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлуде, соның барлығы осы бағытта ауқымды реформаларды жүзеге асырып, халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін арттырудың қамы. Оның ішінде ауылдық жерлердегі жағдайды жақсарту және заманауи технологияларды енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр. Өңірлердегі медициналық ұйымдарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып, ұжыммен кездесу барысында өте жақсы әсер алдым. Егер бұрын ауылдық денсаулық сақтау мекемелері, әсіресе амбулаториялар, ФАП-тар жақсы жылытылмаған, су құбыры жоқ, бейімделген, ескі, апатты ғимараттарда болса, қазір ауылдық жерлерде жаңа, барлық талаптарға сай амбулаториялар мен фельдшерлік, медициналық пункттер ашылып жатыр. Оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жандануда. Бұл әсіресе шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізуде. Ауыл тұрғындары медициналық көмекті жарық, кең, жылы заманауи ғимараттарда қабылдайды. Бұл жағдай мені өз өңірім үшін депутат ретінде қуантады. Әрине, проблемалар бар, бұл – ең алдымен медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, егер орта медицина қызметкерлерінің проблемасы шешілсе, онда дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету өткір болып қала береді. Бұл мәселе жан-жақты қаралып, тиісті заңдар қабылданып жатыр. Соның бәрі бұл сұрақтың оң шешілуіне бір септігін тигізетін болады деп үміттенеміз.

– Аудан аумағындағы кездесулеріңізде биыл дәрігерлерді қорғауға және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған жаңа заң жобасы күшіне енгенін айттыңыз, осыған толығырақ тоқталсаңыз. Дәрігерлер үшін нақты нендей мүмкіндіктер жүзеге асырылады және бұл заңда орта, кіші медицина қызметкерлерінің де мүддесі қаралған ба?

– Өткен 2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң Қазақстан Республикасы Президентінің заңдық және қаржылық қорғау жүйесін енгізу және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын және басқа да бірқатар мәселелерді іске асыруға бағытталған. Заңмен медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі, медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған түзетулер қабылданды. Атап айтсақ, ауылдық жерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтағы медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем жүзеге асырылатын болады. Клиникалық хаттамаларды міндетті түрде қолдану алынып тасталады, медициналық көмек көрсету кезінде медицина қызметкерлеріне пациенттің жеке ерекшеліктеріне байланысты емдеудің ең жақсы тәсілдерін таңдау мүмкіндігі беріледі. Медицина қызметкерлерінің балалары тұрғылықты жері бойынша балабақшаларға қабылдануға басым құқыққа ие болады. Артық есептілік пен ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган енді медицина қызметкерлерінің толтыруы үшін міндетті құжаттаманың тізбесін бекітетін болады. Заңсыз араласудан және кәсіптік қызметке кедергі келтіруден қорғау, мамандыққа құрметпен қарау, медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, қызметтік міндеттерін орындау нәтижесінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған медициналық қызметкерлердің балаларын ЖОО-на конкурстан тыс қабылдау ұсынылады. 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалады. Сондай-ақ, «Мамандығының үздігі» республикалық байқауы енгізілуде, жеңімпаздар 500 АЕК мөлшерінде сыйыақы алады.

– Медицина саласында биыл тағы қандай өзгерістер орын алады?

– Жоғарыда аталған Занңың аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі қабылданды. Әрбір медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады. Сақтандыру жарналарының мөлшері тәуекел класына және медицина қызметкерлерінің штат санына байланысты есептеледі. Дауларды сотқа дейін реттеу тетігі енгізіледі. Яғни, пациенттердің өтініштерін тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайтын болады. Оның қорытындысы негізінде сақтандыру төлемі жүзеге асырылады, бірақ бұл ретте пациенттің ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа жүгіну құқығы сақталады.

– Пилоттық режимде жүзеге асырылған «Бір күндік клиника» жобасы биыл еліміздің барлық өңіріне таратылмақ. Бұл қандай қажеттіліктен туған және ол қалай атқарылады?

– «Бір күндік клиника» – қазіргі таңда өте қажет жоба. Бұл жобаны енгізудегі мақсат генетикалық, хромосомалық және анатомиялық бұзылулармен емделмейтін және түзетілмейтін ауыр өлімге әкелетін балалардың туылуын болдырмау үшін хромосомалық патологияны ерте анықтау және диагностикалау болып табылады. Аталған жоба пилоттық тәртіпте ұсынылған, тәуекелдерді бағалаудан бастап дәл генетикалық диагнозға дейін бір күнде анықтауды көздейді. Қазіргі жағдайда бұл тексерулер апталап созылуы мүмкін, соның салдарынан медициналық көмек кешігіп көрсетіліп, теріс нәтижелерге ие болатынбыз.

