«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көкөніс баптап, көл-көсір табысқа кенелген

Көкөніс баптап, көл-көсір табысқа кенелген
Ашық дереккөз
Қосбөлтек ауылында өзін- өзі жұмыспен қамтып отырған жанның бірі – Нұржан Нұрпейісов. Ол әкесі Сағымбек құрған шаруа қожалығында жұмыс істейді. Егін салады, көкөніс баптайды, картоп өсіреді, мал бордақылайды.

– Еңбекке ерте араластым. Ата- анам «Больщевик» колхозында ұзақ жыл қойшы болды. Құрамада қыстақта отырып қой да бақтым. Үйдің кенжесі болғандықтан ата- анамның кәсібін ерте мойыныма алып, соны жүргізіп келемін. Биылғы жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бұл Президенттің бастамасын мал баққан, егін салған, көкөніс баптаған адам ретінде қуана қолдаймын. Мен сияқты ауыл шаруашылығын көтеріп жүрген жұмысшы мамандар ауылда аз емес. Табысымызды да, нанымызды да жерден тауып, соған тер төгіп, еңбектеніп жүрміз. Қажет болса, жүкші де, тракторшы да, малшы да болып кетеміз, – дейді Нұржан Сағымбекұлы.

«Сағымбек» шаруа қожалығының бастапқыда егістік жері 30 гектар болса, бүгінде оның көлемі 50 гектарға жеткен. Негізінен қожалық егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Егістікке арпа-бидай сепсе, суармалы алқаптарға картоп пен қырыққабат орналастырады. Бақша да салады. Көп шаруалар картоп шығынын жабу үшін алқап басынан алыпсатарларға төмен бағада беруге мәжбүр. «Картоптың шығыны көп. Жиын-терін кезінде де адам жалдауға тура келеді. Мәселен, жиын-терін кезінде алқап басынан картоптың бір килограмын 95 теңгеден өткереміз. Артынша алыпсатарлардың қолына түскен картоптың бағасы екі өсеге өсіп кетеді. Қазір базарда картоп бағасы 195 пен 250 теңгенің көлемінде. Осы да біздің еңбегіміздің алға басуына кедергі болуда», – дейді ол. Нұржан картоп және көкөніс алқаптарын Шалқар Керимов екеуі 5-6 рет суарғанын айтты. Ақсай каналынан түсетін су осындағы шаруаларға толығымен жеткен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, бұл Көкбастау ауылдық округінде ағын су мәселесі өз шешімін тапқан. «Ақсай каналының суы ауыл тұрғындарына жетіп тұр. Бұдан бөлек, Көктөбе ауылында екі су тоғанын кәдеге жаратқалы тұрмыз. Оның бірінде 111 мың, екіншісінде 60 мың текшеметр су жиналады. Ол осындағы картоп пен көкөніс өсірушілерге толық жетеді», – дейді ол.

Бір атап өтерлігі, Нұржан баптаған қырыққабат алқабынан да өткен жылы жақсы өнім жиналыпты. Ондағы өнімділік гект арына шаққанда 70 центнерден айналған. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Нұржанның айтуынша, бағасы да алғашында жақсы болыпты. Яғни, килограммы алғаш 110 теңгеден өткерілген. Соңына қарай қырыққабаттың көбеюіне байланысты 45-50 теңгеге түсіп кеткен.

Шаруашылық картоп және қырыққабат жинауға 35 маусымдық жұмысшыны тартқан. Əр терімшіге күнделікті қолына 4 мың теңге беріп отырған. Бұдан бөлек, жұмыс күнінің соңында бір-бір шелек картоп алуларына рұқсат етілген. Осы топтың жетекшісі Майра Рахманованың айтуынша, терімшілер таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істейді екен. «Жұмыс істеймін деген адамға қазір жұмыс көп. «Үйде қарап отырғанда не істейміз, оданда бір- екі апта жұмыс істеп қыстық пияз, картоп пен сәбізімізді табайық әрі еңбек ақымызды аламыз» деп шығатын қыз-келіншектер көп ауылда. Он жылдан бері осындай топ құрып, жұмыс істеп келеміз. Жұмыс жыл бойы жалғасады. Қатарымыз жиын-терін кезінде ғана артады, қалған уақытта белгілі жұмысшыларымыз қоймаларда картоп сұрыптауға, көктемде көшет отырғызуға, жазда арам шөп жұлуға шығады. Қыс айларында да жұмыс болмай тұрмайды, ондай кезде де қожалықтардың шаруасын тындырып береміз», – дейді бригада жетекшісі.

Қожалық заман талабына сай тамшылатып суғару технологиясын да енгізуді жо спарлап отыр. Нұржан Сағымбекұлы қожалықта егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын да қоса дамып келе жатқанын айтты. Бүгінде қора- жайында бірнеше мүйізді ірі қара мен жылқы бордақылануда екен.

– Өткен жылы шаруашылыққа «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы отандық «Белорус-82» тракторын лизинг жүйесімен алдық. Оның 30 пайыз субсидиясы бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ субсидияны тездетіп төлеп берсе, үлкен көмек болар еді. Алдағы уақытта қосымша керекті агрегаттар, оның ішінде, шөптайлағыш тіркемесін алуды жоспарлап отырмыз», – дейді Нұржан Сағымбекұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар