«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бар ізгілік балалар әдебиетінен басталады

Бар ізгілік балалар әдебиетінен басталады
Ашық дереккөз
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» жобасы аясында қазақ балалар әдебиетінің дамуына өз шығармаларымен қомақты үлес қосқан балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына орай «Балалар әдебиетінің жарық жұлдызы» атты тақырыпта әдеби кеш ұйымдастырылды.

Оған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлы мен балалар жазушысы, «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлы, Тараз қаласындағы №39 және №66 орта мектептің 8-сынып оқушылары мен кітапханашылары қатысты.

Кешті журналист, Ақпарат саласының үздігі, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Ерман Әбдиев ашып, жазушының өмір жолымен таныстырып өтті. Белгілі балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев 1925 жылы Қордай ауданының Шарбақты колхозында дүниеге келген. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, майдан шебінде ерлік көрсетті. Әскер қатарынан 1948 жылы босатылған ол алғаш Қордай аудандық «Красногоршы» газетінде еңбек жолын тілші болып бастады. Іле Алматы қаласындағы «Қазақстан пионері» газетіне жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісінен бас редактор дәрежесіне дейін жоғарылады. Одан кейін де республикалық «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналында еңбек етті. Алғашқы «Сын» атты әңгімесі 1949 жылы өзі қызмет істейтін республикалық «Пионер» журналында жарық көрді. Осы шағын әңгімесінде ол батыр ағасына еліктеген жас пионер арқылы шындықты сүюді, адал болуды жазды. Алғашқы қаламын пионерді суреттеуден бастаған жазушы мұнан кейін республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Пионер» журналының беттерінен жиі-жиі көріне бастады. 1953 жылы Сансызбай Сарғасқаевтың «Достар» деген әңгімелер жинағы шықты. Одан кейін де оның балаларға арналған жинақтары жарық көрді. Олардың қатарында бүгінгі күні оқырманға жақсы таныс «Тәмпіш қара», «Жұмбақ қыз» кітаптары да бар.

Көсемәлі Сәттібайұлы сөз кезегінде жазушының балаларға арналған шығармаларының тілінің шұрайлы, жеңіл оқылатынын айтып, Сансызбай Сарғасқаев шығармасын талдамас бұрын оны кітаптан сүйсіне оқыған қызықтырақ екенін жеткізді. Сөйтіп, Кеңес өкіметі тұсында ауыл балаларының өмірін өз шығармаларына өзек еткен автордың шығармаларын облыс көлемінде насихаттау қажеттігін айтты.

«Биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты бастамасы аясында осы автордың кітаптарын оқуға шақырамын. Өйткені, тіл білімін дамыту, шешендік өнерді арттыру, мұның бәрін біз кітаптан ғана аламыз», – деді жазушы.

Ал, кеш қонағы Меңдібай Әбілұлы автордың шығармаларымен бала күннен таныс екенін айтып, автордың «Тәмпіш қара», «Жұмбақ қыз» және басқа да кітаптарына енген әңгімелерін алғаш «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналынан оқығанын жеткізді. Сөйтіп ол шығармаларындағы оқиға желісімен бөлісті. Марат Құлибайұлы жазушы шығармаларында жас жеткіншектерді адамгершілікке, шыншылдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеудің сырлары шебер суреттелгенін сөз етті.

Кеш барысында оқушылар қаламгерлерге сұрақтар қойып, пікір алмасты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар