Абай Сағынтайұлы Тараз қаласындағы теміржол училищесін көмекші машинист мамандығы бойынша бітіріп, әуелі бір жылдай слесарь болып, онан соң көмекші машинист болып жұмысқа қабылданады. Осы жұмысты 18 жыл бойы жауапты атқарып, тындырымды маман ретінде көзге түсті. Содан 6 айлық курсқа жіберіліп, машинист мамандығын жетік меңгерген соң, 2007 жылдан бастап машинист мамандығына кіріседі. Абай Сағынтайұлы содан бері 18 жыл бойы Шу – Шығанақ – Отар – Сарышаған бағытына жүк пойызын жүргізіп жүр. Біз жұмыс барысын сезіне түсу үшін жөндеу бөлігінде тоқтап тұрған электровоздың машинист кабинасына кіріп көрдік. Сол сәттегі әсеріміз де бөлек болды. Машинист Абай Құрамаевтан осынау ерекше мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы сұрадық.
Ол: «Ешқандай жұмыстың жеңілі жоқ. Ал, машинист болу екі есе жауапкершілік. Шу – Сарышаған арасы пойызбен 260 шақырымды құрайды. Сол аралықты 8 сағатта жүріп өтеміз. Төрт сағат демалып, қайтадан кері қайтамыз. Онан соң 16 сағат демалыс алып, рейске қайта шығамыз. Аптасына 48 сағаттық демалысымыз бар. Жұмыс кезінде пойыздан ақау болдырмауға, жүкті уақтылы жеткізуге күш саламыз. Болат жолдың бойында тоқтаусыз жүру жеңіл емес. Соған сай жалақымыз бар. Айлығымыз 500-600 мың теңге көлемінде. Мен жалпы жүз жылдан астам еңбек өтілі бар теміржолшылар әулетінің өкілімін. Ата жолын жалғап жүргеніме көңілім толады», – дейді.
Өзінің теміржол саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесімен бөліскен еңбек ардагері жастарды да еңбекқор болуға шақырады.
Машинист Абай Сағынтайұлының көргені де, көңілге түйгені де көп. Әкесі Сағынтай Құрамаев та 37 жыл машинист болған екен. Жолаушылар пойызын жүргізген. Ағасы Қайрат Сағынтайұлы да 33 жылдан бері машинист.
Төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған Абай Құрамаев өз мамандығын мақтан етеді.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