«Бір күндік клиника» жобасын атқару барысында мынадай жұмыстар атқарылады. Жүкті әйелдерді тексеру үшін «Ұрықты қорғау орталығына» жіберіледі, заманауи жабдықта ұрықтың ультрадыбыстық зерттеуі өтеді. Иммунохимиялық анализатордағы зертханалық диагностика өткізіліп және тәуекелдерді есептейді. Нәтижелерді талқылау және медициналық генетиктің кеңесі өткізіледі. Ұрықтың хромосомалық жиынтығын бағалу үшін инвазивті перинаталды диагностика жүргізіледі. Жоғары деңгейдегі мамандардан құралған көпсалалы топтың шешімі қабылданады, жүктілікті сақтау немесе басқа шаралар қабылдау қарастырылады.

Бұл жобадан әрине оң нәтиже күтеміз. Бұл перинаталдық және нәрестелік өлім-жітім деңгейінің төмендеуіне, туабіткен даму ақауларының, тұқым қуалайтын аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын балалардың туылуына жол бермеуге, туабіткен тұқым қуалайтын аурулардан және туабіткен даму ақауларынан балалардың мүгедектік деңгейін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

– Ел ішіндегі жағдайды жақсартып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін қандай жаңалықтар енгізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылса да медициналық қызметке халық тарапынан айтылатын сын азаймай тұр. Өзіңіз де елдің мұңын жоғарғы билікке жеткізетін халық қалаулысысыз. Отандық медицинаны дамыту үшін не қажет, ақ халатты антпен киген мамандарымыз қандай қағиданы ұстану керек деп ойлайсыз?

– Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау саласында шешілуі керек көптеген мәселелер бар. Өзекті мәселелердің бірі ол – денсаулық сақтау саласын қаржыландыру. Мен денсаулық сақтау ұйымдарын үнемі жеткіліксіз және уақтылы қаржыландырмау туралы мәселені бірнеше рет көтердім. Аудит нәтижесінде бүгінгі күні медициналық қызметтерге бөлінетін қаражат қаржыландырудың онсыз да жеткіліксіз көлемі кезінде тиімсіз және орынсыз бөлінетіні анықталды. Атап айтқанда, бюджеттің көп бөлігі қымбат операциялар мен емдеуге жұмсалады, ал алғашқы медициналық көмек пен профилактиканы қаржыландыру жеткіліксіз болып қалады. Бұл негізгі медициналық қызметтер мен қымбат ем-шаралардың қол жетімділігін қамтамасыз етудегі тепе-теңдікті бұзады. Барлығы медициналық-санитарлық алғашқы көмек денсаулық сақтаудың негізі екенін түсінеді, ол басымдыққа ие болуы керек. Денсаулық сақтауда көп нәрсе медициналық-санитарлық алғашқы көмектің сапалы және тиімді жұмысына байланысты, бұл – азаматтардың денсаулығына жүйелі деңгейде қамқорлық жасау, аурудың өршуі мен асқынған жағдайларының алдын алу, жедел жәрдем қызметіне шамадан тыс жүктеме артпау және басқа да осы секілді маңызды мәселелерді қамтиды. Бірақ, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйелі түрде қаржыландырылмағандықтан қалыпты жұмыс істей алмайды. Демек, пациенттердің шағымдары мен наразылықтары бастапқы кезеңде уақтылы және сапалы медициналық қызметтерді ала алмаған кезде пайда болады.

Келесі мәселені Президенттің өзі айтып өтті, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгерту қажет ететінін, ол өзінің басты мақсатын орындамайтынын айтты. Медициналық қызметтер қолжетімді, сапалы болу керек, ал қазіргі таңда бірқатар медициналық қызметтер халыққа қолжетімді емес. Өңірлерді аралап, халықпен кездесіп жүргенде соған куә болдым, халықта және медициналық кызметкерлерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүмысына көп шағым айтады.

Тағы бір өзекті мәселе – цифрландыру. Цифрландыру – денсаулық саласының көп уақыт шешілмейтін мәселесіне айналып кеткен. Бұл туралы көп айтылады, бірақ мерзімі үнемі созылып орындалмай жатыр, бұл сұрақты да үнемі бақылау керек.

Жоғарыда айтып кеткен мәселелерді ескере отырып, денсаулық сақтау саласын дамыту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгерту қажет, медициналық қызметтер қолжетімді әрі сапалы болу керек. Цифрландыру мәселесін тез арада шешу қажет және медициналық ұйымдарды уақытылы және жеткілікті қаржыландыру керек. Бұл ұйымның материалдық-техникалық базасын жақсартуға, заманауи жабдықтармен және техникамен жақсы жабдықтауға, қызметтердің жаңа түрлерін, емдеу және диагностика әдістерін енгізуге, білікті персоналға, қалада және ауылда кадрлармен қамтамасыз етуге жеткізеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар