Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысының ұлттың сапасын жақсартудағы бастамалары жүзеге асыруға ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осы орайда елімізде көшпенділердің ұлттық спорттық бәсекесі өтті.
Міне, соның барлығына сіз бен біз куә болдық. Хал-қадірімізше еліміздің абыройын арттыру үшін үлес қостық. Әсіресе, ардагерлер елдің бірлігін сақтау, халықтық тәрбиені жаңғырту жолында аянған жоқ. Алқабилер кеңестері ел ішінде кездесетін дау-дамайлардың алдын алып, оны сотқа жеткізбей шешуде аянбады. Соның нәтижесінде Талас аудандық билер кеңесі өткен жылы 180-ге тарта дау- шарды шешті. Соңғы жылдары қоғамымызға дендеп енген бес түрлі кесапатқа қарсы күрес туралы Парламентіміз заңдарға толықтырулар енгізгеннен кейін құқық қорғау органдарымен бірігіп жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Зорлық-зомбылыққа, вандализмге, буллингке, лудоманияға қарсы іс-шараларға қатысып, білгенімізді айттық. Бұқаралық ақпарат құралдарында мәселені көтердік. Оқу орындарында оқушылармен, студенттермен кездесулер өткіздік.
Әрине, қандай мәселе болмасын бірді-екілі кездесулермен шешіле салмайтынын түсінеміз. Қордаланған мәселелерді шешу үшін ел болып күресу керек. Сондықтан, атқарушы биліктің қоғамдасып жұмыс істеуді қолға алып жатқанына қуанып отырмыз. Өйткені, әр адамның жүрегіне жетпей, заң мен тәртіп үстемдік етпей, ойлаған жұмысымыздың оңға баспайтыны анық.
Біз облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей басшылығымен ұлтымыздың ұпайын түгендейтін ірі бастамаларын қолдаймыз.
Облыс басшысының айрықша бастамасының бірі – жобасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» Жасыратын несі бар, орта жастағы буындар, жасөспірімдер ұялы телефонға жармасып, кітап оқуды мүлдем қойды десе де болады. Шет ел классиктерінің шығармаларын айтпағанда, әжелеріміз, аналарымыз ертегі айтуды қойып, бесік жырларын ұмытты. Осыдан 90 жыл бұрын қазақтың ұлы перзенттерінің бірі – Б.Момышұлы бесік жырын айтпаған аналардан қорқамын деп жазып, көрегендігін көрсетті. Бесік жыры – тәрбиенің тамыры, ұлттың уызы. Ертегілеріміз елін сүюдің жолашары. Бірақ, оны түсінбейтін ұрпақ пайда болды. Арзан әңгіме, қу сөз сәнге айналғандай. Бірең-сараңы Абайды, Мұхтарды, Мағжанды, Ілиясты, Шәкәрімді, Бейімбетті еміс- еміс білгенімен қазіргі заманның классик ақын- жазушыларын біле бермейді. Өйткені, оларды насихаттайтын орта жоқ.
Оның себебінің бірі – жаңадан шығып жатқан кітаптарды насихаттау өте төменгі дәрежеде. Әйтпесе, шет ел тілінен аударылып жатқан жауһар дүниелер, қазақтың қазынасына айналған классикалық кітаптар жетерлік. Бірақ оған қызығушылық жоқ. Содан барып ойлаймын, бұған да бір тәртіп, ереже, заң керек-ау деп. Жапон елінде әр адам жылына кемі 200-300 кітап оқысын деген талап бар екен. АҚШ-та, Англияда, Франция кітапханаларында адам кезегі үзілмейтін көрінеді. Олай болса, біздің зиялыларымыз, атқамінерлеріміз, кәсіпкерлеріміз қу дүниені қуа бермей, кітап оқуға ұмтылса қайтеді деп ойлаймын. Ел басқарған ағаларымыз қарамағындағыларына кітап оқыңдар деп, өзі бастап үлгі көрсетсе қане. Кешегі кеңес өкіметі кезінде аудан басшылары апта сайын өткізілетін лездемелерде қарамағындағыларға қандай кітап оқыдың, қандай кино көрдің деп сұрап отыратын. Талап болған соң жаппай оқып, олар отбасыларынан да соны талап ететін. Оның несі қиын? Егер біз білімді болғымыз келсе, егер біз өркениет көшіне ілескіміз келсе, онда әңгімені кітап оқудан бастау керек. Ал, оны қадағалап отыру басшы мен қосшыға сын. Айталық, құр ақылға құралған емес, кәсіптің неше түрін үйрететін ақылды кітаптарды оқиық. Жаман әдеттен жирендіретін кітаптарды оқып, санамызға сіңірейік. Арзан күлкіге алданбайық.
Қай нәрсені қолға алсақ та орта жолда қалдырмай, соңына дейін жетейік. Ол үшін қаламгерлеріміз осы заманға лайықты шығармалар жазсын, елдің жүрегіне жол тапсын. Ақылшысына айналсын. Ондай жағдайда кітаптың оқылмай қалуы мүмкін емес. Әлемнің тәжірибесі солай деп отыр.
Тек кітап қана емес газет, журнал оқиық. Кітап оқырмандарының конференцияларын өткізуді, солар арқылы кітапты насихаттауды бүгіннен бастап қолға алайық. Біз уақыт жоғалтып алдық. Рухани азығымыздан айырылсақ, ұлтымыздың қадір-қасиетінен айырылатынымызды есімізден шығармайық.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді